Сурет: ales.kz/
Мемлекет басшысының айтуынша, елімізде өндірілетін 123,1 млрд киловатт/сағат көлемінде электр энергиясы біздің барлық жоспарымызды табысты орындауға жетпейді. «Мен бұл туралы Қауіпсіздік Кеңесінің жақында өткен отырысында нақты айттым. Басқаша айтқанда, біздің еліміздің бәсекелестік артықшылықтары тиісті түрде іске асырылмаған. Қазақстанда көмірдің орасан зор қоры бар – шамамен 33 млрд тонна. Қазіргі тұтыну деңгейімен бұл көмір қоры 300 жылға жетеді. Жыл сайынғы өндіру 110 миллион тоннадан асады», деді Мемлекет басшысы.
Энергетикалық тәуелсіздік – егемендіктің күретамыры. Бүгінде елімізде 37 ЖЭО бар, оның 18-і – мемлекеттік және квазимемлекеттік, қалғаны – жекеменшік. Өткен жылы олар 31,7 млн тонна көмір тұтынып, 41,6 млрд кВт/сағ электр энергиясын немесе жалпы өндірістің 35%-дан астамын өндірді. Біз электр энергиясының тапшылығын бастан кешіріп отырмыз: тұтыну да генерация сияқты өсіп, ең жоғары жүктемені импорт есебінен
жауып жүрміз.
Энергетика министрлігінің мәліметінше, бүгінде елдегі энергетикалық көмірдің расталған қоры 33,6 млрд тоннаны құрайды. Бұл жағдайларда көмір генерациясынан толық бас тарту жақын болашақта экономикалық тұрғыдан тиімсіз. Күн тәртібіндегі басты мәселе – көмір базасын сақтау арқылы импортқа қажеттілік азаяды және дәстүрлі ресурстар мен жаңа көздер арасындағы теңгерім сақталады. Сондықтан жаңа көмір стансаларын салу, жұмыс істеп тұрғандарын жаңғырту, экологиялық талаптар мен нормаларға сәйкес келетін, экологияға ең аз әсер ететін таза көмір технологияларына негізделетіні айтылып жатыр.
Бізде экономикаға қызмет етіп жатқан энергетикалық жүйенің мүмкіндігі толыққанды зерделенбеген. Мұнай мен табиғи газды, уранды пайдалану арқылы энергия өндіру – бұрыннан қалыптасқан әдіс. Ағын судан, жел мен күннен, тіпті қалдықтардан, ескі резеңке дөңгелекті жағу арқылы да электр энергиясын өндіріп алуға болады. Бірақ мұның бәрі қаржыға келіп тіреледі. Еліміздің климаты салқын, өңірлеріміз газдандырылмаған, сондықтан көмірден мүлдем бас тарту бізге әзірге тиімсіз. Демек, бізге жұмыс істеп тұрған ЖЭО-ларды жаңғырту мен оны технологиямен интеграциялау әлдеқайда тиімді. Мұны көмір кеніштеріне көз тіккен инвесторлар есебінен де шешуге болады.
Қазір көмір энергетикасына басымдық беретін елдердің басым көпшілігі Қытайдағы ЖЭО-ның мүмкіндігіне назар аударып жатыр. Қытай өткен жылдары қуаты 94,5 ГВт көмір электр стансаларының құрылысын бастады. Бірақ 2027 жылға қарай көмір энергиясын шығаруды екі есеге қысқарту бойынша кешенді жоспарды ұсынды. Жоспар көмірді биомассамен, жаңартылатын сутектен алынған «жасыл» аммиакпен бірге жағуды, сондай-ақ көміртекті ұстау, пайдалану мен сақтау технологияларын (CCUS) енгізуді қамтиды. Мақсаты – көмір электр стансаларының шығарындыларын газ электр стансаларының деңгейіне дейін қысқарту. Қытайдағы ЖЭО-ның негізгі қағидаты – көмір электр стансасынан қоршаған ортаға түсетін жүктеме сол қуаттағы газ электр стансасынан жоғары болмауы тиіс. Қытайда бұл жаңа бу параметрлері мен жаңа сүзу жүйелерінің арқасында сақталады. Басқаша айтқанда, көмірден ауаға тарайтын зиянды қалдықтарды су мен будың сүзіп алуға мүмкіндігі бар. Қытайда қолданылатын технологиялар қатты бөлшектердің 99,99 пайызын ұстауға мүмкіндік береді.
Технология дамып жатыр. Семей және Өскемен қалаларында салынатын жаңа көмір ЖЭО, сондай-ақ Курчатов пен Екібастұз қалаларында ірі электр стансалары осындай технологияларды қолдана отырып салынады.
Бір ғана Екібастұз ЖЭО-ның қуаты екі бірдей АЭС-тің қуатымен бірдей. Ал жаңа ЖЭО құрылыстарына жұмсалатын қаржы АЭС-пен салыстырғанда арзан. Екібастұздағы көмір қорының мүмкіндігі Қазақстанның барлық жылу электр орталығын көмірмен қамтамасыз етуге де, экспортқа шығаруға да жетеді.
Қысқасы, Мемлекет басшысы энергетикалық дипломатияның құпиясы тек АЭС немесе жаңғыртылған энергетика көздерінде емес, көмірге байланысты екенін ескертті. Тапсырма берді, энергетикалық дипломатия сыртқы саясат тұрғысынан мемлекеттердің энергетикалық мүдделерін қорғау үдерісіндегі негізгі ойын ережесі екенін ескертті. Бұл ретте көмір геосаяси мүдделер призмасы арқылы қаралатын энергетикалық қауіпсіздік пен ықпалды қамтамасыз етуге арналған негізгі ресурстардың бірі екені айтылды. Көмір отынның басқа да қазба түрлері сияқты энергетикалық қауіпсіздік пен елдер арасындағы бәсекелестік стратегияларының негізгі факторына айнала бастады.
Советхан НҰРПЕЙІСОВ,
Қазақстан электр техникалық қауымдастығының мүшесі,
Қазақстанның және ТМД елдеріне еңбегі сіңген энергетик