Биыл Қазақстан құрамасы пара шаңғы жарысы мен пара биатлон бойынша бақ сынайды. Ел намысын халықаралық аренада жеті спортшы қорғайды: Ербол Хамитов, Александр Герлиц, Юрий Березин, Владислав Кобаль, Сергей Усольцев, Анна Грачева және Нұрлан Алимов.
Құрамадағы ең жас спортшы – 17 жастағы Владислав Кобаль. Ал ең тәжірибелі әрі жасы үлкен қатысушы – 51 жастағы Сергей Усольцев, ол пара шаңғы және пара биатлоннан өнер көрсетеді.
Тәжірибелі спортшылардың бірі Александр Герлиц 2022 жылғы Бейжің Паралимпиадасында пара биатлоннан қола жүлде иеленген. Сондай-ақ ол 2018 жылғы Пхёнчхан ойындарында пара шаңғы жарысынан үздік төрттікке енген.
Құраманың көшбасшыларының бірі Ербол Хамитов – әлем чемпионаттарының жүлдегері және Әлем кубогі кезеңдерінің бірнеше дүркін жеңімпазы. 2022-2023 жылғы маусымда ол пара шаңғыдан әлем чемпионы атанып, Қазақстан тарихында мұндай жетістікке жеткен алғашқы пара спортшы болды. Ал 2024-2025 жылғы маусым қорытындысы бойынша пара биатлоннан Әлем кубогінің жалпы есебінде топ жарып, 31 жылдан кейін елге Хрусталь глобусты қайтарды.
Қазақстан құрамасының қысқы Олимпиададағы жолы: Жылдар мен нәтижелер
Алдағы ойындарға әлемнің 600-ден астам спортшысы қатысып, 79 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Биылғы дода қысқы Паралимпиада қозғалысының 50 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Айта кетейік, алғашқы қысқы Паралимпиада 1976 жылы Швецияның Эрншёльдсвик қаласында өткен.