Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Үкімет проактивті инвестициялық саясатты жүйелі түрде іске асырып келеді. Бұл ретте жасанды интеллектіні дамыту мен цифрлық трансформация ұлттық басымдықтардың бірі ретінде айқындалған. Міндеттерді жүзеге асыру үшін тиісті институционалдық база қалыптасты. Атап айтқанда, халықаралық сарапшылардың қатысуымен Президент жанындағы жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңес құрылып, Цифрлық штаб жұмысын бастады. Халықаралық Alem.ai жасанды интеллект орталығы ашылып, «Деректерді өңдеу орталығы алқабы», Astana Hub экожүйесі секілді ірі инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылып жатыр. Бұған қоса стартаптарды қолдауға бағытталған Венчурлық инвестициялар қоры іске қосылып, «Playrix», «Mytona», «NetCracker» сияқты құны 1 млрд доллардан асатын халықаралық компаниялар отандық нарыққа шықты.
Отырыс барысында Премьер-министр аталған бағыттағы жұмыстардың ел экономикасы үшін стратегиялық маңызына тоқталды. Оның айтуынша, цифрлық секторды қарқынды дамыту мен IT қызметтері экспортының көлемін биыл 1,2 млрд долларға дейін жеткізу көзделіп отыр. Жалпы алғанда, цифрлық трансформация мен жасанды интеллектіні енгізу тұрақты экономикалық өсудің, мемлекеттік басқару тиімділігін арттыру мен азаматтардың өмір сапасын жақсартудың маңызды тетігі саналады. Осы тұрғыда Үкімет барлық салада инвесторлармен ашық әрі сындарлы диалог орнатуға дайын.
Жиында Кеңестің 37-жалпы отырысында берілген тапсырмалардың орындалу барысы да қаралды. Өткен жылы инвестициялық тартымдылықты арттыру мақсатында инвесторлық виза берудің жаңа ережелері бекітіліп, шетелдік азаматтарға 10 жылға дейін елде тұруға мүмкіндік беретін «Алтын виза» тетігі енгізілді. Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров ұлттық қауіпсіздік талаптарын ескере отырып, сертификатталған бұлтты сервистерді пайдалану тәртібін реттеу бойынша қабылданып жатқан шаралар жөнінде баяндады. Бұған қоса, Салық кодексіне енгізілген өзгерістерді түсіндіру мен шетелдік инвесторлар көтерген өзекті мәселелерді талқылау мақсатында бірқатар кездесу өткізілгені айтылды.
Кеңестің 38-пленарлық отырысына дайындық барысы туралы Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев баяндады. Оның айтуынша, цифрлық елге көшуге қажетті құқықтық және технологиялық негіз қалыптасты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған Цифрлық кодекс, жасанды интеллект негізіндегі шешімдердің кезең-кезеңімен енгізілуі, отандық ірі тілдік модельдер мен мемлекеттік цифрлық сервистердің дамуы – соның айғағы. Бұл үдерісте адам капиталын дамыту мен цифрлық кластерді нығайтуға басымдық беріліп отыр.
Отырыс барысында инвестициялық саясатты іске асыру, энергетика, экология мен мұнай-газ салалары, еңбек заңнамасы, адам капиталын дамыту, шетелдік жұмыс күшін тарту, цифрландыру, денсаулық сақтау мен фармацевтика өнеркәсібі бағыттары бойынша бірлескен жұмыс топтарының баяндамалары тыңдалды. Кедендік құн мен ҚҚС бейтараптығы, мұнай-газ секторындағы метан қалдықтарын халықаралық тәжірибе негізінде реттеу, шетелдік мамандарды визалық қолдау мен тәлімгерлік институтын дамыту мәселелері көтерілді. Сондай-ақ бұлтты сервистерді реттеуде инновация мен қауіпсіздік арасындағы тепе-теңдікті сақтау қажеттілігі, денсаулық сақтау саласында дуальды білім беру мен мемлекет-жекеменшік әріптестікті дамыту маңыздылығы аталып өтті.
Салалық министрліктердің басшылары инвесторлар тарапынан қойылған сұрақтарға қатысты өз ұстанымдарын білдірді. Энергетика саласына цифрлық шешімдерді енгізу тәжірибесіне ерекше назар аударылды. Әуе электр желілерін тексеруде қолданылып жатқан жасанды интеллект негізіндегі дефектоскопияның тиімділігі нақты деректермен көрсетілді. Пилоттық жоба аясында екі күн ішінде 618 тірек тексеріліп, мыңдаған ақау анықталған. Зақымдануды тану дәлдігі 98%-ға жеткен. Бұған қоса тепловизия, лидар мен роботтандырылған құбырішілік диагностика жүйелерін енгізу желілердің жағдайын дәл бағалап, шығынды едәуір азайтуға мүмкіндік берген. Шымкенттегі пилоттық жоба жылу желілерін тексеру кезінде үнемділікке 70%-ға дейін қол жеткізуге болатынын көрсетті. Газ саласында есептегіш көрсеткіштерін автоматты тануға арналған ЖИ көмекшісі де операторлық жүктемені азайтып, адам факторына байланысты қателерді төмендеткен.
Шетелдік инвесторлармен ашық диалог барысында бірқатар нақты ұсыныстар айтылды. «Marubeni» корпорациясы жапондық компаниялардың жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды, соның қатарында әлеуметтік осал топтарды қолдау бағытында қолдануға қызығушылық танытты. «Polpharma» компаниясы пациенттердің қауіпсіздігі мен жалған дәрі-дәрмекпен күрес мәселесін көтерді. Бұл ретте Денсаулық сақтау министрлігі дәрілік заттарды міндетті таңбалау жүйесін енгізу жоспарланып отырғанын хабарлады. Бұған қоса CNPC, EY, JP Morgan, Kazzinc (Glencore) өкілдері мұнай тасымалы тарифтері, деректерді локализациялау, тау-кен-металлургия кешеніндегі салық салу мәселелерін ортаға салды.
Жиын қорытындысында Премьер-министр барлық айтылған ұсынысты мемлекеттік органдар мен «Қазақстандық шетелдік инвесторлар кеңесі» қауымдастығы бірлесіп пысықтауы тиіс екенін тапсырды. Сондай-ақ Кеңес аясында Олжас Бектенов шетелдік компаниялар басшыларымен бірқатар екіжақты кездесу өткізді. Еуропалық қайта құру және даму банкінің өңірлік басшылығымен еліміздегі 12 млрд доллардан астам қаржыны қамтитын жобалар перспективалары талқыланса, Beeline Kazakhstan басшылығымен цифрлық инфрақұрылымды дамыту мен бірлескен инновациялық жобаларды іске асыру мәселелері сөз болды.
Премьер-министр Үкіметтің инвесторлар бастамаларына қажетті қолдау көрсетуге дайын екенін тағы да еске салып, салалық министрліктерге жасанды интеллект пен цифрлық шешімдерге негізделген жаңа жобаларды жан-жақты қарауды тапсырды.