Сурет: shakarim.university
Бұл – жекелеген бастамалар жиынтығы емес, мемлекеттің алдағы дамуын айқындайтын тұтас логика: институттардың сапасы, жауапкершілік пен тұрақтылық. Еліміздің орнықтылығы орталықта ғана емес, ең алдымен өңірлерде қалыптасады. Табиғи ресурстарды басқару, су қауіпсіздігі, инфрақұрылым, әлеуметтік сала мен адам капиталы мәселелері дәл осы жерде тоғысады. Реформалардың шынайы тиімділігі де ең алдымен өңірлерде сыналады.
Президент су ресурстары, экология, энергетика, ауыл шаруашылығы мен инфрақұрылым мәселелеріне ерекше назар аударды. Бұл бағыттар бүгінде салалық шеңберден шығып, ұлттық қауіпсіздік пен азаматтардың өмір сапасына тікелей әсер ететін факторларға айналды. Оларды тиімді шешу жергілікті деңгейде кәсіби кадрлар, сапалы деректер және ғылыми сараптама болған жағдайда ғана мүмкін болады. Осы тұрғыда өңірлік университеттердің рөлі түбегейлі артады.
Қазіргі университет – қызмет көрсетуші құрылым емес, аумақтың зияткерлік орталығы. Ол қолданбалы шешімдер көзіне, нақты экономикаға қажетті кадрларды даярлайтын және жауапты азаматтық сананы қалыптастыратын институтқа айналуға тиіс. Ғылым өңірдің нақты міндеттерін шешуге бағытталып, білім даму үдерістерімен тікелей байланыста болуы керек.
Президент атап өткен институционалдық бастамалар – Конституциялық комиссия құру, саяси жүйені жаңғырту – біртұтас басқару архитектурасын қалыптастыруға бағытталған. Мұнда құқық, жауапкершілік пен тиімділік мемлекеттік басқарудың негізгі қағидаттарына айналады.
Алдымыздағы міндет – мемлекеттік басымдықтарды, өңірлік сын-қатерлерді, ғылым мен білімді бір жүйеге біріктіре отырып, тұрақты шешімдер қалыптастыру, ел болашағына қажетті кадрларды даярлау. Келесі кезеңде – жарияланған стратегиялық бағыттарды жауапкершілікпен іске асырып, яғни олардың заңдарда, институттарда, университеттерде, сондай-ақ еліміздің әрбір өңірінде нақты нәтижелер арқылы көрінуі керек.
Думан ОРЫНБЕКОВ,
Шәкәрім университетінің ректоры