Пікір • Бүгін, 09:15

Адам капиталына басымдық беріледі

40 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Конституция – ел дамуының ұзақмерзімді бағытын белгілейтін стратегиялық бағдар. Тәуелсіздік жылдарында Консти­туция мемлекеттің қалыптасуына, институционалдық тұрақтылықтың орнығуына қызмет етті. Ал бүгінгі кезеңде ол жаңа мазмұнмен толығып, қоғамдық дамудың стратегиялық негізіне айналып отыр.

Адам капиталына басымдық беріледі

Сурет: igtipc.org

Жаңа редакциядағы Консти­ту­цияны талдай отырып, мемле­кеттің даму логикасы енді Адам арқылы қарастырылатынын бай­қауға болады. Бұл – стратегиялық тұрғыдан да, мазмұндық жағынан да аса маңызды бетбұрыс. Өйткені қазіргі әлемде елдің бәсекеге қабілеттілігі табиғи ресурстармен емес, азаматтарының білім деңгейімен, ойлау мәдениетімен, зияткерлік әлеуетімен, жауап­кершілік сапасымен өлшенеді.

Бүгінде мұндай сапа халық­ара­лық деңгейде нақты өлшем­дер арқылы бағаланады. Мәсе­лен, елдегі білім мен адам әлеуеті­нің деңгейі Human Capital Index пен Education Index арқылы, оқушылардың ойлау мен талдау қабілеті PISA зерттеуі арқылы айқындалады. Инновациялық ойлау мен технологиялық дайын­дық Global Innovation Index көрсеткіштерінде көрініс табады. Ал мемлекетті басқару мәдениеті мен институционалдық жауапкершілік деңгейі Global Competitiveness Index пен Worldwide Governance Indica­tors сияқты халықаралық рейтинг­тер арқылы өлшенеді. Бұл көрсеткіштердің барлығы мемле­кеттің табысты дамуы ең алдымен адамның интеллектуалдық, мәдени сапасына байланысты екенін дәлелдейді.

Осы тұрғыда Конституция жобасында адам капиталына, білім мен ғылымға стратегиялық басымдық берілуі еліміздің даму бағыты әлемдік үрдістермен толық үндес екенін көрсе­теді. Мемлекет тек экономика­лық өсімді емес, ойлай алатын, жауапкершілікті сезіне­тін, білімге сүйенетін азаматты қалып­тастыруды басты мақсат етіп отыр.

Конституцияда адам капиталын, білімді, ғылым мен инновацияны дамыту мемлекеттік қызметтің стратегиялық бағыты ретінде белгіленуі ерекше мәнге ие. Бұл норма білім мен ғылымды әлеуметтік саланың қосымша эле­менті ретінде емес, ұлттық даму­дың негізгі тірегі ретінде қарас­тыруды көздейді. Мемлекет өзінің ұзақмерзімді даму моделін адам­ның интеллектуалдық әлеуе­тімен тікелей байланыстырып отыр.

Конституцияның дәл осы тарихи кезеңде жаңғыруы елдің ең жоғары заңдық деңгейінде бір қарапайым, бірақ қағидатты шындықты бекітуге мүмкіндік береді: мемлекет адамнан жоғары емес, керісінше, адамның әлеуетін ашу үшін қызмет етеді. Бұл қағида жаңа Конституцияның ішкі логикасын, оның рухын айқындайды.

Аталған ұстаным Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев­тың Жапонияға жасаған ресми сапары барысында айтқан ойларымен де дәл үндеседі. Президент жапон қоғамын сипаттай отырып, елдегі ерекше тазалыққа назар аудар­ды. Алғаш қарағанда, бұл жай ғана байқау сияқты көрінуі мүм­кін. Алайда оның астарында те­рең мән жатыр. Тазалық – ком­муналдық қызметтердің көп­ті­гімен немесе жазаның қатаң­­­дығымен өлшенбейді. Ол – әрбір адамның ішкі мәдениеті, уақыт өте келе бүкіл қоғамның қалыпты тәртібіне айналатын жауапкершілік.

Осы тұста Президенттің пайымы жаңа Конституцияның философиясымен тікелей ұштасады. Себебі Конституция да қоғамды сыртқы бақылау арқылы емес, ішкі мәдениет пен саналы жауапкершілік арқылы дамытуға бағдарланған. Мемлекет азаматтан тек талап етпейді, оның білім алуына, ойлауына, кәсіби әрі адамгершілік тұрғыдан өсуіне жағдай жасауды өзінің басты міндеті ретінде айқындайды.

Демек Конституция – тек құқықтар мен міндеттердің жиынтығы емес. Ол – құнды­лықтар кодексі. Бұл кодекс адам­ның мем­лекетке, табиғатқа, білім мен еңбекке деген көз­қарасын қалып­тастырады. Бір адам­ның жауап­кершілік мәде­ниеті көпшіліктің нормасына ай­налған кезде, адам капиталы абстрактілі ұғымнан нақты қо­ғам­дық күшке айналады.

Жаңа Конституция елдің құ­қықтық негізін ғана емес, ин­тел­лектуалдық және институ­ционал­дық даму моделін де ай­қын­­дай­ды. Бұл модельде білім, ғылым, ин­женерлік ойлау және сарап­тама­лық мәдениет бас­ты құнды­лықтар ретінде қарасты­рылады. Мемлекет жедел нәтиже­ге емес, ұзақмерзімді орнық­тылыққа бағытталған таңдауды жүзеге асырып отыр.

Қорытындылай келе, Консти­ту­цияны талдау оның басты мақса­тын айқын көрсетеді: еліміз­дің бола­шағы институттар ар­қылы ғана емес, сапалы адам арқылы қалып­тасуға тиіс. Ғы­лымға, білімге, пәнаралық жауап­кершілікке сүйен­ген даму – қазіргі әлемдегі ең сенімді жол.

 

Гүлбазар МЕДИЕВА,

Халықаралық жасыл технологиялар мен инвестициялық жобалар орталығының ғылыми кеңесшісі

Соңғы жаңалықтар