Сурет: facebook.com/olzhas.shariyazdanov
Жаркент мешіті мен Алматыдағы Вознесенск кафедралды соборы – халқымыздың мәдени әралуандығы мен өзара татулығын айшықтайтын бірегей сәулет ескерткіштері. Биыл Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты «Қазқайтажаңарту» РМК Жаркент мешітіне ғылыми реставрация жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отыр.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қаратау петроглифтеріне, Қызылорда өңіріндегі Сауысқандық пен Түркістан облысындағы Арпаөзенінен табылған жалпы саны 17 мыңға жуық петроглифке ерекше назар аударды. Төрт мың жылдық тарихы бар таңбалы тастар халқымыздың рухани тамырының тереңде жатқанын дәлелдейді. Президент осы сынды құнды тарихи ескерткіштер мен ұлттық дәстүрлердің ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізілуіне әбден лайық екенін айтып, құзырлы органдарға нақты тапсырма жүктеді.
Бұл тұрғыда аталған мекеме 50 жылдан астам уақыт бойы ел аумағындағы тарихи-мәдени ескерткіштерді сақтау мен қайта жаңғырту ісіне қызмет етіп келеді. Осыны негізге ала отырып, кәсіби біліктілікті ұштастырып, алдағы уақытта аталған нысандарды ЮНЕСКО тізіміне енгізуге атсалысуға дайынбыз.
Өйткені мекеме еліміздегі Қожа Ахмет Ясауи кесенесі сынды бірқатар нысанды ЮНЕСКО талаптарына сай реставрациялау, ғылыми зерттеу және зерделеу жұмыстарын жүргізу бойынша бірегей тәжірибе жинақтаған.
Ұжым Мемлекет басшысының Құрылтайда атап өткен тарихи-мәдени мұраларды сақтау, қалпына келтіру және ғылыми тұрғыда зерттеу жөніндегі бастамаларын іске асыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Аталған ескерткіштерді қорғау – тек өткенге тағзым ғана емес, болашақ ұрпақ алдындағы ортақ жауапкершілігіміз.
Олжас ШАРИЯЗДАНОВ,
«Қазқайтажаңарту» РМК бас директоры, тарих ғылымдарының кандидаты