Коллаждарды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Президент өз сөзінде ел бірлігі мен ортақ мақсат жолындағы жұмылған күштің нақты нәтижелерін тілге тиек етті. «Біз бір ел, бір халық болып жұмыла білгеннің арқасында өткен жылды мол табыспен аяқтадық. Былтыр экономикамыз 6,5%-ға өсті. Еліміздің ішкі жалпы өнімі 300 млрд доллардан асты. Жан басына шаққандағы көрсеткіш Тәуелсіздік тарихында тұңғыш рет 15 мың доллар болды. Бұл – бүкіл Орталық Азия аймағы бойынша рекордтық нәтиже. Ұлттық қордың валюталық активтері 5 млрд долларға ұлғайды. Алтын-валюта резерві ең жоғары деңгейге жетіп, 65 млрд доллардан асты. Шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесі 40%-ға жақындады. Халық саны 20,5 миллионға жуықтады. Орташа өмір сүру ұзақтығы 75,4 жасқа жетті. Ең бастысы – қоғам өзгерді, реформалар тұрақты сипат алды», деді Мемлекет басшысы.
Агроөнеркәсіп кешенінің былтырғы даму қорытындылары осы оң өзгерістердің ауыл өмірінде де нақты көрініс тапқанын көрсетеді. Жер қатынастары саласында өз мақсатына сай пайдаланылмай жатқан 453,1 мың гектарды құрайтын 2434 ауыл шаруашылығы жері анықталды. Соның ішінде 91,1 мың гa немесе 298 жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылып, жоспар 101,2%-ға орындалды. Ал жоспарда 90 мың гa жер қайтарылуға тиіс болатын. Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің екінші форумында Президент бұл саланың мемлекеттік стратегиялық маңызға ие екенін тағы бір мәрте айқындады. «Халқымыз «Егін ексе – ел тоқ» деп бекер айтпаған. 2024 жылы біз мол астық алып, кейінгі он жылдағы рекордтық көрсеткішке қол жеткіздік. Биыл да күзгі жиын-терін берекелі болды. Диқандарымыз 27 млн тонна астық жинады. Әр өңір ел қамбасына мол үлес қосты. Соның ішінде Ақмола облысы 7,5 млн тонна астық жинап, ең жоғары көрсеткішке ие болды. Қазір халқымыздың 37%-ы, яғни 7,5 млн адам ауылда тұрады. Ауыл – халқымыздың тамыры, рухани қазығы», деді Мемлекет басшысы.
Кейінгі үш жылда ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігі 37,3%-ға артып, еліміз жаһандық азық-түлік қауіпсіздігі рейтингінде 32-орынға тұрақтады. Алайда Президент атап өткендей, саланың әлеуеті әлі де толық пайдаланылып отырған жоқ. Еліміз жайылымдық жер көлемі жөнінен әлемде алтыншы орында тұр, егістік алқабының ауқымы жөнінен сегіз елдің қатарындамыз. Осы мүмкіндікті тиімді әрі ұтымды игеру экономикалық қуатты еселей түсері анық. 2015 жылдан бері ауыл шаруашылығы саласында өндірілген өнім көлемі 2,5 есеге артты. Он жыл бұрын бұл көрсеткіш 3,3 трлн теңге болса, бүгінде 8,3 трлн теңгеге жетті. Мемлекет басшысы 2030 жылға қарай осы көлемді тағы екі есеге арттыру міндетін қойды. Былтырғы 11 айда агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға 148,8 млрд теңге инвестиция тартылып, жылдық жоспар 110%-ға орындалды. Бұл 2024 жылғы көрсеткіштен 3,2 есеге артық. Ауыл шаруашылығы өндірісінің жалпы көлемі 11 айда 720 млрд теңгені құрап, 102%-дық өсім көрсетті.
Жер көлемі жөнінен әлемдегі екі жүзден астам мемлекеттің ішінде тоғызыншы орында тұрған еліміздің климаты төрт түлікті көбейтуге өте қолайлы. Сондықтан мал шаруашылығын дамытуға баса мән беріліп отыр. 2024 жылы жайылымдық жерлерге су тартуға, мал бордақылау алаңдарын салуға, асыл тұқымды мал сатып алуға 60 млрд теңгеден астам субсидия бөлінді.
Ресми деректерге сәйкес, былтырғы 11 айда төрт түлік пен құс саны 18%-ға артты. Ірі қара мал 20%, жылқы 21%, түйе 35%, қой мен ешкі 9%-ға көбейді. Құс шаруашылығында да 8% өсім тіркелді. 2024 жылы ет өндірісі 237,9 мың тоннадан 246,5 мың тоннаға жетті. Сүт өндірісі 6%-ға артты. Ірі жобалар бағдарламасы аясында қаржыландырылған 12 сүт фермасына шетелден 2,6 мың бас асыл тұқымды ұрғашы мал жеткізіліп, одан 1,2 мың бас төл алынды. Қазіргі таңда бұл шаруашылықтар өндірілетін сүттің 48%-ын қамтамасыз етіп отыр.
Өңдеу деңгейі 88%-ға жетті. Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданындағы «Агро-Балтабай» ЖШС мал бордақылау алаңдарын несиелеу бағдарламасы арқылы Аграрлық несие корпорациясынан 1,5 млрд теңге несие алып, өндірісті жүйелі жүргізіп келеді. Сонымен қатар «Прима құс» серіктестігі құрылыстың екінші кезеңін іске қосуды осы жылдың ақпан айына жоспарлап отыр. Жоба толық іске асқан жағдайда құс етін өндіру көлемі 8,8 мың тоннаға артады.
Агроөнеркәсіп кешенін дамыту – елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің, ауылдың тынысын ашудың, ұлттық экономиканы нығайтудың басты тетігі. Қара жерге еңбек сіңіріп, маңдай терін төккен халықтың еңбегі ақталса, ауыл да гүлденеді, ел де еңсесін тіктейді. Жердің иесі – халық. Жер жай ғана өндіріс құралы емес, тіршілік тірегі. Сондықтан жекелеген латифундистердің кең алқапты меншіктеп алып, оның игілігін өз пайдасына ғана жаратып, ал қарапайым шаруа адамның жерге зәру күй кешуі – әділетке де, елдік ұстанымға да жат құбылыс. Бұл түйткілді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің форумында ашық айтып, игерілмей жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтарып, еңбек етемін деген азаматтарға заң аясында үлестіруді нақты тапсырды. Осы бағытта 2022 жылдан бері жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді. Соның нәтижесінде 14 млн гектардан астам ауыл шаруашылығы жері мемлекет меншігіне қайтарылды. Ендігі міндет – осы жерлерді қайта айналымға енгізу кезінде әділетсіздікке жол бермеу. Ел экономикасына үлес қосып, кәсібін дөңгелетемін деген азаматтар жерге қол жеткізуде тосқауылға ұшырамауға тиіс. Былтыр Президент қыркүйек айындағы Жолдауында қайтарылған жерлерді толыққанды игеріп, нақты іске асыруды тапсырды. Әкімдіктерге жоспарды қағаз жүзінде емес, нақты нәтижемен орындау жүктелді.
Үкімет әзірлеп жатқан мал шаруашылығы саласындағы бизнесті қолдау жоспары іске асқанда, жайылымдық жерлер ең алдымен, ауыл тұрғындарына, осы саланы дамытуға ниетті инвесторларға берілуге тиіс. Сонымен қатар Үкіметтің ауқымды міндеттерінің бірі – Жер ресурстарының бірыңғай цифрлық картасын әзірлеу. Алдағы үш жылда толыққанды цифрлық мемлекетке айналуды мақсат еткен елімізге бұл жобаның маңызы айрықша.
Бұрын жер телімдерін бөлу кезінде заңға қайшы әрекеттер, «бармақ басты, көз қыстылық» аз болмаған. Жемқорлық пен парақорлық бұл саланың да өзегін кеулегені белгілі. Мұндай кеселден арылмай, алға жылжу мүмкін емес. Сол себепті жер телімдерін бөлу толықтай электрондық форматта, конкурс арқылы жүзеге асуы қажет. Ең бастысы – конкурс ашық, жария, еш бүкпесіз өтуге тиіс. Ал жерге ие болған әрбір азамат оған артылған жауапкершіліктің салмағын терең сезінуі қажет.
Ауыл шаруашылығын өркендетудің тағы бір шешуші тетігі – су. Тіршілік нәрінсіз егін де, мал да өнім бермейді. Осы мақсатта елімізде Ислам даму банкі арқылы қаржы тартылып, бірқатар ірі жобалардың техникалық құжаттары әзірленіп жатыр. Су инфрақұрылымын жаңғырту бағытында нақты істер атқарылуда. Мәселен, Алматы облысының Кеген ауданында ұзындығы 9,6 шақырым Мөңкебай, 5,8 шақырым Қарқара каналдары жөндеуден өтті. Құмтекей каналындағы жөндеу жұмысының 34%-ы орындалды. Жоспар бойынша 51,5 шақырым жөнделуге тиіс болса, бүгінде 17,4 шақырымы жаңғыртылды. Райымбек ауданындағы Әбдіхалық, Талас каналдарына бетон арналар орнатылып, кем-кетігі бүтінделді. Қонаев қаласының іргесіндегі Сарыбұлақ ауылындағы №5 сорғы стансасына жаңа құбырлар тартылды. Іле ауданындағы Шала, Қосөзен каналдары жөнделді. Жамбыл ауданындағы Тарғап суқоймасында демонтаж, бетон құю жұмысы жүргізіліп, Жайсан суқоймасы механикалық тазалаудан өтті. Аққайнар, Мәтібұлақ, Горный, Загатскот-2 суқоймаларының табаны қазылып, тегістелді. Облыстық бюджет есебінен Қарасай ауданындағы «К-25» суқоймасына күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Кеген ауданындағы жайылымдық жерлерге су жеткізу мақсатында 78 құдыққа құбырлар орнатылды. Райымбек ауданындағы Қабанды, Шибұт бөгеттерінің құрылысы толық аяқталды. Ұйғыр ауданында Сұңқар, Тиірмен суқоймаларын салу жобалары мемлекеттік сараптамаға жолданды. «Алматыоблсушар» мекемесі ішкі шаруашылыққа қажетті 647 шақырым каналға қызмет көрсетті. Соның ішінде Еңбекшіқазақ ауданында 430,5 шақырым, оның 91 шақырымы «Қазсушар» ҮАК-ке өтемсіз берілген каналдар, Іле ауданында – 34 шақырым, Талғар ауданында – 92,5 шақырым, Қарасай ауданында – 22 шақырым, Жамбыл ауданында – 47 шақырым, Ұйғыр ауданында – 8,5 шақырым, Райымбек ауданында – 12,5 шақырым, сондай-ақ Бақанас, Тасмұрын магистралды каналдарының 1,3 шақырымы механикалық тазалаудан өткізілді.
Зерттеушілердің болжамынша, 2035 жылға қарай әлемде мал етіне сұраныс 233 млн тоннаға жетуі мүмкін. Демек, төрт түлікті өсіремін деген азаматтарға қолдау көрсету – стратегиялық міндет. Азық-түлік нарығындағы бәсеке күшейген тұста сапа мен ғылымды қатар ұстау – агросаланың басты шарты. Ауыл шаруашылығы дамыса, ауыл да көркейеді, тіршілік те түлейді.
Кейінгі кезде Қаржы министрлігі мемлекеттік қолдау тетіктерін қатаң сынға алып жүр. Жеке мектептер мен медицина саласында әшкереленген фактілермен келісуге болады. Былық көп-ақ. Алайда ауыл шаруашылығына келсек, айтылған сынның біразын қисынсыз деп атауға болады. Жер сүмесін еміп, ауыл адамдарына қарайласып жүрген шаруашылықтардың жұмысы оңай емес. Кей кезде шетелден әкелетін мал объективті себептермен уақытында келмейді. Кей кезде табиғат аяқтан шалып, өз үстемдігін көрсетеді. Сондықтан да агроөнеркәсіп кешенін қорғап, қолдап отырғанымыз жөн.
Жанболат ЖӨРГЕНБАЕВ,
Сенат депутаты