Ата заң • Бүгін, 14:48

Жаңа Конституция жобасы кемел қоғамның моделін ұсынады

20 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

2026 жылғы 15 наурызда жалпыхалықтық дауыс беруге шығарылатын жаңа Конституция жобасы – мемлекеттік құрылысты жай ғана құқықтық жаңарту емес. Мұнда бұдан да терең міндет тұр: қазіргі қоғамда мемлекет қалай жұмыс істеуі керек және бұл жүйеде адам мен азаматтың орны қандай болуы тиіс деген мәселені айқындау. Негізгі идея қарапайым – мемлекет азамат үшін қызмет етеді, яғни адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін.

Жаңа Конституция жобасы кемел қоғамның моделін ұсынады

Осы логикадан Конституцияның бүкіл архитектурасы туындайды. Жаңа модельдің өзегінде адамға бағдарланған тәсіл тұр. Мемлекеттің ең жоғары құндылықтары ретінде адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары тікелей аталады. Бұл саяси ұран емес, бүкіл құқықтық жүйенің бағытын айқындайтын заңды қағида. Заңдар, мемлекеттік органдардың шешімдері және саяси институттардың қызметі жеке тұлғаның мүддесімен және адам қадір-қасиетін қорғаумен үндесуі тиіс.

Алайда адам құндылығын мойындау нақты қорғау тетіктерімен қамтамасыз етілгенде ғана мәнге ие болады. Сондықтан жаңа Конституция тек қағидаттарды ғана емес, нақты құралдарды да белгілейді. Сот арқылы қорғану құқығы күшейтілуде және мемлекеттік органдардың заңсыз әрекеттерінен келтірілген зиянды өтеу міндеті мемлекетке толықтай жүктелуде. Азамат үшін бұл түсінікті жайт: егер оның құқықтары бұзылса, оларды қалпына келтірудің заңды жолдары бар. Құқықтық мемлекет дәл осы жерден – адамның өз құқығын қорғай алу мүмкіндігінен басталады.

Ғалымдар жаңа Конституцияға қолдау білдірді

Келесі логикалық қадам – ережелердің болжамдылығы. Құқықтар қанша мықты болғанымен, егер заң тұрақсыз болса, олардың мәні әлсірейді. Сондықтан азаматтардың жағдайын нашарлататын заңдардың кері күшіне тыйым салу ерекше маңызға ие. Ережелер өткенге қарай өзгермеуі тиіс. Бұл – қоғам мен мемлекет арасындағы сенімнің іргетасы. Адам мемлекет түсінікті әрі тұрақты нормалармен әрекет ететініне сенімді болуы керек. Мұндай сенімсіз экономикалық даму да, инвестиция да, ұзақ мерзімді стратегиялық жоспарлау да мүмкін емес.

Құқықтар қорғалып, ережелер тұрақты болған кезде, азаматтардың ел басқаруға қалай қатысатыны туралы сұрақ туындайды. Бұған демократиялық институттарды дамыту жауап береді. Жаңа Конституция демократияның бейберекеттік те, анархия да емес екенін айқындайды. Бұл жүйе – қоғам өз еркін құқықтық нысанда білдіретін рәсімдер мен кепілдіктер жүйесі. Халық биліктің қайнар көзі ғана емес, сонымен бірге егемендіктің иесі ретінде бекітіледі. Мемлекеттік органдар азаматтардың өкілеттік беруі негізінде және Конституциямен белгіленген қатаң шектерде әрекет етеді.

Бибігүл Жексенбай: Жаңа Конституция – Ұлттық құрылтайда басталған реформалардың логикалық жалғасы

Бұл жүйеде жалпыхалықтық референдум ерекше орын алады. Мемлекет басшысы жалпы алғанда халық пен ел үшін айрықша маңызы бар түйінді мәселелер референдум арқылы шешілуі тиіс екенін бірнеше рет атап өткен болатын. Референдум азаматтардың тікелей ерік білдіруін көрсетеді және олардың өмірлік маңызды шешімдерді қабылдауға қатысуын қамтамасыз етеді. Осы ұстанымның қисынды жалғасы – енді Конституцияға енгізілетін кез келген өзгерістер тек референдум арқылы жүзеге асырылуы тиіс деген бастама. Бұл ұсыныс Конституция жобасының 92-бабында көрініс тапты.

Осылайша, жалпыхалықтық референдум тікелей демократияның негізгі құралына айналады. Оның рәсімі шешімдердің орнықтылығы мен кең қолдауына бағытталған. Конституциялық өзгерістер сайлау құқығына ие азаматтардың нақты көпшілігінің келісімін талап етеді. Құқықтық құрылымның негіздерін қорғайтын қосымша конституциялық бақылау жұмыс істейді. Бұл қарапайым шындықты білдіреді: демократия эмоция арқылы емес, нақты ережелер арқылы жұмыс істейді.

Негізгі түйін айқын: демократиялық жүйенің тұрақтылығы құқықтық тәртіптің сапасымен айқындалады. Демократияның негізі – Конституция, ол құқықтар мен бостандықтарды жүзеге асырудың айқын әрі әділ қағидаларын белгілейді. Бұл қағидалар мүдделердің үйлесімділігі мен баршаға ортақ теңдікті қамтамасыз етіп, әрбір адамның құқықтарын өзге тұлғалардың құқықтары мен қоғамдық мүдделерді құрметтей отырып іске асыруға мүмкіндік береді. Дәл осындай құқықтық негіз қоғам мен мемлекеттің ортақ мүдделеріне сүйене отырып, демократияның тұрақтылығы мен саяси бағыттың келісімділігін қамтамасыз етеді.

Берік Асылов: «Заң мен тәртіп» қағидаты жаңа Конституция жобасында іргелі құндылыққа айналады

Осы тұста жауапкершілік мәселесі туындайды. Егер құқықтар қорғалып, институттар жұмыс істеп, ережелер түсінікті болса, азаматтың өзі қандай рөл атқарады? Бұған жауап – жасампаз патриотизм идеясы. Жаңа Конституция жобасы жауапты патриотизмді ілгерілетуді мемлекет қызметінің қағидаты ретінде бекітеді. Бұл – азаматтық кемелдік туралы ұғым. Нағыз патриот – заңды, өзге азаматтардың құқықтарын құрметтейтін және ел болашағының дамуына жауапкершілікпен қарайтын адам.

Жасампаз патриотизм құқықтар мен міндеттерді біріктіреді. Жауапкершіліксіз құқықтар мүдделер қақтығысына және құқықтық нигилизмге әкеледі. Құқықсыз жауапкершілік қысымға айналады. Жаңа Конституция жобасы азаматты мемлекеттің серіктесі ретінде қарастыратын теңгерімді ұсынады. Ол сырттай бақылаушы емес, құқықтық тәртіптің толыққанды қатысушысы. Дәл осындай модель қоғамдық сенімге сүйенетін орнықты демократияны қалыптастырады.

Сенім – абстрактты ұғым емес. Бұл – дамудың басты ресурсы. Азамат өз құқықтарының қорғалатынына сенімді болған жерде ол қоғамдық өмірге қатысуға, болашаққа инвестиция салуға және ұзақ мерзімді жоспар құруға дайын болады. Құқықтық мемлекет – адам өз құқықтарының қорғалғанын және ережелердің баршаға бірдей екенін түсінетін сенімділік кеңістігі.

Сондықтан жаңа Негізгі Заң арқылы Әділетті Қазақстан тұжырымдамасы нақты мазмұнға ие болады. Әділеттілік – заң алдындағы теңдік, сот төрелігіне қолжетімділік және адам қадір-қасиетін құрметтеу. Мемлекет білім мен ғылымды, адами капиталды дамытуды стратегиялық бағыт ретінде мойындайды. Бұл – тұлғаны дамыту арқылы ел болашағына салынған инвестиция.

Жаңа Конституция жобасы мемлекеттің құқық қорғау әлеуетін күшейтеді. Жеке тұлғаның қол сұғылмаушылығы кепілдендіріледі, процессуалдық кепілдіктер нығайтылады, дербес деректерді қорғау тетіктері кеңейтіледі. Заң көмегіне құқық әділетке қол жеткізудің әмбебап құралы ретінде қарастырылады. Цифрлық дәуір жағдайында мұндай кепілдіктердің маңызы ерекше.

Аида Балаева: Жаңа Конституция жобасында мемлекеттік саясаттың негізі адам және оның әлеуеті екені айқын көрсетілген

Осылайша, жаңа Конституция жобасы құқыққа құрмет мәдениеті қалыптасатын тиісті жағдайларды жасайды. Адам ережелер кеңістігінде өмір сүруді, еркіндік шегін және қоғамдық диалог құндылығын түсінуді үйренеді. Кемел қоғам қорқынышқа емес, құқықтық мәдениетке негізделеді.

Қорытындылай келе, күшті мемлекет құқықтық тәртіптің сапасымен айқындалады. Заң адам мүддесіне қызмет еткен жерде сенім пайда болады. Сенім бар жерде экономикалық өсім, әлеуметтік тұрақтылық және инновациялар мүмкін болады. Жасампаз патриотизм – мемлекеттілікті дамытуға қатысу, жауапкершілік пен құқыққа құрмет арқылы күнделікті өмір тәжірибесіне айналады.

Жаңа Конституция жобасы кемел қоғамның моделін ұсынады: мемлекет – адам үшін, демократия – институттар арқылы, еркіндік – заң арқылы, ал патриотизм – жауапкершілік арқылы жүзеге асады. Бұл – азамат пен мемлекет Әділетті, жасампаз әрі прогрессивті Қазақстанды бірлесе құратын бүгін мен болашақтың стратегиялық көрінісі. Басқаша айтқанда, бұл – еркіндік құқыққа сүйенетін, ал даму жауапкершілік пен азаматтардың белсенді қатысуына негізделетін Қазақстан. Жасампаздық – мемлекет пен қоғамның бірлескен еңбегі, ал прогресс – болжамды ережелер, әділ құқық қолдану және әрбір адамның құқығын қорғау.

Түптеп келгенде, еліміздің бүгіні мен болашағы өз қолымызда –жауапкершілік, мемлекетті дамытуға қатысу және құқыққа деген құрмет көрсету деңгейінде. Бұл – біздің ортақ тарихи миссиямыз: құқықтық мемлекетті нығайту және Әділетті Қазақстанды дамыту.

Конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшесі

Ерлан СӘРСЕМБАЕВ 

Соңғы жаңалықтар