Экономика • Бүгін, 08:33

Балық шаруашылығына серпін береді

10 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Биылдан бастап бағалы балық өсіретін шағын фермалар субсидия ала бастайды. Мемлекет бұған дейін жылына, кем дегенде, 45 тонна өнім шығаратын шаруашылықтарды ғана қаржылай демеп келген. Биыл инвестициялық субсидия алу шегі 25 тоннаға дейін төмендетілді. Аквамәдениет саласындағы шағын бизнес өкілдері мемлекеттік қолдау аясының кеңеюі өңірде балық шаруашылығының дамуына едәуір серпін береді дейді.

Балық шаруашылығына серпін береді

Мамандар фермерге жылына 45 тонна балық өндіруге шамамен 1 млрд теңгедей қаржы керек екенін айтады. Шағын бизнес үшін өндіріске мұндай қо­­­мақ­ты қаражат салу қиынға соға­тыны белгілі. Сондықтан мем­­лекет тарапынан осы салаға кәсіп­тенген шағын кәсіп­керлерге дем беретін көптеген қо­лайлы жағдай қарастырылып жатыр. Мәселен, өткен жылы балық шаруашылығын жүйелі жолға қою мақсатында «Аква­шаруа­шылық туралы» заң қабыл­­дан­ды.

«Аталған заң бағалы балық өсіретін шағын фермалардың дамуына серпін береді. Мысалы, кәсіпкер­лерге субсидиядан басқа, жеңілдетілген несие қарастыры­лып отыр. Атап айтсақ, балық өсіретін жаңа шаруашылық салуға немесе оны кеңейтуге, балық өңдеуге 2,5 пайызбен бюджеттік несие қарастырылған. Одан кейін кәсіпкердің қаражат айналымын толықтыру мақсатында 5 пайыздық жеңілдетілген несие беру көзделіп отыр. Өйткені балықты жасанды жағдайда өсіретін фермалар жемге көп қаржы жұмсайды. Ал жеңілдетілген несие фермердің тарықпай жем, шабақ сатып алуы­на мүмкіндік береді. Сонымен қатар заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, әкімшілік кедергілерді алып тастау бойынша көптеген жұмыс жүргізілді. Сондай-ақ енді шалғай елді мекендерде кәсіпкерлер «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында ша­ғын балық шаруашылығын аша алады», дейді Тобыл–Торғай облыс­аралық бассейндік балық шаруа­шы­лығы инспекциясының басшысы Береке Тоғаев.

Облыс көлемінде балық шаруа­шы­­лығында маңызы бар 187 су ай­дыны жеке пайдаланушыларға бекітіліп берілген. Соның 56-сы тауарлы балық өсірумен айналысады. Олар былтыр 750 тонна балық өндірген. Мұның сыртында, Тобыл қаласында жасанды жағдайда балық өсіретін жалғыз индустриялық шаруашылық бар. Аталған шаруа­шылық жабық ғи­марат ішіндегі 16 бассейнде бе­кіре өсіреді. Шаруа­шы­лық басшысы Валентин Ищенконың айтуын­ша, мемлекеттік субсидия алу мүмкіндігінің кеңеюі шағын фермалардың қуатын арттырып, өндіріс көлемін ұлғайтуға жол ашады.

«Біз 2024 жылы 300 млн теңге қаржыға жаңа ғимарат салып, өндірісті іске қостық. Бірақ жылына 45 мың тонна өнім бере алмайтын болғандықтан, мемлекеттік субсидиядан қағылдық. Оған қол жеткізу үшін өндіріске тағы
300 млн теңге қаржы салу қажет болды. Бұдан тыс бассейнге, жемге, су құбырын тазартуға субсидия берілуі тиіс еді. Бірақ ол субсидия алдымен бассейн немесе азық сатып алып немесе балықты өсіріп, оны сатқан соң ғана қолға тиеді. Сол себепті тиісті құжаттарды ресімдеп, құзырлы орынға көрсету керек болды. Бұлай істеуге шамамыз жетпей, тек несие пайызын жабуға бөлінген субсидияны ғана алдық. Енді мемлекет тарапынан қолдау күшейеді. Биыл 25 тонна балық өткізуді жоспарлап отырмыз. Демек, субсидияға ілігеміз деген үміт бар. Бұл жеңілдік басқа фермаларды да ынталандыратыны сөзсіз. Инвестициялық субсидия алсақ, дәл осындай қосымша кәсіпорын саламыз. Құрал-жабдық аламыз. Өндірісті кеңейтеміз, дейді кәсіпкер. Шаруашылық иесінің  айтуынша, бекіре шабағы тауарлы балыққа айналғанға дейін оны бағып-қағу керек. Оның ауыртпалығы көп. Жабық бассейн­дегі балықтың ойдағыдай өсіп-жетілуіне суды үнемі тазартып, оттегімен байы­тып отыру керек. Мұның сыртында, балықтың жемі, суы, дәрі-дәрмегі бар, шығыны шаш етектен. Енді осының бәрі мемлекет тарапынан субсидияланады» .

Тобыл–Торғай облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының мәліметінше, биыл өңірде қосымша 40 су айдыны «Е-қазына» электрондық порталы арқылы бәссаудаға түсіп, жеке кәсіпкерлерге пайдалануға беріледі.

 

Қостанай облысы 

Соңғы жаңалықтар