Саясат • Бүгін, 09:07

Бизнес және жайлы іскерлік орта

20 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Үкімет басшысы Олжас Бектенов Мемлекет бас­шы­сының тапсырмала­рын іске асыру аясында Қар­жы министрлігінің фис­калдық саясатын жетіл­діру мен ақпараттық жүйе­лерді цифрландыру мә­­се­лелеріне арналған кеңес өт­кізді. Оған орта­­лық мемлекеттік орган­­дар мен өңірлік мемлекет­­тік кірістер департа­менттерінің басшылары қатысты.

Бизнес және жайлы іскерлік орта

Жиында өткен жылғы мемле­кеттік бюджет кірісінің орындалу қорытындылары жарияланды. Қаржы министрі Мәди Такиевтің айтуынша, кірістер жоспары 100,1 пайызға орындалып, бюджетке 24,6 трлн теңге түсті. Ал жаңа Салық ко­дексі күшіне енген биылғы 1 қаң­тардан бері 454 мың салық төлеуші оңайлатылған декларация бойынша қызметін растаған. Бұған қоса өзін-өзі жұмыспен қамтығандар ретінде 138 мың азамат тіркеліп, олардың 122 мыңы алғаш рет есепке алынған. 7 мыңнан астам кәсіпкер ҚҚС төлеушілер қатарына қосылды.

Үкімет басшысы салық төлеуші­лерге ашық, түсінікті әрі қолайлы жағдай қалыптастырудың маңызын атап өтті. Оның айтуынша, ішкі кірістер қызметінің жұмысы биз­нес­ке бағытталған серіктестік үлгіде болуға тиіс. Биыл шағын және орта бизнес үшін өтпелі кезең болатыны айтылып, төлемдердегі техникалық қателіктер үшін айыппұлдар қол­да­нылмайтыны жеткізілді.

Қаржы вице-министрі Ер­жан Біржанов Мемлекеттік кіріс­тер комитетінде жүргізіліп жат­қан цифрлық жаңғырту жұмыс­тарымен таныстырды. Бұған дейінгі 12 ескірген жүйенің орнына 5 жаңа платформа енгізіліп, салықтық және кедендік әкімшілендіру микросервистік модельге көшіріл­ді. Нәтижесінде, деректерді өңдеу жылдамдығы артты, онлайн төлем­дер қолжетімді болды әрі жүйеге бір мезетте кіретін пайдаланушылар саны екі жарым есе өсті.

Цифрландырудың нақты нәти­жесі ретінде ҚҚС декларацияларын автоматты түрде алдын ала толтыру мүмкіндігі іске қосылды. Бұл биз­неске есептілікті жеңілдетуге көмек­теседі. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін мәртебе «e-Saluq Business» қосымшасы арқылы автоматты беріледі. Қазір жаңа жүйелерде 800 мың есептілік нысаны рәсімделіп, цифрлық сервистер 1,7 млн бизнес субъектісін қамтып отыр.

Сондай-ақ жаңа цифрлық құралдар тек салық пен кеденге емес, азық-түлік бағасын мони­торингілеу, статистика қалып­тастыру, субсидия беру, заңсыз сатып алулардың алдын алу мен құ­қық қорғау органдарына ақпарат­тық қолдау көрсету сияқты салаларда да пайдаланылып отыр. «Big Data» бірыңғай аналитикалық плат­фор­масы 74 дереккөзбен интеграцияланып, былтыр қосымша 700 млрд теңгеден астам төлемдер мен салық түсімдерінің орындалуына ықпал етті.

Тексеру мен бақылау тетікте­рінің күшеюі заңсыз схемалардың алдын алуға мүмкіндік берді. Қа­нат­қақты жобалар нәтижесінде касса­­лық тәртіп бұзушылықтары анықталып, ҚҚС бойынша тәуе­келді компанияларды биомет­рия­лық сәйкестендіру модулі арқылы сүзгіден өткізу іске асты. Жалпы, 30 млрд теңгенің заңсыз электрондық шот-фактура шығару мүмкіндігі тоқтатылды.

Кедендік әкімшілендіруде де өз­герістер жүзеге асып жатыр. Keden ақпараттық жүйесі транзиттік декларация рәсімдеу уақытын 30 минут­тан 10 минутқа қысқартып, бюд­жетке өткен жылы қосымша 115 млрд теңге кедендік төлемдер түсір­ді. Бұл біртіндеп толық авто­мат­тандыруға бағытталған күрделі жұмыстың нәтижесі екені айтылды.

Кеңес қорытындысы бойынша Премьер-министр бірқатар нақты тапсырма жүктеді. Қар­жы ми­нистрлігіне – қоғам мен сарап­шылардың ұсыныстарын сапа­лы қарау, аумақтық кірістер депар­таменттеріне – жергілікті деңгейде реформаларды дұрыс іске асыру мен түсіндіру жұмысын жүр­гізу, Жасанды интеллект министр­лігіне – ақпараттық жүйелерді жоғары жылдамдықтағы инфрақұ­рылыммен қамтамасыз ету міндеті қойылды. Сондай-ақ Ұлттық тауарлар каталогін электрондық сауда алаңдары мен маркетплейстерде қолдану аясын кеңейту жөнінде тапсырма берілді.

Осылайша, салықтық және кеден­дік әкімшілендіруді цифрландыру еліміздің экономикасының ашық­тығын арттыруға, бизнес жүгі­не түсетін салмақты азайтуға әрі мем­лекет пен кәсіпкерлер арасын­дағы серіктестік мәдениетін қалып­тастыруға бағытталып отыр.

Соңғы жаңалықтар