Тарих • Кеше

Алаш офицерінің беймәлім тағдыры

50 рет
көрсетілді
24 мин
оқу үшін

Ел азаттығы жолында азаматтық қажыр-қайратын, зиялы білім-білігін, қайраткерлік табандылығын аямаған Алаш тұлғаларының жуан ортасында Атырау өңірінің перзенті Рахметолла Қаржаубаевтың есімі ілтипатпен аталады. Бірақ біз оның азапты соқпақты жүріп өтіп, 1970 жылы Жуалы топырағында қайтқанын білдік пе?

Алаш офицерінің беймәлім тағдыры

Бала кезден бір белгі

Атыраулық ардагер ұстаз, салмақты ой мен салиқалы істің иесі Сайын Кереев ағамыз бұдан бес-алты жыл бұрын жол үстінде келе жатып: «Шамамен 1964–1965 жылдардың қысында Рахметолла Қаржаубаев деген нағашы атамыз келіп, біздің үйде біраз күн қонақ болды. Үйге орысша, қазақша газет-журналдың бәрі келетін. Әлдебір шаруамен сырттан келсем, қолында «Жұлдыз» журналы. Журналда жарияланған Сырбай Мәуленовтің өлеңін оқып: «Ойпырмай, мына өлеңді Сырбай Лермонтовтан өте жақсы аударған екен. Оның орысшасы былай еді...», – деп, түпнұсқасын жат­қа айтып, талдап берді. Өзі екі тілде де өте сауатты сөй­лей­ді. Сол замандағы көргенді азаматтар­дан «Рахметолла Қаржаубаев деген Алаштың беделді офи­цері болған, оның аты аталғанда көпшілік танитын» деген сөзді көп есті­генбіз. Кейін Алашорда­ға байланысты сотталып, бертінде Жамбыл облысының Бурное жағында тұрып, қайтыс болған», деп бір әңгіменің шетін шығарды.

Осы әңгімені естіген бойда бірден Сайын ағамыздан ол кісіге қатысты тағы қандай деректер білетінін, өмірінің соңын, қайда жерленіп, қалай қайтыс болғанын сұрадым. Ағамыз өзінің көрген-білгенін, естіген әңгі­мелерін де айтып, ұрпақ­тарының бүгінгі тағдырынан бейхабар екенін білдірді. Сосын ол туралы жақсы білетін бірер адамның атын атады. Одан мүмкіндігінше жауап алған соң бұған дейін аты емескілеу естіліп, кейбіреулер үшін мүлдем белгісіз Алаш арысының өскен ортасына, өмір жолы мен тағдырына қатысты ізденіске өз бетімізбен түстік.

Рахметолла Қаржау­бай­­­­ұлы 1894 жылғы сәуір айында қазіргі Атырау облысының Қызыл­қоға ауданындағы Жамбыл ауылында туған. 1959 жылғы 11 маусымда Батыс Қазақстан облыстық мұрағатына Рахметолланың өзі жолдаған өтініште «Ілбішін уезі Қаракөл болысы», яғни туған жері Атырау облысының Қызылқоға ауданы Қаракөл ауылы екені нақты жазылған. Дихан Қамзабекұлы, Амантай Шәріп, Сұлтанхан Жүсіп бастаған ғалымдардың еңбектеріндегі Алаш қайрат­кер­лерінің тізімінде Рахметолла Қаржау­баев­тың Атырау өңірінен шыққан Алаш қозғалысының мүшелері арасынан көр­се­тілуі бұл пікірімізді дәлелдей түседі.

Рахметолланың әкесі Қаржаубай орта дәулетті, заманның беталысын сезе білетін көкірегі ояу кісі болған. Ол балаларының білім алып, заман ағымынан қалмауына күш салған. Шамасы, сауатын ауыл молдасынан ашса керек. Одан әрі сабаққа зерек бала немере інісі Сарман екеуі ағасы Мұқаштың ұйғарымымен 1904 жылғы қыркүйекте Қаракөл бір басқышты орыс-қазақ бастауыш мектебіне оқуға қабылданады. Себебі Мұқаштың өзі де осы мектепті бітірген. Бұл кезде мектептің бас­қа­рушысы Мейірман Бисенов еді. Ол 2–3 сынып­тарды оқытса, 1-сыныптарға Хайдар Дәуішев, Мақан Иманов есімді мұғалімдер сабақ берген. 1907 жылы үш жылдық бастауыш мектепті тәмамдаған соң Рахметолла жол­дастарымен бірге Гурьев қаласындағы (қазіргі Атырау) екі сыныптық орыс-қазақ мектебіне оқуға қабылданады. Екі жылдан кейін бұл мектепті де аяқтап, білімін одан әрі жалғастыру мақсатымен 1910 жылы Орынбордағы қазақ оқытушылар мектебіне оқуға түседі. 1914 жылғы 1 маусымда «бас­тауыш мектеп мұғалімі» деген маман­дық алып, бұл оқу орнын да бітіріп шы­ғады. 

«Он алтының» дүрбелеңі

Рахметолла еңбек жолын 1914 жылғы тамызда 3-Соналы орыс-қазақ бастауыш училищесінің (қазіргі Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе ауданының аумағы) меңгерушісі болып бастайды. Ал 1915 жылғы желтоқсанда Қызылқоға орыс-қазақ баста­уыш училищесінің меңгерушілігіне ауысып, бұл қызметті 1916 жылғы мау­сым­ға дейін атқарады. Рахметолла еңбек жолын бастаған Соналы болысын ұзақ жыл Мұхамеджан Сарығожин басқарды. Мұхамеджан қайтыс болған соң оның орнына інісі Көшербай Сарығожин сайланды. Көшербайдың ұлы Сабыржан Сарығожин Патша армиясының генерал-майоры, кейін Батыс Алашорда әскерін жасақтап, қолбасшылық еткен. Яғни Рахметолла Қаржаубаев Соналы болысында мұғалімдік қызмет істей жүріп, Сабыржанмен жақсы таныс болған. Бұл таныстық кейін Рахметолланың Батыс Алашорда үкіметінің құрамында әскери қызмет істеуіне ықпалын тигізді. Осы мектепте жұмыс істеген ұстаздардың көпшілігі кейін Алаш қозғалысына ниеттес азаматтар болды.

Бірінші дүниежүзілік соғыс басталғанда 1916 жылғы 25 маусымда патша жарлығы шығып, 19–31 жас аралығындағы қазақ жігіттерін қара жұмысқа ала бастады. Мұның соңы қазақ даласында наразылық туғызып, түрлі көтеріліске ұласты. Мұндай бас көтерулер Атырау, Орал өңірлерінде де өршіді. Тарих ғылымдарының кандидаты Исатай Кенжәлиев «Батыс Қазақстан қасіретті жылдары» атты еңбегінде «Маусым жарлығына» байланысты қазіргі Атырау облысына қарасты Тайсойған құмы мен Ойыл бойындағы ауылдарда халықтың толқуы болғанын атап көрсетеді. Бұған арнайы тоқталып отырған себебіміз, Қаракөл, Қарабау, Соналы болыстарында 1916 жылы халық толқулары барынша жақсы ұйымдастырылған. Олардың басы-қасында сол кездегі көзі ашық азаматтардың көпшілігі жүргені архив құжаттарында қаттаулы. Рахметолла да бала жастан бірге өскен жора-жолдастарымен сол дүрмектің бел ортасынан табылған және соны ұйымдастырушылардың бірі болған. Рахметолла Қаржаубаев 1959 жылғы 11 маусымда Батыс Қазақстан облыстық архивіне жазған зейнетақы тағайындау мәселесін реттеу туралы хатында өзінің 1916 жылғы көтеріліске қатысқаны жайында егжей-тегжейлі жазған. Ол Қаракөл ауы­лы маңындағы Сексенбай мекені тұсында сол жылғы 23 маусымда Ілбішін уезінің бастығы, подполковник фон Геллер, аға офицер Горбунов бастаған мұздай қаруланған атты казактардың екі жүздігімен жергілікті қазақтардың қақ­тығысын баяндаған. Ақыры Қаракөл болы­сының жігіттері талқандалып, біразы тұт­қындалған. Тұтқындар қатарында Рахметолла Қаржаубаев та болып, оны жолдастарымен бірге төтенше комиссия тергеп-тексеріп, Орал қаласындағы түрмеге қамаған. Ал олардың істерін Қазан әскери аймақтық сотына үкім шы­ға­­руға тапсырған. Рахметолланың хатында төтенше комиссияға прокурордың көмекшісі Иван Коткаровский төрағалық еткені көрсетілген. Алайда осы кезде әйгілі Ақпан төңкерісі болып, соның нәтижесінде билікке келген Уақытша өкіметтің жарлы­ғы­мен әлгі тұтқындар бостандыққа шығып, елге оралады. ХХ ғасыр басында елім деп өткен басқа да қазақ оқығандары сияқты Рахметолланың да кейінгі тағдыры елдегі саяси жағдайлармен тығыз байланысты болды. 

Алаш деп атқа мінген кез

1917 жылғы көктемде қазақ даласында саяси белсенділік күшейіп, Орынбор мен Омбы, Семей мен Оралда бірінен кейін бірі қазақ съездері өтіп жатқанда Рахметолла Қаржаубаев Орал облысы қазақтарының съезін өткізуге белсене атсалысты. Жаһанша Досмұхамедов, Халел Досмұхамедов, Сәлімгерей Қаратілеуов сынды қайраткерлермен бірге ол да Орал қазақтары комитетінің мүшелігіне сайланды. Ол жөнінде академик Мәмбет Қойгелдиев «Алаш қозғалысы: құжаттар мен материалдар» жинағында, тарих ғылымдарының кандидаты Дәметкен Сүлейменова «Батыс Алашорда тарихы» еңбегінде атап көр­сетеді.

Батыс Қазақстан аймағын басқару мақсатында 1918 жылғы 11 қыркүйекте Алашорда үкіметінің Батыс бөлімшесі құрылды. Бұл саяси өзгеріс Рахметолла Қаржаубаевтың бұдан кейінгі өмір жолы мен саяси-қоғамдық қызметіне елеулі із қалдырды. Рахметолла 1918 жылы Жым­пи­тыдағы офицерлер даярлайтын мектепке оқуға түсіп, прапорщик шенімен бітірді. Одан әрі Алашорданың Батыс бөлімшесінде түрлі дәрежедегі әскери лауазымдарда Батыс Алашорда әскерінің конвой командирі қызметтерін атқарған. Сонымен қатар салық мәселесі, қаржы жинау, әскерді көлікпен қамту және кеңсе істерінде белсенділік танытты. Оның бұл белсенділігі тарихи-ғылыми құжаттарда, сосын Батыс Қазақстан өңіріндегі дүрбелең жылдарды суреттейтін әдеби шығармаларда көрініс тапқан. Жазушы-драматург Әнес Сарайдың 1994 жылы жазылған атақты «Еділ-Жайық» романындағы офицер Р.Қаржаубаев бейнесі біз сөз етіп отырған Рахметолла екеніне толық негіз бар. Ал көрнекті жазушы Хамза Есенжановтың «Ақ Жайық» трилогиясындағы Жаһаншаға жақын офицер Рахмет Қаржауов есімді кейіпкер мен өмірдегі Рахметолла Қаржаубаевты Батыс Алашорда үкіметі құрамындағы қызметтерімен тарихи құжат-деректер арқылы салыстырсақ, көптеген сәйкестік табамыз. Осыған қатысты пікірімізді тарихшы, өлкетанушы, Х.Есенжанов мұраларын зерттеуші, бүгінде Астана қаласында тұратын Сайлау Сүлейменов те қолдайтынын айтты. Демек Мемлекеттік сыйлық алған екі бірдей шығармаға кейіп­кер болып енуі және кеңестік ұғымға сәйкес жағымсыз бейне ретінде сурет­телуі Рахметолла Қаржаубаевтың саяси қызметте қарабайыр лауазым иесі бол­мағанын дәлелдей түседі.

п

Оның айналасындағы аралас-құралас жүргендердің арасында халқымыздың небір ардақтылары болған. Академик Рәбиға Сыздық «Шахан шерткен сыр» атты еңбегінде былай деп жазады: «Әкеміз Сәтіғали Құтқожин кезінде жерлесі Халел Досмұхамедовпен, замандас­тары заңгер Жанша (анамыз солай деп атайтын, ал құжат бойынша есімі Жаһанша болса керек) Досмұхамедовпен, дәрігер Иса Қашқынбаевпен, әнші, төре тұқымы Шынтас Қаратаевпен, «Алаш» партиясының кеңсе қызметіне араласқан туысы Рахметолла Қаржаубаевтармен дос, жолдас болып өткен... 1937 жылы бірден ұсталып, сол жылы-ақ атылып кеткеніне қарағанда, оның 1917–1920 жылдары Қаратөбеде, Текеде (Орал қаласында), Ойылда қызмет етуі, Х.Досмұхамедов, Ж.Досмұхамедов, Р.Қаржаубаев, И.Қашқынбаевтармен бірге жүруі негізгі себеп болғаны даусыз...». Осы тектес пікірді Алашорданың батыс бөлімі туралы біраз зерттеу жүргізген әдебиеттанушы-ғалым, эссеист Мақсат Тәж-Мұрат та айтты.

Алашорда үкіметі таратыл­­ған­нан кейін басқа қазақ зиялы­­­лары секілді Рахметолла Қаржаубаев та кеңес өкіметінің жұмысына тартылып, 1920 жылғы 8 мамырдан 1933 жылғы 20 наурызға дейін Халық ағарту комис­сариаты жүйесінде түрлі лауазымды қызмет атқарды. Атап айтқанда, 1920–1922 жылдары Халық ағарту комиссары Ахмет Байтұрсынұлының қол астында мектеп бөлімінің инспекторы, 1922–1923 жылдары Орынбордағы Өлкелік көрнекі тәжірибелік мектебінің меңгерушісі, 1923–1924 жылдары Өлкелік жасөспірімдер мектебінің меңгерушісі және жұмысшылар факультетінің (рабфак) оқытушысы, 1924–1928 жылдары әуелі Орынборда, сосын Қызылордада Қазақ халық ағарту институты (КИНО) оқу бөлімінің меңгерушісі болды. 1928 жылы қайтадан Орынбор қаласына ауысып, 1930 жылға дейін Жұмысшылар факультетінде және Қазақ жасөспірімдер мектебінде оқытушы болып жұмыс істеген. Осылайша, халықты сауаттандыру, білім беру, туған халқының болашақ ұрпағын тәрбиелеу саласында біраз тер төккеніне қарамастан, кезінде Алаш қозғалысының белсенді қайраткері және әскери командирлерінің бірі болған Рахметолла Қаржаубаев жиі қуғындауға ұшырады. 1930 жылдардан бастап қатар­дағы мұғалімдікке ауысып, 1933 жылға дейін әуелі Ақтөбеде, сосын Темірдегі қазақ педагогикалық техникумында мұғалімдік қызмет атқарды. 1933 жылғы 20 наурызда Темірдегі техникумында қызмет етіп жүрген Рахметолланы Ақтөбе облыстық қауіпсіздік қызметкерлері тұтқындады. Тергеуден соң көп ұзамай, үштіктің 1934 жылғы 5 ақпандағы шешімімен 10 жылға сотталып, Ухта қаласындағы еңбекпен түзеу лагеріне жіберіледі. Біздің ойымызша Рахметолла Қаржаубаевтың әйгілі «отыз сегіздің» қанды қасабынан аман қалуына жазалау науқанының алғашқы толқынында сотталуы себеп болған сыңайлы. 

Қайраткердің ұрпақтары

Дерек жинау, тарихи құжаттар, ғылыми еңбектермен танысу мақсатында Ақтөбе, Орал, Астана, Алматы қалаларына барып, Алашорда тарихына байланыс­ты зерттеу жүргізген біраз азаматпен кездесіп, біршама пікірлестік. Нәти­же­сінде, Рахметолланың өмірге келген және араласқан ортасы, алған білімі, сая­си ұстанымы мен атқарған қызметіне қатысты біраз мәлімет жинақталды. Алайда оның қуғын-сүргіннен кейінгі тағдыры белгісіз еді. Ағайын-туысынан сұрастыра жүріп, «Рахметолла ағамыз өмірінің соңғы жылдарын Жамбыл облысы, Жуалы ауданының Бурное селосында өткізіп, бертінде қайтыс болған» деген жауап алдық. Сөйтіп, осы мәліметтерді пысықтау мақсатында Жуалы ауданына бірнеше рет барып, іздестірдік. Алайда аудан орталығы Бурное ауылында тұрған барша Қаржаубаевтар туралы деректер жиналғанымен, біз іздеген Рахметолла Қаржаубаев пен оның ұрпақтары жөнінде көңіл көншітерлік ақпарат табылмады. Осылайша, тұйыққа тірелген тұста Ақтөбе қаласында тұратын Маруся Қоңқышова апайдан Рахметолланың Дана есімді қызы болғанын, оның медицина саласында жұмыс істегені жөнінде дерек алдық. Осыны малданып іздеуді қайта жалғастырдық. Бір күні ойламаған жерден телефоныма Дана Қаржаубаевадан қысқа ғана хабарлама келді. Мына хабарды оқығанда, орнымнан қалай атып тұрғанымды білмедім. Бірден Дана апайға телефон шалып, аман-саулық сұрасып, танысқан соң Алаш қайраткерлерінің біз үшін қымбат екенін және Рахметолла Қаржаубаевты осы тұрғыда іздегенімді түсіндірдім. Дана Рахметоллақызы біраз үнсіз қалып барып: «Әкем балаларына: «Уақыт пен заман өзгереді, адамдар да, бәрі де өзгереді. Ол кезде басқа адамдар мен басқа заман, басқа түсінік болады. Көр де тұр, сол кезде бізді де, біздің жасаған ісімізді де іздейтін адамдар болады», – деп айтып отыратын. Сол айтқаны келіп тұр-ау», – деп даусы дірілдегендей болды. Кейін Дана апай мені кездесуге шақырды. Сөйтіп, Алаш ардақтыларының бірі Рахметолла Қаржаубаевтың ұрпақтарымен кездесуге Ресейдің Краснодар өлкесі, Брюховецк ауданы, Новое селосына бардым. Дана апайдың үш ұлы бар екен, екеуі осы Брюховецк ауданында тұрса, кенже ұлы Германияға қоныс аударған. 

Дана апайдың естелігі

Дана апай бізді әкесі туралы естелікке қарық қылды. «Әкемізді соттаған соң, 1935 жылы тауар тиейтін пойыз вагонымен Омбы қаласына әкеліп түсіріпті. Тұтқындарды одан әрі қиыр солтүстіктегі Коми жеріне қарай бағыттап, лагерьге дейін 600 шақырымдай жаяу айдап апарыпты. Әкемнің өкшесінде жілік сүйегіне дейін қаптаған тұтастай мүйізгек болатын, оны жуынған кезде жаны ауырып қырып отыратын-ды. Оған қарап біздің жанымыз ауырып, мен үнемі жылаушы едім. «Бұл – айдауда 600 шақырым жаяу жүргеннің нәтижесі» деп айтып отыратын», деп бас­тады апай әңгімесін.

 Алайда адамды қинаудың ең сорақы түрі жалғыз адамдық камерада (карцер) ұстау болса керек. Бүгінде Германияның Фюрт қаласында тұратын кенже баласы Шора Рахметоллаұлы бізбен Whatsapp желісі арқылы байланысқа шыққанда, әкесінің өз аузынан естіген Ухта жеріндегі азапты тағдыры туралы әңгімелеп берді. «Әкеміз он жылға сотталған, соның екі жылын өте қатаң жағдайдағы карцерде өткізген. Сол ауыр күндер туралы: «Тәулік бойы жападан-жалғыз отырған адамның ақыл-есі ауытқып, жынданып кетуі оп-оңай. Мұндай адамдар лагерьде жиі кездесетін. Осындай жағдайға тап болып, жынданып кетпес үшін мен орыс математигі Леонтий Магницкийдің есептерін іштей шығарып, Абайдың және Фирдоуси, Хафиз, Омар Хайям, Сағди сынды Шығыс шайырларының, А.Пушкин, М.Лермонтов, Н.Некрасовтың шығармаларын, басқа да көп­теген эпикалық, эпостық туындыларды, батырлар жырларын үнемі ойша қайта­лап, мезгіл-мезгіл күбірлеп айтып, уақыт өткізе­тін­мін», деп еске алып отырушы еді», деді.

Мәлімет жинау барысында Рахметол­ла­ның екі рет некелі болғанын естіп-білдік. Отағасының басына бұлт үйірілгенде бірінші әйелі екі баласымен Алматыға кеткен екен. Олардың кейінгі тағдыры белгісіз. Ал неміс ұлтының қызы – екінші әйелі­мен айдауда жүргенде танысып, одан ұрпақ сүйіп, өмірінің соңына дейін бірге тұрыпты. Дана апай бұған қатысты тағы бір бей­мәлім жайтты айтып берді. «Негізінде әкеміз үш рет некелескен екен. Мына жерде бірінші жолдасымен бірге түскен, – деп, алдыма ескі фотосуретті қойды. – Бұл шешеміз жас кезінде баласынан қайғылы жағ­дайда айырылып, соның күйігінен ауруға шалдығыпты. Әкем марқұм жарын Орынбор, Қазан, Петербор секілді ірі қала­­ларға апарып емдеткенмен, шипа қон­бай, ақыры жастай көз жұмған. Біраз уақыт өткен соң қайтадан отбасын құруға тура келген».

Мектеп көріп, мұғалім болған Рахметолла алған білімінің арқасында айдауда жүргенде орманнан кесіліп дайын­­­дал­ған ағаштың іс-қағаздарын реттеп, есеп-қисабын жүргізеді. Соның арқасында аз-мұз еркіндік пен азық-түлік жеңілдіктеріне ие болады әрі айналасын білімімен мойындата бастайды. Өзі сияқты талайлы тағдыр иесі, болашақ жары, неміс қызы Лидия Шнерді осы лагерьде жүргенде кездестіреді. Лидия Еділ бойында туған екен. 1941 жылы Еділ бойында тұратын немістерді күшпен қоныстандырғанда оның ата-анасы да депортацияға ұшы­рап­ты. Енді ғана тұрмысқа шығып, жүкті болған жас келіншек Лидия туыстарынан ажырап, тағдырдың айдауымен Коми жеріндегі лагерьге тап болады. Тұңғышы Владимирді Комидегі ағаш кесу жұмыстарында жүріп босанады. Осы кезде келіншектің аянышты да, азапты тағдырына қарсы тайталасқан қажыр-қайраты, өмірге деген құлшынысы Рахметолла Қаржаубаевтың назарын аударса керек. Оны жас сәбиімен бірге қамқорлығына алып, ақыры тіл табысып жұптасады. Владимирді баласындай қабылдап, өз тегін береді. Осылайша, лагерьдегі азапты күндерін бірге өткізеді. Рахметолла он жыл кесімді мерзімін 1943 жылғы 16 мамырда толық өтеп шығады. Алайда «халық жауы» ретінде одақ аумағында еркін жүріп-тұру құқығы болмайды. Амал­сыз­дан Ухта қаласындағы КСРО Ішкі істер министрлігіне қарасты лагерьлер жүйесінде экспедитор болып тағы үш жылға жуық жұмыс істейді. Қарап жатпай, туыстарын іздеп жан-жаққа хат жазады. Бостандыққа шықса да Рахметоллаға бұрынғы «алашордашы» ретінде Қазақстанның батыс аймағында тұруға рұқсат жоқ, ал Лидияға Еділ бойы­на оралуға болмайды. Сөйтіп, 1947 жыл­дың 6 қыркүйегінде жазалау тоза­ғы­ның азабынан толықтай құтылған қос мұңлық бір-біріне сүйеніп Қазақстанды бетке алады. Бірақ туған жеріне емес, Рахметолланың жамағайынын сағалап, Жамбыл облысының Меркі ауданына келіп табан тірейді. Мұнда да бірден жағдайы келісе қоймаған. Өйткені мұғалімдік жұмыс пен партия, кеңес органдарындағы қызметке тұруға рұқсат етілмейді. Түрлі кедергілерге қарамастан, отбасын асырау қамымен жұмыс таңдамаған олар алғырлығы мен білімінің арқасында 1947 жылғы 6 қазаннан 1950 жылғы ақпанына дейін Меркі ауданының Ақтоған, Тәтті, т.б. ауылдарында, 1950 жылғы мамыр-тамыз айларында Қызылорда облысының Тереңөзек ауданындағы түрлі мекемелерде есепші, инспектор қызметтерін атқарған. Кейін денсаулығына байланысты Жамбыл облысындағы Жуалы ауданының орталығы – Бурное селосына көшіп келіп, өмірінің ақырына дейін осы жерде тұрады. Еңбек жолын жеткіншектер жүрегіне білім нұрын себуден бастап, Батыс Алашорда үкіметінің негізін қалаған арыстармен қатар жүріп, ел үшін тарихи маңызды мәселелерді шешуге белсене араласқан, одан соң білімі мен күш-жігерін жаңа қалыптаса бастаған жас республиканың халық ағарту саласының дамуына жұмсаған қайраткер өмір жолын Бурное селосында (қазіргі Бауыржан Момышұлы ауылы) 1957 жылғы тамызында қарапайым күзетші болып аяқтап, құрметті демалысқа шығады.

Тағдыр жолында қаншама қиындық, сынақ пен азап кездескеніне қарамастан Рахметолла Қаржаубайұлы бұрынғы саяси идеялық көзқарасынан ешқашан бас тартпаған. 1946 жылы өзінен туған тұңғышы – қызының есімін Дана деп қойса, 1949 жылғы ұлын Едіге, 1952 жылы дүниеге келген үшінші перзентін Шора деп атапты. Мұны батылдық демей көріңіз! Ұлдарына рухты батырлар Едіге мен Шораның есімін беруі сол заманда үлкен ерлік еді. Бұл оның өз халқының тарихы мен мәдениетіне шексіз құрметі, еркін ел болсақ деген арманының жүзеге асуын іштей аңсауы, кеңестік солақай саясатқа деген наразылығы десек те болады.

1958 жылғы 25 желтоқсанында Ақтөбе облыстық соты төралқасының қау­лы­­сы­мен Р.Қаржаубаевтың ісінде қылмыс анықталмағандықтан тоқтаты­лып, Қазақ КСР Жоғарғы сотының қаул­ысы­мен толық ақталып шығады. Алаш ардақ­тыларымен үзеңгі қағыстыра қатар жүріп, ел ертеңі үшін күрескен Рахметолла Қаржаубайұлының жүрегі 1970 жылғы 28 ақпанда жасы 76-ға қараған шағын­да мәңгілікке тоқтайды. Оған Жуалы ауданын­да­ғы қазіргі Бауыржан Момышұлы ауылынан топырақ бұйырды. Алашорда офицерінің бейіті Жуалы жерінде ешкімге белгісіз, елеусіз күйі жатыр. Бұл – Атырау облысының іс басындағы лауазым иелерінен бастап, жалпы өлке тарихы мен мәдениеті үшін жанашыр азаматтарына ой саларлық, сын боларлық жағдай. Мүмкіндік болса, Рахметолла Қаржаубайұлының басына заман талабына сай қоғамдық қызметі толық жазылған ескерткіш немесе құлпытас белгі орнатылса деген ұсынысым бар. Бұл бір ғана Қаржаубаевтың есімін дәріптеу емес, барша Алаш қайраткерлеріне көрсетілген зор құрмет болар еді.

 

Көптілеу ТӘЖІҒАЛИЕВ

 

Атырау – краснодар – жуалы 

Соңғы жаңалықтар