Пікір • Бүгін, 09:05

Әділеттілік пен тұрақтылықты айқындайды

50 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Дүйім елде кеңінен талқыланып жатқан Ата заңның жаңа жобасы мемлекетіміздің дамудың даңғыл жолына түскенін, саяси жүйенің сапалық тұрғыдан жаңа деңгейге көтерілгенін айқын көрсетеді. Бұл конституциялық реформа – саяси инс­титуттарды жаңғыртуға, билік пен қоғам арасындағы өзара сенімді одан әрі нығайтуға бағытталған кешенді өзгерістердің логикалық жалғасы.

Әділеттілік пен тұрақтылықты айқындайды

Сурет: islamnews.ru

Жаңа редакциядағы преамбу­ла адам құқықтары мен бос­тан­дықтарын қорғауды күшей­тіп, мемлекеттік басқару тетіктерін заман талабына сай қайта қарауды көздеп отыр. Сонымен қатар ол билік тармақтары ара­сын­дағы тепе-теңдік пен өзара жауап­кершілік қағидаттарын нақтылай отырып, мемлекеттік басқарудың неғұрлым ашық әрі тиімді моделін қалыптастыруға негіз қалайды.

Осы тұрғыдан алғанда, бір палаталы Парламентке (Құрыл­тайға) көшу бастамасы басқару жүйесін айқынырақ әрі ықшам етуге, артық деңгейлерді қыс­қар­тып, институционалдық өзара іс-қимылды жеңілдетуге бағытталған. Заң шығару жауап­кер­шілігі бірыңғай орта­лыққа шоғырланған жағдайда шешім қабылдау үдерісінің ашықтығы артып, саяси жауапкершілік те нақтыланады. Мұндай жағдайда Президент Әкімшілігі, Парламент пен Үкімет арасындағы өзара әрекеттесу әлдеқайда жедел әрі нәтижелі болмақ. Әрине, бұл – белгілі бір тәуекелдерді қам­титын қадам. Алайда ол уақыт талабына сай, кәсіби әрі жауап­ты парламенттік жүйе қалып­тас­ты­р­уға мүмкіндік беретін маңыз­ды бетбұрыс.

Жаңа қызмет – Вице-прези­дент лауазымының енгізілуі де би­ліктің тұрақтылығы мен сабақтастығын қамтамасыз ететін тетік. Халық­аралық тәжірибе­лер­ге сүйен­сек, ол өкілдік және үй­лес­тіруші функцияларды атқа­рады. Сондай-ақ Мемлекет басшысының жүкте­ме­сін азайтады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев­тың сөзіне сүйен­сек, елдегі жаңа лауазым осыған сай келеді.

Мемлекет пен қоғам арасын­дағы өзара іс-қимылдың орнықты тетік­терін қалыптастыруда «Қа­зақ­стан Халық кеңесін» құру тура­лы ұсыныс – қоғамдық диалог­тің тұрақты форматын инс­ти­туционалдық деңгейде бекі­туге бағытталған өзекті қадам. Жаңа институттың басты ерекшелігі – оған заң шығару бастамасы құқығының берілуі. Бұл Кеңес аясында әзірленген ұсыныстардың тек консультативтік деңгейде қа­лып қоймай, заңнамалық кеңіс­тікте нақты қаралуына жол аша­ды. Нәтижесінде, қоғамдық және өңірлік сұраныстардың мем­ле­кет­­тік шешімдерде тіке­лей, кеңі­нен көрініс табуына мүмкіндік туады.

Жалпы алғанда, бұлардың бәрі – өзекті өзгерістер. Осылайша біз қоғамдық диалогтің дамуы­на, мемлекетіміздің үздіксіз алға басуына жол ашамыз. Консти­ту­ция­лық комиссия мүшелері Ата заңның жаңа жобасына енгізілетін өзгерістерді жан-жақты саралап, сарапшылар мен қоғам тарапынан түскен ұсыныс-өтініштерді мұқият қа­рады. Бұл үдеріс әр аза­мат­тың пікірін ескеруге негіз­­­делген ашық талқылаумен ерек­ше­лен­ді. Сондықтан қоғам мен мем­ле­кет­тің өзара сені­міне сүйенген, әділетті әрі тұрақ­ты даму жолын айқын­дайтын реформаларға бей­жай қара­май, оларды саналы түрде қолдау – елдің болашағына жауап­кер­шілікпен қарау деген сөз.

 

Геннадий ШИПОВСКИХ,

Сенат депутаты

Соңғы жаңалықтар