Тұлға • Бүгін, 09:05

Мұқағалидың батасы

30 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Біз Мұқағали ақынды жет­пісінші жылдары көп көретінбіз. Айдында жүз­ген алып кемедей бір өзі кө­шені толтырып, ойға бөгіп келе жататын. Ол кісі сол кезде біз қызмет істейтін «Лениншіл жас» газетінің бас редакторы Сейдахмет Бердіқұлов ағамызға жиі келетін.

Мұқағалидың батасы

Мұқаң келген күні жұмыс ба­­­­­бы­мен бас­тығымыздың ка­би­­не­тіне кіре алмайтынбыз. Өйт­кені ақын кеткенше, бұл есік басқа жұртқа тарс жабылатын. Және бір айта кететін шындық, сол тұс­тары Мұқаңа соншама уа­қы­­тын бөліп, тап Сейдағаң сия­қ­ты құшағын ашып қарсы ала­тын адамдар өте сирек еді. Қай­та «Мұқағали ұрттап алыпты, одан әзер дегенде сытылып шық­тым», деп өзін зор, оны қор етіп көрсеткісі келетіндер көп болатын. Жұрт ақынның сыртынан әлгіндей неше түрлі ғайбат айтып жатқанына біздің бастық пысқырмайтын.

«Олардың айтатындары – көре алмай­тын­­дар­дың сандырағы. Ұйқас қуалап, ақын атанып жүр­гендер Мұқағалимен тең емес екендерін жақсы біледі. Содан кейін қыз­ғаныштың қызыл итін өстіп арпылдатып жүр. Ал Мұқа­ға­лидың бар жазығы тұлпар болып туғанында ғана. Жан-жағы­нан өсекті қарша боратып, кітабын шығартпаудың бар амалын жа­сайтындар көбейген сайын ақын­ның жүйкесі де жұқарып жүр. Бүгін, міне, тамаша бір поэма әкел­ді. Осы дүниені тезірек дайын­­даңдар. Әйтпесе әлгіндей иттер­дің кесірінен ол өзінің талантты ақын екеніне күмәндана бастаған сияқты», деді ол бірде күйзеле сөйлеп.

Әділетін айту керек, Сейдағаң қашанда Мұқаңнан көмегін аяған емес. Жылы сөзімен жұбатып, жігерін қайрап тұратыны өз ал­дына, Мұқаңның өлеңдерін әкелген бетте газетке тоқтаусыз басатын. Бұл сөзіміз­ге ақынның ең сүйекті поэмаларының сол жылдары осы газетте басылғаны толық дәлел бола алады. Бір ғажа­бы, сол поэ­малар оқырманға жол тартқан кезде Сейдағаң да ерекше қуанатын. Бас редак­торымыз балаға үлкен кісінің киімін кигізгендей ешкімді ешқашан әсірелеп мақтамайтынын біз жақсы білетінбіз. Алайда оның ақын туралы шынайы пікірін оттай қаулаған қаңқу сөздер басып кете ме, біз оны дәл Сейдағаңдай түсіне алмаған екенбіз.

Әрине, ол кезде жас едік. Мұ­қағалидың өлеңдері керемет екенін де білетінбіз. Алайда ақын Баспасөз үйінің есігін аттаған сәтте «Мұқағали келе жатыр. Қазір сендерден араққа ақша сұ­райды. Қашыңдар» деген сыпсың сөз сумаң қағады. Осылай адамдар санасыз тобырға айналып, ешнәрсенің байыбына бармас­тан бейнебір тарақан құсап, жөн-жөніне қаша жөнеледі. Әрине, олардың қатарында біз де бармыз. Өстіп қашып-пы­сып жүрсек те Мұқаңмен ұшыра­сып қалатынбыз. Тіпті салдыр-күлдір еткен ескі лифт тоқтап қараңғыда бірге қалып қойған сәттер де болды. Теңіздің суының дәмін тамшысынан-ақ білуге болады ғой. Сол сияқты қап-қараңғы лифтінің ішінде Мұқаңның бізді қорқытпай, аға­лық лебізімен сабамызға түсір­гені де бар. Міне, сол кезден ба­с­тап, ақынның дұшпандары айтқан­дай, оның көзге түрткі біреу емес, үлкен жүрек иесі екеніне нақты сене бастадық.

Араға біраз уақыт салып, Мұ­қаң­мен бетпе-бет кездесуді Жарат­қан ием бізге тағы да нәсіп етті. Бұл түс кезі еді. Мұндай уа­қыт­та редакцияда ешкім болмайды. Әркім әртүрлі шаруамен сыртқа шығып кетеді. Ал мен болсам, сол күні жіпсіз байланып, газетке баратын шұғыл мақаламды жазып отыр едім, бір кезде есік ашылды. Қарасам, Мұқағали аға екен. Үйге кім келсе де ізетпен қарсы алу қазақтың қанына сіңген әдет қой, мен де ол кісіні көріп, орнымнан тұрдым. Менің өзіне деген ілтипатым елеусіз қалмады.

– Қарындасым, рахмет. Ба­қыт­ты бол, – деген ол: – Мен Сей­де­кеңе жолығуға келіп едім. Ол кісі орнында жоқ екен. Көп ұзамай келіп қалар. Ренжімесең, кабинетіңе кіріп отыра тұрайын, – деді де жауабымды күтпестен бөлмедегі орын­дықтың біріне жайғасты. Қа­сында бейтаныс кісі отырса алаңсыз жұмыс істеу де, ойыңды жинақтау да қиын ғой, әрі шұқшиып алдыңдағы қағаз­дан бас алма­саң, ол да көр­ген­сіздік, адамды сыйламау еке­нін жақсы білетіндіктен, жазып жатқан жұмысымды доғарып, одан әрі не істерімді, не айтарымды білмей үнсіз отырмын. Тым-тырыс отыра берген де бір түрлі ыңғайсыз көрініп, үстелімнің үстінде жатқан «Лениншіл жас» газетінің соңғы сандарын қолыма алдым да, қарай отырыңыз дегендей ақынға ұсындым. Сол сәт көзім түсіп еді, жүзі тым жа­бырқау көрінді. Ол кісі селқостау қимылмен ұсынған газетімді қолына алуын алғанмен, қарап көруге асықпады. Менің өзіне назар бөлуімді күтіп отырды ма, әлде ішкі толғанысын біреумен бөлісуге асықты ма, бір түрлі то­рық­қан үнмен сөйлей жөнелді.

– Қарындасым, сен «Дариға жүректі» оқыдың ба? – деді маған қарап. Мен кітапты тамсана оқып шыққанымды білдіріп, басымды сүйсіне изегенімді байқамай да қалдым. Ол кісі күткен жауабын алғандай, сөзін әрмен қарай сабақтады.

– Білесің бе, егер сол кітап басқа біреудікі болса, баяғыда-ақ Нобель сыйлығын алар еді-ау, – деп алып, үні бірте-бірте ширыға бастаған ақын жүзімнен бұл сөзінің еш әбестігі жоқ екенін аңғарған соң, әңгімесін тағы да жалғап кетті. – Бұл өмірде талантсыз болса да, таласқа түсетіндер көп екен. Қайтейін, жан-жағым­нан шәуілдеп, жүйкемді әбден жұ­қартып бітті. Солардан бетім­нің қайтқаны сонша, сенесің бе, осы күні Жазушылар одағына жолағым келмейді. Өйткені бар­сам болды, әлгі иттердің қай­дан пайда бола кететінін, қарам­ды көргеннен қалжыңдаған болып «Поэзияда сенің нең бар? Қолыңа таяғыңды алып, еліңе барып қой бақ. Саған сол лайық», деп мысқылдап, жолымды кес-кестейді де тұрады. Бойымнан, поэ­зиямнан мін іздеуден шаршамайтын сол қорқаулардан запы болғанда, жаныңды ұғатын біреуді іздейді екенсің. Алайда біреуге көкірегіңдегі ащы мұңды айту оңай дейсің бе? – деді енді Мұқағали ағам таусыла сөйлеп.

Ақын ағамды аяп кеткенім сонша, қайткенде де оны жұбатқым келді. Бірақ қайтіп? Ол кісінің оңайлықпен серги қоюы екіталай ғой. Сол сәт үстелімнің үстінде жатқан Мағжан Жұмабаевтың кітабына көзім түсті. Дереу сол әлгі кітапты қолыма алдым да, ақынның көз алдына тостым. «Аға, өзіңіз білесіз, бұл кісі де ерекше талант иесі еді ғой. Оның да көрмегені жоқ...» – дедім мен қысқа қайы­рып. Бір ғажабы, тұтыға айтқан сөзім ақынның санасына тез сіңді. Әлгінде ғана сүлесоқ халде отырған ол дүр сілкініп, әлдеқандай ұзақ күткен жақсы хабарын естігендей жадырап сала берді.

– Ой, айналайын, атқан таң­дай ақ қабағыңнан. Дұрыс айта­сың, Мағжан сынды дүлдүлдің көрген қорлығының қасында... Сен осыны бір-ақ ауыз сөзбен жеткіздің ғой. Ойпырмай, Сей­декең сендерді, жас­тарды дегенім ғой, өзі сияқты ұғымтал адам етіп, кісілікке баулыған екен. Осындай басшыдан тәлім алу, онымен бірге жұмыс істеу жарты бақыт еке­нін ұмытпаңдар. Шынды­ғын­да да ол өзі бір ғажап адам. Бірбеткей, мінезін, турашылығын көргенде ол маған біреудің сыртынан ғайбат сөз айтқандарды қылыштың қырымен бауыздаған, күншілдің көзіне қорғасын ерітіп құйған баяғы көк түріктің соңғы тұяғы сияқты елес­тейді, – деді. Осы сәтте ағамыз­дың лезде дауысы өзгеріп, көз алдымда басқа адамға айналып бара жатты. Жайлап ақынға қарап едім, көз жасы бетін жуып кетіпті. Соны байқап қалмасын деді ме, қолының сыртымен көз жасын тез-тез сүртіп жатты.

Апырай, мына кісі жылап тұр ғой. Шынында да біреу көңі­ліне қатты қаяу салды ма екен, жоқ әлде қызу ма деп ойлап үлгерген­ше, Мұқағали аға ойымды оқып қойғандай:

– Кешір, қалқам, бір босаңдық танытып ал­дым-ау деймін. Қап, бұлай етпеуім керек еді. Бәрі­міз пендеміз ғой... Мені де мына өмір қажытып жібер­ді-ау дей­мін. Бәрін қайыс­­пай-ақ көтер­гің келеді. Бірақ кей­де шыдамай кетесің. Өт­кенде баспаға жинағымды тап­сырғам. Үн-түнсіз алып қалып еді. Енді міне, араға уақыт салып, оның тең жарымынан астамын қысқартамыз деп отыр. Сонда шығатын кіта­бым пышақтың қырындай ғана болмақ. Ішінде оқитын ойы жоқ болса да кейбіреудің кітабы­ның қалыңдығы қарыстай болып шыға­ды. Ал ондайды маған қимайды. Қызғанып отырған жоқпын, әділеттің жоқтығына өзегім өртен­ген соң айтып отырмын. Сондай кезде не істеріңді білмей, күйіп кетесің. Іштегі күйігіңді айтайын десең, осы күні сөз ұғатын адам таппайсың. Ал жігіттер бар ғой дейін десең, олар жан сөзін жартылықсыз тыңдаудан қалған. Ішкі түйсігіме сенсем, парықсыз әңгімемен таң атырып, кеш батырып жүрген сол еркектерге қарағанда қыздар ұғымтал ма деймін. Қазақтар тар қолтықтан оқ тисе, тартып алар қарындас деп бекер айтты дейсің бе? Бұл сөздің шындығын бүгін саған қарап тағы да сезініп отырмын.

– Ой, аға, мен не істедім сонша? – деп едім, ол өзінің тым бейберекет, ашыла, ашына сөйлеп бара жатқанын енді аңғарғандай, кілт тоқтады да, орнынан тұрды.

– Көп сөйлеп, мазаңды алдым-ау деймін. Енді соның өтемі ретінде саған батамды берсем, оған қалай қарайсың? – деді де жүзіме барлай қарап тұрып: – Ал онда жай қолыңды, – деді. Мен сенімсіздеу түрмен қолымды жайдым. Бата ретінде бір шумақ жыр оқитын шы­ғар деп ойладым. Жоқ, олай болмады.

– Лавр ағашын білесің ғой, ол мәңгі жасыл болып тұрады. Жапырақтары да басқа ағаштікі сияқты тегіс сарғаймайды. Жұпар иісі аңқыған бұл ағашқа ешқашан найзағай түспейтін көрінеді. Сондықтан да лаврды жұрт қа­сиетті санаған. Мерейі үстем ерлеріне лавр жапырағынан өріл­ген гүлтәжі кигізу де оны қасиетті санаудан туған дәстүр. Ендеше, пәле-жаладан сақтап жүрсін деп мен саған бүгін лавр жапырағынан жа­салған сол гүлтә­жіні кигізсем деймін.

Мен не ойларымды білмей езу тарттым.

– Жо-жоқ, сен күлме. Қайта гүлтәж­дің қолымда бар екеніне сенуің керек. Өйткені бәрі сенім­ге байланысты, – деп көзге көрін­бейтін гүлтәжді еппен әкеліп, басыма кигізген қалып танытты. – Ал маған сенгенің үшін рахмет. Енді сөзімді қазақы ұғыммен айтайын. Қыз қырық шырақты дейді ғой. Жамандық атаулы сенен аулақ болып, барлық қырық шырағың түгел жансын. Әумин, – деп бетін сипаған күйі тез-тез басып, есіктен шыға жөнелді. Мұқаңнан осыншама жылы лебіз естігеніме сенер-сенбесімді білмей, әрі әлгіндей күлкілі көрі­ністі көңіліме сыйдыра алмай, өң мен түстің арасындағы бір халде, ол кісіге тым болмаса рахмет айтуға да жарамай қала бердім.

Содан бері қанша уақыт өтті десеңші. Алайда жан баласына тіс жарып, бұл жөнінде айтпадым. Себебі Мұқаңды түсіну­ден гөрі, қорлауға, қаралауға дайын тұратындарға келеке болып жүрермін деп сақтансам керек. Кейіннен ақынның рухани өмірі басталған шақта ерінбегеннің бәрі ол кісіге қамқор болғандарын жарыса айтып жатқан кезде өзімді олардың сапынан көргім келмеді. Алайда Мұқаңның батасын алу кез келген адамның маңдайына бұйыра бермегенін ойлап, бұл әңгімені оқырман назарына енді ұсынып отырмын.

 

Жұмагүл Солты,

журналист 

Соңғы жаңалықтар

Болашаққа бағдарланған құжат

Реформа • Бүгін, 09:10