Жасанды интеллект • Бүгін, 08:35

ЖИ-ді оқу жүйесіне енгізу жеделдейді

10 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«OpenAI for Countries» жаһандық бағдарламасы аясында «Edu for Countries» бастамасының алғашқы халықаралық легі іске қосылды. Бағдарламаға қатысушы елдердің алғашқы құрамына Қазақстан, Эстония, Сингапур, Біріккен Араб Әмірліктері, Иордания, Грекия енді. Бұл отандық білім жүйесіне не береді?

ЖИ-ді оқу жүйесіне енгізу жеделдейді

Ғылым және жоғары білім министрлігінің таратқан ақ­па­ратына сүйенсек, еліміздің бұл бастамаға қосылуы жасанды интеллектінің «ChatGPT Edu» деп аталатын білім беруге арналған арнайы нұсқасын ұлттық білім саласына жүйелі түрде енгізудің басталғанын білдіре­ді. Қазақстан аталған халықара­лық бағдарламаға қатыс­­қан Орталық Азиядағы алғаш­қы мемлекет атанып отыр. «Edu for Countries» бағдарламасына қатысу еліміздің білім саясаты үшін стратегиялық маңызға ие. Жасанды интеллектінің оқыту үдерісіне ықпалы жөніндегі жаһандық пікірталаста Қазақ­стан жасанды интеллект педагог­ті алмастырмайтынын, кері­сін­ше оның кәсіби мүмкіндігін күшейтетінін басшылыққа алады. Осы ретте «ChatGPT Edu» жүйесін қолдану педагогтердің әкімшілік және әдістемелік жүктемесін азайтуға, сондай-ақ сапалы әрі жекелендірілген оқытуға қолайлы жағдай жасау­ға бағытталған.

Жоба былтыр қараша айында Мемлекет басшысының АҚШ-қа жасаған ресми сапары барысында қол қойылған ынтымақтастық туралы меморандум аясындағы келісімдер негізінде іске асады. Негізгі келісім «OpenAI, Inc.», «Freedom Holding Corp.» және өңірлік серіктес «Bilim Group» арасында жасалды. Жоба мемлекеттік бюджет немесе сыртқы гранттар тартылмай, жеке қаражат есебінен жүргізілмек.

Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев еліміздің «Edu for Countries» бағдарламасының алғашқы халықаралық легіне қосылуы Жасанды интеллект және цифрландыру жылымен тұспа-тұс келіп, бұл біздің жасанды интеллектіні негізгі салаларға жүйелі түрде енгізуге бағытталған ұстанымымызды көрсететінін айтады.

Ал Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек: «Біз OpenAI» компания­­сымен әріптестікті болашақ білім беру моделінің негізін қалайтын бірегей жоба ретінде қарастырамыз, ал «ChatGPT Edu»-ді оқытушы мен зерттеушінің мүмкіндіктерін алмастырмайтын, керісінше кеңейтетін кешенді шешім деп білеміз. Жасанды интеллект – адамды алмастыратын құрал емес, сыни ойлау мен оны қолдану мәдениеті қалыптасқан жағдайда ойлау қабілетін күшейтетін құрал. Білім мен ғылым саласында ЖИ оқу материалдарын әзірлеуді жеделдетуге, студенттермен кері байланыстың сапасын арттыруға және зерттеу жұмыстары үшін жаңа мүмкіндіктер ашуға жол ашады», деді.

«ChatGPT Edu» педагогтерге оқу материалдарын, тапсырмалар мен тесттерді дайындауға, контентті білім алушылардың деңгейіне бейімдеуге, сондай-ақ қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде оқу материалдарын әзірлеуге жағдай жасайды. Жұмыстарды тексеру барысында жүйе бағалау критерийлерін қалыптастыруға және кері байланыс әзірлеуге қолданылуы мүмкін, алайда бағалауға қатысты барлық шешім толықтай оқытушының құзыретінде қалады.

Осыған қатысты Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова жасанды интеллектіні білім жүйесіне енгізуді педагогтердің рөлін күшейтуге бағытталған стратегиялық қадам ретінде қарастыратынын жеткізді.

«Жасанды интеллект педагогке тән емес бірқатар міндетті өз мойнына алып, оның сенімді көмекшісіне айналады. «ChatGPT Edu» секілді құралдар педагогтердің зияткерлік серіктесіне айналып, олардың мүмкіндіктерін кеңейтеді. Сондай-ақ әр білім алушыға жеке тәсілді күшейтеді. ЖИ – дайын жауаптардың көзі емес, ойлау, жауапкершілік және цифрлық мәдениетті дамытуға арналған ресурс. Ол әртүрлі дайындық деңгейіндегі оқушыларға арналған сараланған оқу материалын жедел әзірлеуге, кері байланыстың тиімділігін арттыруға және білім алушылардың заманауи технологиялармен жұмыс істеу дағдыларын қалыптастыруға көмектеседі», деді ол.

Осы қаңтар айынан «OpenAI» мамандарымен бірлесіп, «ChatGPT Edu» жүйесін білім беру, әкімшілік және ғылыми зерттеу қызметінде практикалық тұрғыда қолдану бойынша пайдаланушыларды тұрақты оқытуды ұйымдастыру басталды. Бұл жасанды интеллектіні қолдануда бірыңғай тәсілдерді қалыптастырып, педагогтердің цифрлық әрі AI-сауаттылығын арттыруға мүмкіндік береді.

Соңғы жаңалықтар

15 мемлекет қатысады

Референдум • Бүгін, 09:10

Жастар – өзгерістің тың күші

Жастар • Бүгін, 08:53

Табыс неге азайды?

Экономика • Бүгін, 08:48