Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі
Тұжырымдамаға сәйкес, елімізде 42 жаңа су қоймасы салынады. Сол секілді 37 су қоймасы және 110 құрылысжай реконструкциядан өтіп, 14,5 мың шақырым канал жаңғыртылуы тиіс. Осыған қоса, 557 гидротехникалық құрылысты көпфакторлы зерттеп-қарауды өткізу жоспарланған. Су ресурстары және ирригация министрлігі 2025 жылы 147 инфрақұрылымдық жобаға (оның ішінде 53 жоба былтыр аяқталыпты) кіріскен. Оның ішінде 677 шақырым ирригациялық жүйелерді жаңғырту, 4 су қоймасын реконструкциялау, 15 топтық су құбырын салу, жөндеу, 3 құрылысжайды реконструкциялау жұмыстары бар.
Саладағы өзге де жұмыстардың ретін Су ресурстары және ирригация вице-министрі Ерболат Ибрайханов баспасөз мәслихатында баяндады.
«Бүгінде Түркістан облысында жалпы сыйымдылығы 69,1 млн м3 құрайтын 2 су қоймасының құрылысы басталған. Ондағы құрылыс-монтаж жұмыстарын биыл аяқтау көзделген. Сондай-ақ 5 су қоймасын салу бойынша жобалар әзірленіп жатыр. Нақтыласақ, Абай облысында – Қаракөл және Қарғыба, Батыс Қазақстан облысында – Кіші Өзен, Қарағанды облысында – Садовое, Жетісу облысында – Пакатиловск су қоймалары салынады. Бұдан бөлек, 5 су қоймасы бойынша жобалар әзірленіп қойды. Олар Ақмола облысындағы – Есіл контрреттегіші, Жамбыл облысы – Қалғұты, Ақмола, Батыс Қазақстан облысында – Үлкен Өзен, Қызылорда облысындағы – Қараөзек су қоймасы. Жұмыс қарқыны биыл да бәсеңдемейді. Бүгінде 8 су қоймасы бойынша жобаларды әзірлеу жоспарланды. Оның ішінде Абай облысында – Келдімұрат, Кіші-Буконь, Көктерек және Базар, Шығыс Қазақстан облысында – Кендірлік, Қарабұта, Алибастр су қоймалары бар», деді Е. Ибрайханов.
Бүгінде су қоймаларын реконструкциялау бойынша 5 жоба әзірленген. Жамбыл облысында – Теріс-Ащыбұлақ, Қарақоңыз және Ынталы, Шығыс Қазақстан облысында – Қандысу және Үйдене су қоймалары жөндеуден өтеді. Ал 7 облыстағы 13 су қоймасын реконструкциялау бойынша жобаларды әзірлеу әлі жалғасып жатқан көрінеді. Ол аздай биыл Батыс Қазақстан, Қызылорда, Қостанай, Түркістан және Солтүстік Қазақстан облыстарында 8 су қоймасын реконструкциялау жобаларын әзірлеу жоспарда бар екен. Қысқасы, Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы мерзімінен кешікпей орындалса, жағдай біршама оңалатыны анық.