Қаржы • Бүгін, 09:02

Қазына қаржысы мақсатсыз жұмсалмауға тиіс

0 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысының бюджеттік тәртіпті нығайту жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында Үкімет экономиканың негізгі салаларындағы қаражатты жұмсау тиімділігіне жүйелі талдау жүргізіп жатыр. Осы ретте Премьер-министр Олжас Бектенов Қаржы министрі Мәди Такиевтің жекеменшік мектептерді қаржыландыру аудитінің алдын ала нәтижелері туралы баяндамасын тыңдады.

Қазына қаржысы мақсатсыз жұмсалмауға тиіс

Сурет: buginmedia.kz

Министрліктің дерегінше, жеке­меншік мектептер саны 2020 жылғы 203-тен өткен жылы 878-ге дейін өсіп, оқушылар саны 53 мыңнан 322 мың балаға дейін артқан. Дәл осы кезеңде бюджет шығыстары 13,3 млрд теңге­д­ен 248 млрд теңгеге дейін ұл­ғайып, жиырма еседен астам арт­қан. Өткен жылдың аяғына дейін қаржыландыру жүйесінің быты­раңқы әрі бақылаусыз болға­ны бюджет қаражатының теріс жұм­салуына әрі деректердің бұрма­ла­нуына мүмкіндік бергені айтылды.

Бұл жағдайды еңсеру мақсатын­да 2024 жылдың соңынан бас­тап қаржыландыру толықтай ашықтық пен автоматтандыруды қамтамасыз ететін «Orta-bilim.e-qazyna» цифрлық платформасына көшірілген. Жаңа тәсіл қазір тиімділігін көрсетіп, бюд­жет қаражатын жосықсыз пай­да­лану тәуекелдерін едәуір төмен­детіп отыр.

Аудит барысында жекеменшік мектептер тарапынан оқушылар санын бірнеше рет тіркеу арқылы кө­бейту, ғимарат сыйымдылығын ес­кер­­мей орын санын негізсіз артты­ру, са­лықтық есептілікте кірісті тө­мен­дету арқылы артық пайда алу, жо­балық-сметалық құжатсыз күр­де­лі жөндеу қаражатын игеру сияқ­ты заңбұзушылықтар анық­талды.

Аудит қорытындысы жекемен­шік мектептердің елеулі бөлігі мем­лекеттік қолдауды білімнің сапасы мен қолжетімділігін арттыру тетігі емес, бюджет есебінен табыс табу көзі ретінде қарастырғанын көрсетті. Бұл ретте бақылау функциялары тиісті мемлекеттік органдар тарапынан жеткілікті деңгейде жүзеге аспаған, кей жағдайда заң­бұ­­зу­шылыққа лауазымды тұлға­лар­дың қатысы болғаны байқалған.

Қаржы министрлігі тексеру­ді жалғастырып жатыр, ал оның қорытындысы бойынша қаржы­ландыру тетігін жетілдіруге бағыт­талған ұсынымдар әзірленетін болады.

Агроөнеркәсіп кешенін 2023–2024 жылдары қаржылан­дыруға жүргізілген аудит жалпы көлемі шамамен 300 млрд теңгені құрай­тын заңбұзушылықтарды анық­тады, оның қатарында бюджеттің тікелей шығындары 32 млрд теңгеге жеткен. Осы аралықта АӨК-ті қолдауға шамамен 1,2 трлн теңге бөлінгеніне қарамастан, қаржының нақты экономикалық нәтиже мен халыққа пайда әкелмей игерілгені белгілі болды.

Қаржы министрі Мәди Такиев­тің айтуынша, тексеру нәтижесінде субсидиялау бағытында 5,5 млрд теңгеге дейінгі сомада көлеңкелі схемалар тіркеліп, 11 өңірде бір ірі қара малды бірнеше рет жал­ған сату фактілері анықталған. Инвес­тициялық жобалар бойынша да бұзушылықтар аса ауқымды болып шықты. Бюджеттік кредиттер есебінен жүзеге асатын жобаларда 13,3 млрд теңге көлемінде мал мен жабдықтың жеткізілмеуі, құрылыс жұмыстарының төленіп, бірақ орын­далмауы секілді жағдайлар болған.

Микронесие беру тетігі де мәселе туғызған. Қолданыстағы тыйым салулары мен мерзімі өткен берешегі бар 25 қарыз алушыға 177,7 млн теңге көлемінде несие берілген, олардың жалпы берешегі 45,8 млн теңгені құраған. Дала және егін жинау жұмыстарын қаржыландыру бағдарламалары жыл сайын шамамен 140 млрд теңгені құрап, 3,2 мың қарыз алушыны қамтитынына қарамастан, жұмыс тиімсіз жүрген. «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ фермерлер шығындарын 70 пайызға дейін жабу көрсеткішін қамтамасыз ете алмай келеді, ал қаражаттың шағын көлемдерге бөлінуі ауыл шаруашылығы жұмыстарының толық циклін жүргізуге мүмкіндік бермейді.

Анықталған заңбұзушылық­тарға байланысты Премьер-ми­­нистр АӨК-ті мемлекеттік қол­дау­дың тиімділігін арттыруға ба­ғыт­талған тапсырма берді. Енді Қаржы министрлігі, Ауыл шаруа­­шылығы министрлігі мен жергі­лік­ті атқарушы органдардың ақпа­раттық жүйелері интеграцияланады және бірыңғай цифрлық мони­торинг енгізіледі. Субсидиялау қағаз жүзіндегі көрсеткіштерге емес, нақты өндірілген өнімге бағ­дарланады, ал мемлекеттік қол­дау талаптары толық орындал­май тұрып субсидияланған малды сатуға жол берілмейді. Мемлекеттік кредиттер есебінен жүргізілетін инвестициялық жобалар бойынша құрылыс-монтаж жұмыстарына міндетті мемлекеттік сараптама енгізіледі. Анықталған нақты заңбұзушылықтар құқық қорғау органдарына жолданады.

Соңғы жаңалықтар

Жолашар тың бағыттар

Пікір • Бүгін, 09:55

Екібастұздағы алып мұржа

Аймақтар • Бүгін, 09:50

Суперкомпьютердің мүмкіндігі мол

Технология • Бүгін, 09:35

Қателіктің алдын алады

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 09:30