Суреттерді түсірген – Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ
Жоба 2023 жылы басталды. Ұтымды жобаның ұйытқылары қоғамдық көлікті тек қатынау құралы ғана емес, рухани әрі зияткерлік ортаға айналдыруды көздеген. Автобустағы жолаушыларға уақыттың тиімділігін ұсынып, кітап оқуға мүмкіндік беру – бастаманың негізгі өзегі.
Автобустардағы электрондық кітап қоры үш негізгі бөлімнен тұрады: қазақ әдебиеті және шетел әдебиеті. Ұйымдастырушылар кітаптарды іріктеу кезінде әртүрлі жастағы әрі әртүрлі кәсіби ортадағы оқырмандардың талғамын ескеруге тырысқан. Сол себепті, электрондық кітап сөресінде классикалық туындылармен қатар, шытырман оқиғалы және танымдық шығармалар да бар. Жалпы алғанда, QR-кодтар арқылы қазақ әдебиетінің 21 шығармасы, шетел авторларының 14 еңбегі, орыс жазушыларының 6 кітабы қолжетімді.
Қазіргі уақытта кітаптардың QR-кодтары Қарағанды қаласының 13 бағытында қатынайтын 60 автобусқа енгізілген. Атап айтқанда, №1, 5, 19, 33, 40, 41, 43, 53, 56, 65, 70, 118э және 146э бағыттары. Автобус салонында орналастырылған кодты смартфон арқылы сканерлеген кез келген жолаушы электрондық кітапханаға өтіп, өзіне ұнаған шығарманы тегін оқи алады. Арнайы тіркелу немесе қосымша төлем талап етілмейді, бұл жобаға деген қызығушылықты одан әрі арттыра түскен. Қала әкімдігінің мәліметінше, мұндай формат, әсіресе жастарды кітап оқуға ынтандырып, күшейтіп отырған көрінеді.
Еліміздегі Ұлттық кітапхананың электрондық кітапханасы – КазНЭБ деректеріне сәйкес, жоба іске асқан уақыттан бері шығармаларды қарау саны 30 915-ке жеткен. Кейінгі жаңартылған мәліметте жауынгер жазушы Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» шығармасы ең көп оқылған шығармалардың көш басында тұр. Бұл кітапты 20 916 адам оқыған. Одан кейін Мұхтар Әуезовтің «Көксерек» шығармасы 5 343 қаралыммен, Ғабит Мүсіреповтің «Ұлпан» романы 3 591 қаралыммен алға шығып отыр. Бұл көрсеткіштер классикалық қазақ әдебиетіне деген қызығушылықтың жоғары екенін аңғартады. Сөйтіп, қарағандылық жолаушылар діттеген жеріне рухани сапарлайды.
30 мыңнан астам оқырман, жалпы аталған көрсеткіш жобаның келешекте де керегін көрсетеді. Сол себепті, жоба жетекшілері «Жол үстіндегі кітапхананың» санын көбейтуді көздеп отыр.
Қарағанды облысы