Бұл мәселе Таяу Шығыстағы соңғы шиеленіс кезінде Дубайдағы Fairmont The Palm тұрғын үй кешені маңына зымыран құлап, өрт шыққаннан кейін қайтадан қызу талқылана бастады. Әлеуметтік желілерде сол ауданда ел азаматтарының қымбат пәтерлері болуы мүмкін деген пікірлер тарады.
Журналистік зерттеулерге сүйенсек, аталған тұрғын үй кешеніндегі 97 пәтер Қазақстан азаматтарына тиесілі болуы ықтимал. Олардың арасында бұрынғы ықпалды шенеуніктердің туыстары мен жақындары болуы мүмкін деген болжам да айтылып жүр.
Мәжіліс кулуарында сөйлеген Ерлан Саиров бұл жағдайға құқықтық баға берілуі қажет деп санайтынын жеткізді.
«Мен Бас прокуратураның атына хат жолдармын. Олар бұл мәселеге құқықтық тұрғыдан баға берсін. Ал моральдық тұрғыдан қарасақ, бұл дұрыс емес. Бұл тіпті халыққа қатысты антигумандық әрекет», деді депутат.
Депутаттың пікірінше, егер мемлекеттік қызметте болған адамдардың немесе олардың жақындарының шетелде қымбат мүлік иеленгені анықталса, оның заңдылығы мен қаржы көздері мұқият тексерілуі керек. Сарапшылардың айтуынша, мұндай мәселелер қоғамдағы әділеттілік пен ашықтық талаптарын күшейту тұрғысынан да маңызды.