Фармацевтика • Кеше

Төрт фармацевтикалық зауыт салынады

20 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын жүзеге асыру шеңберінде фармацевтика саласында отандық өндіріс үлесін арттыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр.

Төрт фармацевтикалық зауыт салынады

Үкімет фармацевтикалық өндіріс­терді локализациялау бойынша Ден­саулық сақтау министрлігі мен «АлтИНФАРМ» ЖШС, «МСП-РОМФАРМ» ЖШС, «Абди Ибрагим Глобал фарм» ЖШС және «Нобел Алматы фармацевтика фабрикасы» АҚ арасында инвестициялар туралы келісімдер жасасуды мақұлдады. Бекітілген жобаларға тартылған инвес­тициялардың жалпы көлемі – 173 млрд теңге. Премьер-министр Олжас Бектенов тиісті қаулыларға қол қойды.

Жобаларды жүзеге асыру арқылы әлеуметтік маңызы бар дәрілік заттарды қоса алғанда, 356 дәрі-дәрмек түрінің өндірісін локализация­лау көзделген. Өндірістік желі онко­ло­гия­лық ауру­лар мен қант диабетін емдеу­ге арналған дәрілерді, сон­дай-ақ ­иммунобиологиялық, вирусқа қарсы, антианемиялық, ауырсынуды басатын, қабынуға қарсы, суық тию­ге қарсы, сондай-ақ микробтарға қарсы препараттарды қамтиды. Жаңа кәсіпорындар Алматы қаласында, Түркістан мен Алматы облыстарында орналасады.

Атап айтқанда, «АлтИНФАРМ» ЖШС жобасы бойынша фармацевтикалық зауытты Алматы қаласындағы «Ин­новациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағында салу көзделіп отыр. Инвестиция көле­­­мі – 58,5 млрд теңге. Жоба аясында 54 дәрілік зат түрін шығару жос­­­­парланған, оның 35-і – әлеуметтік маңызы бар препараттар. Өндірістік порт­­­­фельге иммунобиологиялық препараттар, сондай-ақ онкологиялық аурулар мен қант диабетін емдеуге арналған дәрі-дәрмектер кіреді. Жоба аясында 60 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Стратегиялық серіктестер ретінде «Sinopharm», «Sinovac» және «Kangtai Biological Technology» компаниялары қатысады.

«Нобел Алматы фармацевтика фаб­­­­­рикасы» АҚ жобасы сондай-ақ Алматыда халықаралық GMP стандарттарына сәйкес белсенді фармацевтикалық ингредиенттерді, дәрілік заттар мен биопрепараттар өндіруге арналған фармацевтикалық кешен салуды көз­­­­деп отыр. Инвестиция көлемі – 39,2 млрд теңге. 53 дәрілік зат шығару жос­­­­­пар­­­­­лан­ған, оның ішінде 17-сі – әлеуметтік маңызы бар. Жоба аясында кемінде 200 жұмыс орнын ашу көзделген. Стра­­те­­гия­лық серіктес – «Nobel İlaç».

«Абди Ибрагим Глобал фарм» ЖШС жобасы аясында Алматы облысында көпсалалы өндірістік желілері бар фармацевтикалық кешен құру көзделген. Инвестиция көлемі – 39 млрд теңге. 76 дәрілік зат шығару жоспарланған, оның ішінде вирусқа қарсы препараттар, II типті қант диабетін емдеу­ге арналған дәрі-дәрмектер және антианемиялық препараттар бар. Жоба аясында кемінде 150 жұмыс орны ашылады. Стратегиялық серіктес – «Abdi Ibrahim».

«МСП-РОМФАРМ» ЖШС жобасы бойынша инвестициялардың жалпы көлемі 36,7 млрд теңге болатын жоғары технологиялы фармацевтикалық зауытты Түркістан облысындағы TURAN арнайы экономикалық аймағында, Алматы облысындағы өндірістік алаңдарда салу көзделген. Жоба аясында 101 дәрілік зат, оның ішінде ауыр­сынуды басатын, қабынуға қарсы, суық тиюге қарсы, сонымен қатар, микробтарға қарсы препараттар өндіру жоспарланған. Шамамен 265 жұмыс орны ашылады. Жобаның серіктестері – «World Medicine» және «Rompharm» компаниялары.

Инвестициялық жобаларды жүзеге асыру шеңберінде барлығы шамамен 675 жаңа жұмыс орны ашылады. Зауыттар құрылысы, оларды іске қосу отандық дәрілік заттар өндірісінің үлесін айтарлықтай арттыруға, фармацевтика нарығындағы импортқа тәуелділікті азайтуға, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесінің тұрақтылығын нығайтуға, халықты отандық өндірістің сапалы әрі қолжетімді дәрі-дәрмектерімен қамтуға мүмкіндік береді. Бұл дәрі-дәрмек қауіпсіздігін арттыру мен денсаулық сақтау жүйесінің тұрақтылығын күшей­тудің маңызды элементтерінің біріне айналады.

Соңғы жаңалықтар