Пікір • 23 Қаңтар, 2026

Цифрлық бағыт-бағдар нақтыланды

40 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы адамзат қауырт дәуірге қадам басқанын айтып, үйреншікті өміріміз түбегейлі өзгергенін жеткізді.

Цифрлық бағыт-бағдар нақтыланды

Сурет: primeminister.kz

Президент айтқандай, жаңа­шыл технологиялар жаңа орта қалып­тастырды.

«Жасанды интеллект заманына бейімделе білген, соған қарап тіршілігін түзген, тіпті жаңа үдерістерге нақты әрі белсене қатысқан елдер ғана табысқа жетпек. Сондықтан Қазақстан цифрландыру ісін қарқынды дамытып, жеке және қоғамдық өмірдің барлық саласына жасанды интеллектіні енгізе бастады», деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Әйтсе де Мемлекет басшысы Цифрландыру және жасанды интеллект жылы сән қуып, ұрандату үшін жарияланбағанын да еске салды. Рас, бұл шешім Үкімет мүшелеріне нақты міндеттер жүктеп отыр.

Осы орайда мемлекеттік қар­жы жүйесінің цифрлық транс­формациясына жетекшілік ете­тін адам ретінде бұған қатыс­ты өз көзқарасымды жеткізуді орынды деп санаймын. Тұтас­тай алғанда, кез келген техноло­гияның көздеген мақсаты – адам­дарға қолғабыс ету. Бұл ең­бек өнімділігінде, операциялық үдерістердің тиімділігінде, сол секілді қызмет сапасының жақ­саруы мен қағазбастылық сынды бюрократиялық кедергі­лердің азаюынан байқалуға тиіс.

Қуантарлығы сол, Қаржы министрлігі бұл бағытта бір­шама жұмысты қолға алды. Осын­­дай озық шешімдеріміздің бірі – Кәсіпкердің бірыңғай жеке кабинеті. Аталған жоба қазір қанатқақты режімде іске қо­сылған. Оны қатардағы платформа ретінде қабылдау қате. Бұл – мемлекет пен бизнестің ­өзара байланысын жақсарта түсетін тың жүйе және ол адамдардың нақты қажеттіліктеріне бағдарлан­­­ған. Яғни кәсіпкер уақытын түрлі жүйеде қажетті қызмет­терді іздеуге емес, керісінше кәсібін дамытуға көңіл бөлуге тиіс. Біздің цифрлы өнімді қолға алудағы мақсатымыз да осы болатын.

Ұзақ жыл отандық бизнес өкілдеріне бірнеше ақпараттық платформада жұмыс істеуге тура келді. Кәсіпкердің бірыңғай жеке кабинеті мұның бәрін біртұтас цифрлық кеңістікте біріктіріп, Қаржы министрлігінің қызметтеріне бір жерден кіруге жол ашады. Онда компания мен оның қызметтері туралы негізгі мәліметтер, Қаржы министрлігі жүйелерінің барлық хабар­ламасы, сервиспен жұмыс істеу кезін­де кемшіліктерді болдыр­мауға көмектесетін кеңестер қамтылған.

Жасанды интеллект биз­нес-көмекшісіне ерекше тоқтал­ғым келеді. Ол салық мәселе­ле­рін шешуге көмектесіп, декларация­ларды толтыру тәртібі бойынша кеңес беріп, міндеттемелерді еске салады. Бұған қоса чек­тер мен іскерлік белсенділік дерек­тері негізінде ЖИ жаңа кәсіп­ті бастауға арналған жай­лы локацияны (орынды) таңдау­ға көмектеседі. Сондай-ақ мем­лекеттік сатып алулар мен тендерлерге қатысу мүмкіндіктері туралы ақпаратты көрсетуге қауқарлы. Қазір болжам жасау функциясы Астана қаласы бо­йынша жұмыс істеп тұр. Бола­шақта оның геогра­фия­­сын бірізді түрде кеңейтеміз.

Біз бұл платформаны даму ке­зеңінде саналы түрде қолда­нысқа енгізіп отырмыз, осы арқылы жүйе кәсіпкерлік қоғам­дастықпен бірге қалып­тасып, бизнестің нақты сұраныс­тарына икемделеді.

 

Әсет ТҰРЫСОВ,

Қаржы вице-министрі

Соңғы жаңалықтар