Білім • Бүгін, 08:15

Отандық оқу орындарының өрісі

10 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Отандық жоғары оқу орындарының білім беру географиясы кейінгі жылдары өз өрісін кеңейте бастады. Әдетте біз Қазақстанда ашылған шетелдік университеттердің филиалдары мен орталықтары туралы көп білеміз. Алайда еліміздің шекарасынан шығып, алыс-жақын шетелдерде де студенттер тартып, төл дипломмен маман даярлап отырған жоғары оқу орындары барынан бейхабармыз.

Отандық оқу орындарының өрісі

Сурет «Егемен Қазақстанның» архивінен алынды

Қанша филиал бар?

Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында Ғылым және жоғары білім министрлігіне сұрау салдық. Сондағы дерекке сүйенсек, кейінгі 3 жылда отандық жоғары оқу орын­дарының 5 филиалы шетелде ашылды.

Атап айтқанда, 2022 жылдан бастап Бішкек қаласында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ филиалы жұмыс істейді, Қырғыз Республикасындағы ОШ мем­лекеттік университетінің базасында Л.Н.Гумилев атын­дағы ЕҰУ филиалы; 2023 жылы Өзбекстандағы Шыр­шық қаласында Әуезов уни­верситетінің филиалы, Тә­жікстандағы Душанбе қаласын­дағы Осими атындағы Тәжік мемлекеттік университетінде Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ бірлескен ақпараттық технологиялар факультеті ашылды. 2025 жылы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Ресей Федерациясындағы Омбы мемлекеттік университетінің базасындағы филиалы жұмыс істей бастады.

Бұл филиалдарда қандай мамандықтар оқытылады, гранттар қарастырылған ба, профессор-оқытушылар құра­мы қандай, қанша талапкер қабылдауға қауқарлы? Осы­лардың негізгілерін тар­қатып, сұрақтарға жауап іздеп көрдік. 

ҚазҰУ-дың кеңейген картасы

Былтыр ғана Ф.М.Дос­тоев­ский атындағы Омбы мем­лекеттік университетінің базасында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті филиалының ресми түрде ашылғаны белгілі. Бұл – Ресейде тұңғыш рет ашылған отандық жоғары оқу орнының филиалы. Биылғы қыркүйек айында талапкерлерді қабылдаған филиалға Қазақстан мен Ресей үкіметтері студенттерді оқыту үшін арнайы 200 грант бөлген. Филиалға жалпы 200–250 талап­керді қабылдау жоспарланып отыр.

Ғылым және жоғары білім министрлігі таратқан ақпаратқа сүйенсек, ҚазҰУ-дың Омбыдағы филиалы «Халықаралық құ­қық», «Қазақ филологиясы» және «Кеден ісі» сияқты білім бағдарламалары бойынша бакалавр мен магистрлерді даярлайды. Болашақта қос дипломды білім бағдарламасы жүзеге асырылмақ. Филиалдағы оқу үдерісін ұлттық университеттің профессор-оқытушылар құ­рамы қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жүргізеді. Алдағы уақытта шетелдік ғалымдарды тарту көзделіп отыр.

Қазіргі уақытта филиалда оқу-әдістемелік қызметке арналған 10 кабинет жасақталған. Атап айтқанда, студенттер Шоқан Уәлиханов атындағы кеден ісі, Абай атындағы қазақ тілі және Нәзір Төреқұлов атындағы халықаралық құқық кабинеттерінде дәріс тыңдайды. Осыған қоса басшылық пен профессор-оқытушылар құ­рамы үшін 5 кабинет, 7 оқу аудиториясы және коворкинг орталығы қарастырылған.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Бішкек қаласындағы филиалы 2022 жылғы 26 мамырда ашылды. Оның ресми ашылу рәсімі Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаровтың қатысуымен өткен болатын. Бүгінгі таңда филиалда 12 бакалавриат бағдарламасы және бейіндік магистратура бойынша білім беріледі. Ең көп сұранысқа ие мамандықтар қатарында – «Құқықтану», «Менеджмент», «Компьютерлік инженерия» және «Шетел филологиясы» бар. Қазіргі уақытта филиалда 750-ге жуық студент оқиды, ал 2025–2026 оқу жылына 630-дан астам талапкер қабылданған. Дәрістер қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жүргізіледі.

Оштағы ұлттық университет филиалы

Өткен жылғы тамыз айында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің филиалы Қырғыз Республикасында ашылды. Филиал Бішкек қала­сындағы Ош мемлекеттік уни­верситетінің базасында құ­рылды. Бұл жұмыс Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қыр­ғыз Республикасына ресми сапары аясында ұйымдастырылған еді.

Мемлекет басшысы сапа­рының қорытындысы бойынша өткен баспасөз брифингінде белгілі болғандай, Қазақстан Үкіметі қырғыз студенттеріне 50 грант бөліп отыр. Келесі жылдан бастап грант санын 60-қа дейін көбейтпек.

ЕҰУ-дың Ош мемлекеттік университетіндегі филиалы экология, ақпараттық-ком­муникациялық технологиялар және қызмет көрсету саласы бойын­ша мамандарды дайындайтын болады. Сондай-ақ филиал базасында екі елдің студенттері орыс тілі мен әдебиеті, аударма ісі, шет тілі, журналистика, физика мамандықтары бойынша білім алып, оқуын аяқтаған соң екі университеттің қос дип­ломын алады, осыған қоса бірлескен зерттеулер жүргізуге де мүмкіндіктер қарастырылған.

Сонымен қатар Л.Н.Гу­милев атындағы Еуразия ұлттық уни­верситеті акаде­миялық ұтқырлық және қос дипломдық білім беру бағдарламалары бойынша Қырғыз Республикасының 16 университетімен ынты­мақтастық орнатқан. Тағы бір әріптестікке аталған университет Душанбеде өтіп жатқан Орталық Азия елдері жоғары оқу орындары ректорларының ІІ форумында қол жеткізген еді. Форум барысында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті және М.С.Осими атындағы Тәжік техникалық университеті бірлесіп факультет құруға келіскен. 

Шыршықтағы шаңырақ

Осыдан 3 айдай бұрын Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Өз­бекстан Республикасының Шыршық қаласындағы Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университеті филиалының жұмысымен танысуға барды. Сол кездегі таратылған ақпаратқа қарағанда, екіжақты келісім Қазақстан мен Өзбекстан жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға, академиялық алмасуды кеңейтуге, ғылыми байланыстарды дамытуға және жаңа білім беру бастамаларын қалыптастыруға бағытталған. Екі ел жастары арасындағы достықты нығайту және бір­лескен инновациялық жобаларды ілгерілетуге ерекше назар аударылды. Бұл өз кезегінде Қазақстан мен Өзбекстан жоғары оқу орындары ара­сындағы ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын, академиялық мобильдік, цифрландыру және инновациялар саласындағы тәжірибе алмасуды, университеттер мен өнеркәсіптік кәсіпорындар арасындағы байланыстарды нығайту мәсе­лелерін талқылап, бірлескен білім беру бағдарламалары мен ғылыми бастамаларды іске асыру арқылы қолға алынбақ.

Тараптар филиалды аралау барысында бірқатар оқу аудиториялары мен зертханаларда өтіп жатқан білім беру үдерісін көзбен көрді. Делегация өкілдері университеттің құқықтану бағыты бойынша арнайы жабдықталған оқу-сот залына кіріп, жас мамандардың кәсіби дағдыларды меңгеру деңгейіне оң баға берді. Сонымен қатар ақпараттық технологиялар бағыты бойынша роботтехника, бағдарламалау және цифрлық инженерия кабинеттерінде болып, студенттердің IT жоба­ларымен танысты.

P.S. Елімізде шетелдік жоғары оқу орындарының бөлімшелері, факультеттері мен филиалдары ашылып жатқаны жақсы үрдіс болар, алайда оқыту арқылы әл-ауқатын көтеріп отырған елдерден үлгі ретінде отандық білімді «экпорттауға» мән бергеніміз маңызды. Алғашқы қадамдар бар екенін жаздық. Бұл – біздегі жоғары білім жүйесінің халықаралық деңгейге бет алғанының белгісі. 

Соңғы жаңалықтар