Облыс орталығы Тараз қаласынан таяқтастам жердегі Үлгілі ауылында тұратын Әлимаш Теміржанованың айтуынша, қара шаңырақта төрт жүзден астам тұрмыстық зат қаз-қатар тізіліп тұр екен. Өткен шақтан сыр шертетін мұндағы жәдігерлердің алды екі ғасыр бұрын қолданылған бұйымдар санатына жатады. Олардың қатарында ашаршылық жылдарында пайдаланылған қол диірмен де бар. Сол қол диірменді уақытында астық тартып жарма алу үшін қолданған көрінеді. Одан өзге құндылықтар да көздің жауын алатыны даусыз.
«Бұл мұра – енемнен қалған мәңгілік аманат. Мен үшін сонысымен де сарқылмас қазына, баға жетпес байлық десем, еш артық айтқандық емес. Осы күнге дейін бұл заттарды көзімнің қарашығындай сақтап отырмын. Үйге ат басын бұрған оқушыларға ұдайы көрсетіп, әрқайсысының тарихын егжей-тегжейлі айтып жүрмін.

Мұнда енемнің енесі қолданған заттар да баршылық. Солардың бірі – күбі. Бұл күбінің мен үшін орны бөлек. Көне заттарға көз салғанда, өткен шаққа да бір мезгіл қарайлаймын. Ал өзім сол бір мөлдір кезеңде жүргендей күй кешемін. Санамызбен сарылып анамызды аңсаймыз, енемді сағынамын, өткен күннің тізбегіне көз жүгірткенде кеудеде сарқылмас сағыныш табы тұнып тұрғандай болады. Осы заттарды күтіп-баптау арқылы сол сағыныш сезімімді басуға тырысамын. Өйткені мұндағы әрбір жәдігер мен үшін ең құнды қазына.
Бұл заттың әрқайсысы ғасырлардан, ықылым заманның тұрмыс-салтынан сыр шертіп тұрғандай сезіледі. Келушілер де соны сезетін секілді. Қалай болған күнде де мұндағы әрбір жәдігерді жоғалтпау керек. Қолдан келсе қатарын молайтқан жөн. Өйткені ата-бабалар пайдаланған әрбір затты жаңа ұрпақ білуі керек. Сонда ғана олар өткенді ұмытпайды», дейді кейуана шаңырағында сақтаулы тұрған құнды заттар туралы толғанып.

Әрбір затты жуып-шайып, мұнтаздай таза етіп ұстап отырған Әлимаш Теміржанова мұндағы жәдігерлерді 27 жасынан жинай бастапты. Ескі жылдардың елесіндей болған көне бесік, бабалар жасаған ер-тоқым, келі-келсап, кереғаз секілді заттарды көріп, біз де көнекөз әжелерді елестеткендей болдық. Келсапқа тары салып, талқан әзірлеп, оны немерелерінің аузына салған байырғы әжелердің алғаусыз таза көңілі, алаңсыз тіршілігі көз алдымызға келіп, сағымға айналған жылдарға деген сағыныш оты кеудемізді шарпып өтті.
Көненің көзіндей болған кейуананың сөзіне сенсек, жыл бұрын жертөлесін жайғапты. Сөйтіп, нақты іске көшуді жөн деп ұйғарыпты. Нәтижесінде, әр тұста бір үйіліп тұрған, түюлі қалған заттарды жинастырып, үйін музейге айналдырған. Берісі – бір, әрісі екіғасырлық тарихы бар жәдігерлерді орын-орнына жайғастырған.
Әлимаш Теміржанованың шаңырағында тұрған ағаш арбаның түрлі бөлшектері көрген көзге оттай басылатыны анық. Кейіпкердің айтуынша, ғасыр бұрын ауыл азаматтарын тасымалдаған ағаш арбаның доңғалақтары мен өзге де қажетті бөлшектері сол күйі сақталған. Осы бір жәдігерге қарап, сол кезеңдегі ауыл азаматтарының тыныс-тіршілігін бағамдауға болатын секілді. Олар ауыр жұмыстарды атқарып, шүмектеп тер төккеніне ешкімнің таласы жоқ.
Ал дәнді дақылдарды түюге арналған келсап 1922 жылы пайдаланылған деген дерек бар. Қалай алып қарасақ та, мұндағы әрбір жәдігер өткен ғасырдағы адамдардың қолөнерінен, олардың кәсіби шеберлігінен сыр шертіп тұрғаны даусыз. Тұрмыс-салтын да көз алдымызға айна-қатесіз әкеліп тұр десек, қателесе қоймаспыз.
Қолөнерге аңсары ауған ауыл жастары осы үйге арнайы ат басын бұрып, байырғы бабалардың тыныс-тіршілігімен танысуға ден қойғаны да көңіл қуантады. Олардың қатарында мектеп оқушылары бар екен. Көненің көзіндей болған жәдігерлерді жан-жақты зерделеген жас талапкерлердің қасиетті шаңырақ иелеріне айтар алғысы шексіз. Өйткені Әлимаш әжей оларға бар білгенін айтып отырады.

«Қай кезде де қазақ аруларының қолөнерге жақын болғаны барша жұртқа мәлім ғой. Әлимаш әжейдің жертөлесіне келіп жүріп, біз де талай дерекке қанықтық, көп дүниені көкейге түйдік. Ол кісінің айтқан әрбір әңгімесі – біз үшін сарқылмас байлық.
Оюдың алпыстан астам түрі бар көрінеді. Осы шаңыраққа арнайы келгелі соның бірнеше түрін көзбен көрдік, танымымыз жеткенше таныдық, тарихына тереңірек бойладық. Қысқаша айтқанда, Әлимаш әжей бар білгенімен бөлісіп, мен қатарлы жасөспірімдердің де көзін ашып жатыр десем, ешкім таласа қоймас», дейді 9-сынып оқушысы Нұрсезім Темірхан.
Әлимаш Теміржанованың шаңырағында сақтаулы тұрған әрбір зат – ата-бабадан қалған зор қазына, таусылмас байлық, асыл мұра. Олардың қатарында ХІХ ғасырда пайдаланылған қамзол, кимешек секілді сол кездегі апаларымыз қолданған киім-кешектер де бар. Мұның бәрі отағасының анасынан қалған заттар екен. Ғасырларды жалғап тұрған әрбір затқа зер салғанда Әлимаш Теміржанованың сағымға айналған сағынышы жанарын жасқа шылайды. Содан да болса керек, ұдайы енесін елжірей еске алады. Айтқан өсиеті мен берген өнегесі ешқашан жадынан өшпек емес.
Ұдайы игі істердің қасынан табылатын кейуана өткен жылы өңірде өткен «Қызғалдақ» фестиваліне де өз үлесін қосты. Нақтырақ айтсақ, 200 шаршы метр шамасында киіз басқандардың қатарында болды. Бұл еңбектері зая кеткен жоқ. Ауқымды іс-шараға белсене қатысқан аналардың жұмысы лайықты бағаланып, Қазақстанның «Гиннесс» рекордтар кітабына енді. Өз үйін музейге айналдырған зейнеткер алдағы уақытта да көне заттарды жинауға бел буып отыр. Іске сәт дегеннен басқа айтарымыз жоқ.
Жамбыл облысы