Сауда • Кеше

Шетелден зат алу ережесі өзгерді: Салық қалай есептеледі?

30 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қаңтар айында Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесі шетелдік интернет-дүкендерден жасалатын сатып алуларға қатысты жаңа ережелерді бекітті. Бұл талаптар ЕАЭО-ға кірмейтін елдерден (Қытай, АҚШ, Еуропа және т.б.) тапсырыс берілетін тауарларға қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Шетелден зат алу ережесі өзгерді: Салық қалай есептеледі?

Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметінің түсіндіруінше, ЕАЭО ережелеріне сәйкес, енді шетелден интернет арқылы сатып алынған барлық тауарлар жеке пайдалануға арналған кәдімгі тауарлар деп саналмайды. Олар «электрондық сауда тауарлары» деген жеке санатқа енгізілді. Бұл санат үшін жеке кедендік баж, салық, бөлек кедендік декларация қарастырылған. Электрондық сауда тауарлары үшін жаңа кедендік баж мөлшерлемесі бекітілді.

ЕАЭО елдеріне тауарды бажсыз әкелу шегі – 200 еуро болып қала береді. Егер тауардың құны 200 еуроға дейін болса, кедендік баж да, ҚҚС та төленбейді. Егер тауардың құны 200 (118 мың теңге) еуродан асса, онда сатып алудың толық сомасынан 5% кедендік баж, 16% қосылған құн салығы (ҚҚС) төленеді. Бұрын баж тек 200 еуродан асқан бөлігіне ғана салынатын.

Маркетплейстердегі тауарлар мен қызметтерді бөліп төлеу ережесі реттелмек

«Осылайша, шетелдік интернет-платформадан құны 200 еуродан аспайтын тауар сатып алған жеке тұлға кедендік баж да, ҚҚС та төлемейді. Ал шектен асқан жағдайда 5% баж және 16% ҚҚС төленеді», делінген хабарламада.

Комитет кейбір тауарлар үшін ерекше мөлшерлемелер қолданылатынын атап өтті.
Жеңіл автокөліктерге баж кәдімгі жеке көліктер сияқты – шығарылған жылы мен қозғалтқыш көлеміне қарай есептеледі.

Электромобильдерге, мотоциклдерге, яхталарға және ескек қайықтарға – 15% баж қолданылады. Сондай-ақ электрондық саудаға жатпайтын тауарлар тізімі бар. Олар үшін әдеттегі кедендік декларациялау тәртібі сақталады:

  • Алкоголь өнімдері;
  • Темекі;
  • Асыл тастар мен қымбат металдар;

Маркетплейстерде «Қазақстанда жасалған» деп аталатын арнайы бөлім ашылады

Бұрын шетелден алынған интернет-сатып алулар жеке пайдалану тауарлары ретінде рәсімделетін. Мұны тек қарапайым тұтынушылар ғана емес, салық төлемей қайта сату үшін тауар әкелгендер де пайдаланған. Соның салдарынан мемлекет салықтан айырылып, ал жергілікті сатушылар шетелдік маркетплейстермен салыстырғанда тең емес жағдайда қалған. Жаңа ережелер электрондық сауда тауарларын жеке санатқа бөліп, 200 еуроға дейін – салықсыз, ал одан асса – баж бен ҚҚС салу тәртібін енгізеді.

Қазіргі уақытта бұл ережелердің нақты күшіне ену күні белгісіз. Ведомство мәліметінше, тиісті хаттама ЕАЭО-ға мүше барлық елдер ішкі рәсімдердің аяқталғаны туралы хабарлама жібергеннен кейін ғана күшіне енеді.

Соңғы жаңалықтар