Тұлға • Кеше

Еңбегі ерен азамат

70 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Қазақ дүниетанымында адам болмысының биігін айқындайтын, оның қадір-қасиетін асқақтататын үш асыл ұғым бар. Олар – тектілік, еңбекқорлық және қарапайымдылық. Осы қасиеттер бойынан табылған жан ғана уақыт сынынан өтіп, ел жадында сақталып, ұрпаққа өнеге бола алады. Өнегелі ғұмыр кешіп, саналы өмірін мемлекет пен қоғамға адал қызмет етуге арнаған сондай ардақты тұлғаның бірі – генерал-лейтенант Әділ Шаяхметов.

Еңбегі ерен азамат

Көпбалалы, қарапайым жұмысшы отбасында дүниеге келген Әділ Шаяхметұлы еңбек пен бірлікті, сыйластық пен жауапкершілікті өмірлік қағида еткен ортада өсіп-жетілді. Өз саласын, кәсі­бін ықыласпен таңдаған Әділ ауылдағы ата-анасының мейірімге толы, жылы құшағынан ұзап, Алматыдағы қазіргі Абай атын­дағы республикалық маман­дандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын мектеп-интернатына қабылданды. Сол кездегі еліміздің астанасына жібере отырып әкесі қайсар, білімге құштар ұлының кейін еліне қызмет ететін, тұтқа ұстар азамат болатынына сенім артқан-ды.

Әдекеңнің тұлға болып қалыптасуына тәрбиеші Шәрбану Әнәпиева негіз қаласа, ұлағатты ұстаз, тарихшы Орынша Қарабалина-Қазыбаева, сондай-ақ Сара Масина, Самат Әбдіразақов, Жәдігер Аманжолов, тағы басқа да мұғалімдер өлшеусіз еңбек сіңірді. Әділ Шаяхметұлының шәкірт ретінде өзі оқыған білім шаңырағын, ондағы мұғалімдерді қалай құрметтейтінін көргенде, ерекше таңғалдым. Мектепте кім оқымады? Барлық адам ұстаз алдынан өтті. Бірақ ұстазын еске алып, туған күнінде кім құттықтап жатыр? Оны айтпағанның өзінде Әдекеңнің ұстаздарын үйіне шақырып, дастарқан жайып, сый-құрмет көрсетуінің өзі қандай ғанибет! Олардың Сонымбүбі ананың қолынан дәм татып, Әділдей бала тәрбиелеген шаңы­раққа ықыластарын білдіруі – бір әңгімеге арқау боларлық дүние.

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті кәсіподақ комитетінің төрағасы Мұқтар Ибраимов генерал-лейтенант Әділ Шаяхметовтің қазақ тілін тереңдете оқытатын Абай атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттың түлегі екенін әрдайым мақтанышпен айтатынын тілге тиек етеді. «Бұрынғы шәкірт, қазіргі генералдың демеушілігімен өзі білім алған мектеп-интернатқа 2012 жылы ұлы Абайдың ескерт­кішін орнатып, оның ашылу салтанатына жан-жақтан мектеп түлектері келген сәтті ұстаздары әрдайым айтып жүр. Жастардың бойына елжандылық қасиетті қалыптастыру қашанда маңызды. Мектепте әскери-патриоттық тәрбиеге ерекше мән беріліп, әр сабақ шынайылығымен ерек­шеленуге тиіс. Осыған байланысты мектептің ұстаздар ұжымының ұйғарымымен Абай мектебіндегі алғашқы әскери дайындық кабинеті мектеп түлегі, ұлт жанашыры генерал-лейтенант Әділ Шаяхметұлының есімімен аталған. Осы орайда шәкірттер батыр аталарымен жиі кездесу өткізіп, ұлтық рух, патриоттық тәрбие негіздерін бойларына сіңіріп келеді», дейді бұрынғы мектеп директоры Мұқтар Ибраимов.

Отбасындағы тәрбиенің орны айрықша болды. Майдангер әкесі Шаяхмет Ғайнановтың сабырлы мінезі мен өмірлік даналығы, көпбаланы тәрбиелеген «Алтын алқа» иегері, ел құрметіне бөлен­ген анасы Сонымбүбі Құдана­лықызының мейірімі мен өнегесі оның тұлға ретінде қалыптасуына берік негіз қалады. Осы тәлім-тәрбие адал еңбек пен адамдық ұстанымды өмірлік мұратқа айналдырды.

Туған әпкесі Бектұрсын – Абай атындағы педагогикалық институтын (қазіргі ҚазҰПУ) бітір­ген, математик, ағасы Әділбек халықаралық дәрежедегі спорт шебері, марафонда Қазақстанның абыройын асқақтатып, ел намысын қорғады. Қалған бауырлары да әрқайсысы өз саласынан орын тауып, білімді де білікті азаматтар болып қалыптасты. Осындай текті әулеттен тараған тәрбие мен отбасылық дәстүр Әділ Шаяхметұлының азаматтық болмысын айқындады.

«1963–1966 жылдары Әділ Саурық батыр ауылындағы мек­тептің бастауыш сыныбында білім алды. Алғаш қалам ұстатқан бұл алтын ұяны да әсте естен шығарған емес. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Алматы облысы бойынша де­партаментінің бастығы болып тұрған кезде оның ұсынысымен, қадағалауымен 2008 жылы ауыл мектебінің жаңа ғимараты бой көтерді. Ауылға жиналған зия­лы қауым, сыйлы қонақтардың, мұғалімдер мен оқушылардың, ауыл, аудан азаматтарының қуаныштарын көріп, тәнті болдым. Сол жылдары ол ауылының жолын жаңадан жасатты, газ құбырын тартуға ықпал етті, жаңа тұрғыдағы электр шамдарын орнатты. Осындай көрікті ауылды байқаған «Qazaqstan» телеарнасының журналистері «Ынтымақ ауылы» атты көпсе­риялы фильм түсірді. Оның да басы-қасында Әділ інім тыным таппай жүрді», дейді әпкесі Бектұрсын.

«Ұстаз сөзі – шәкірт жүрегіне жол табуда теңдесі жоқ құрал» деп Сухомлинский айтқандай, мектептегі, өмірдегі, қызметтегі ұстаздарының адамгершілік туралы айтқан әр сөзін Әділ Шаяхметұлы жүрегіне жаза берген, айтқан ақылдарын құлағына құя білген. Әдекеңнің ұстазы саналатын тағы бір азамат бар. Ол – мемлекет және қоғам қайраткері, қауіпсіздік органдарының құрметті қызметкері, Халық қаһарманы, отставкадағы генерал-полковник Сәт Тоқпақбаев. Сәт ағамыз: «Ойыма өткен шақтың естен кетпес көріністері оралды. 1999 жыл болатын. Өрлеу баспалдақтарынан тұратын еліміздегі әртүрлі қуатты құрылымдардағы басшылық қызметтерді атқарып жүрген мен Қорғаныс министрі лауазымында едім. Ол кезде армиядағы кадрлар жетіспеушілігі айқын сезілетін. Құрылымдағы маман­дардың жеке қызметтік іс-қағаздарын арнайы сұраумен алдыртып, әрқайсысымен мұқият таныстым. Барлық ықыласыммен саралағанда таңдауым Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жедел техника департаменті бастығының бірінші орынбасары қызметіндегі полковник Әділ Шаяхметұлына түсті. Ол кезде Әділді танымайтынмын. Тек қызметін адал әрі тыңғылықты атқаратынын ғана білетінмін. Осылайша, бұрынғы қызметінен ауысып, Қазақстан Қарулы күштерінің кадрлар және әскери жоғары білім беру департаментінің бастығы болып тағайындалды. Тура сол кезден басталған біздің тығыз қарым-қатынасымыз күні бүгінге дейін жалғасын тауып келеді», деді. Генерал-полковник ағамыздың пікірінше, Әділдің табиғаты – айналасындағыларды баурап әкететін құнды қасиеттерге бай. Бұл – көпті көрген, өз саласының «майын ішкен» ардақты ардагердің шын пейілінен шыққан сөз.

Әдекеңнің еңбекте ғана емес, өмірде де жақсы қарым-қатынаста болған азаматтарды ерекше құрметтейтін қасиетін байқадық. Мәселен, Әділ Шаяхметұлы өзі демеуші болып, Генералдар кеңесі басшылығының өтінішімен Халық қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетовтің қоладан құйылған мүсінін жасатып, Мәскеудегі «Тағзым тауындағы» мұражайға орнатып, азаматтық танытты. Сол секілді ұлттық қауіп­сіздік комитетінің бірнеше генералының, офицерлердің мерейтойларын ұйымдастырды. Сол үшін олардың айтқан ыстық лебізіне де куә болдық.

Саурық батыр ауылына Әдекең жиі ат басын бұрады. Сондай сәттің бірінде: «Аға, ауылға келдім. Ауыл – алтын бесік. Ауасы қандай жұпар! Әкем мен анамның отырған орнын, аяғы басқан жерлеріне тәу етіп, күш жинаймын. Қимас жандардың көзін көрген қарияларға, аналарға сәлем бердім. Жыл өткен сайын олардың қатары сиреп барады. Жиі келетінім сондықтан», дегені бар. Әрдайым баласының жолын тосып жүретін анасы бірде: «Әділжан, ауылға келетініңді ешкімге айтпашы. Тіпті өзіңмен сөйлесуге уақыт таппайтын болдық қой», деген екен. Өйткені Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшылығындағы азаматтың жолын тосып, өтініш-тілектерін айтатын жандар аз емес еді. Ел қамын ойлайтын Әділ Шаяхметұлы осылайша анасымен шүйіркелесіп отыруға уақыт таппайтын еді-ау.

Атпал азаматтың батыр баба­ларға деген құрметі де ерекше. Ел басына күн туған жоңғар шапқыншылығы кезінде, Абылай ханның тұсындағы даңқты батыр Құдайберді бидің басына құлпытас қойса, Қоқан хандығына қарсы ұрыста ерлік көрсеткен Медетбек батырдың кесенесін көтеріп, ескерткішін орнатты. Сол жиындарға жиналған дүйім жұрт азаматқа алғысын жаудырды.

Бір байқағаным Әдекең көпшіл, адамдарға жақсылық жасауға асығып тұрады, пенденің бетін қайтармауға тырысады. Осыған орай мына бір жайды қаламгер Күмісжан Байжан айтқан еді. «Әдеттегі күздің күрең бір күні болатын. Алатаудың етегіндегі әсем ғимарат «Хама Парк» мейрамханасында басқосу өтті. Онда өмірден өткен, ел құрметтеп, қадірлеген азаматты еске алып, оның ағайын-туыс, айналасына жасаған қамқорлығы мен еңбегі туралы айтылды. Бұл шараға ұйытқы болған да Әдекең еді. Жүрегі кең, халқымыздың салт-дәстүрін құрметтеумен ерекшеленген Әділ бауырым жас кезінде бірге істеген, өзіне ақылшы болған азаматтың рухына тағзым етуді мақсат тұтты. Жиында қазақтың тұлғалы азаматы, марқұм Хамит Рақышевтың өмірі мен еңбек жолы туралы әңгіме өрбіді. Көп жыл онымен қызметтес болған, ағалық қамқорлығына бөленген, бірауыз жылы сөзін, ақыл-кеңесін естігендер де осы ортадан табылды. Жалпы, өткенге аса зор ілтипатпен, ізгілікпен көз жүгіртіп, асыл азамат жайында пікір білдіру – тірілерге парыз. Оны түсіну мен түйсіну жақсы азаматтарға тән болғандықтан, Әділ Хамит Қошанұлының жары Балжан анамен ақылдасып, жақсы істі осылай қолға алды.

Өмірден мол тәжірибе жинап, адалдықтың туын көтере білген, еңбекпен есейген жан туралы жиналған қауым жақсы лебіздер айтты. Осы басқосуда Әділдің бастамасымен марқұм Хамит Рақышев туралы «Хама-ғибрат» естелік кітабын шығару жайы сөз болды. Халқының қалаулысы, елінің елеулісіне айналған азаматқа риза болғанда көпшілік «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген. «Тұлпардың тұяғы, асылдың сынығы, текті жердің өрені» деп таңдай қаққан. Осы күні Әділ ініміздің бастамасымен кітаптың алғашқы сызбасы, нұсқасы қолға алынатын болып түйінделген-ді. Міне, сол бастама нәтижесінде сиясы кеппеген «Хама-ғибрат» кітабының тұсауы кесіліп, оқырманға жол тартты», деді Күмісжан Байжан.

Отандық озық нейрохирург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның Еңбек Ері, медицина ғылымдарының докторы, профессор, ҰҒА академигі Серік Ақшолақовтың мына бір сөзі де қайран қалдырды. «Бірде біздің емдеу орталығына бір жас жігіт қатты ауырып түсті. Мен ол кезде Алматы қаласында жұмыс істеп жүргенмін. Оған күрделі операция жасау керек болды. Науқас Әдекеңнің інісі Мұрат Шаяхметұлы болатын. Оның жанында ағасы науқастың асты-үстіне түсіп, жанын шүберекке түйіп, жүгіріп жүрді. Әрине, інісі үшін кім қысылтаяң сәтте бәйек болмайды дейсіз. Бірақ кез келген науқас бізге, яғни дәрігерлерге ол сенің туысың, танысың болсын бәрібір, ең алдымен, емделуші ретінде қабылданады. Десек те бауырға деген асқан жанашырлықты мен сонда ерекше байқадым. Ол дәрігерлерден оза қимыл танытып, інісіне деген мейірімі арқылы айналасындағы бізді де баурап алды. Әдекеңмен таныстығымыз сол кезден басталды. Оның тағы бір айрықша қасиеті – үлкен ұйым­дастырушылық қабілеті. Бізді спортпен тұрақты шұ­ғылдануға жетеледі, өзі де теннисті жақсы ойнайды. Әйтеуір, Әділ өзінің кішіпейілдігімен, адамгершілігімен, ешкімді алала­майтындығымен, досқа деген шексіз адалдығымен тәнті етті», деп шешіле сыр ақтарды атақты нейрохирург досы.

Әділ Шаяхметұлы еңбек жолын тау-кен инженері болып бастады. Бұл мамандықты елінің қамын ойлайтын жандар ғана таңдайды. Бойындағы батылдық, қайсарлық кейін оны ұлттық қауіпсіздік саласына алып келді. Осы салада қатардағы лейтенанттан генерал-лейтенант шеніне дейін көтерілді. 2002–2007 жылдары Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Павлодар, Алматы облыстарындағы депар­таменттің бастығы болды. Қоғам тыныштығын қамтамасыз етудегі қызметтің жүгі де батпандай болатыны белгілі. Өңірлердегі заңға қайшы келетін іс-әрекеттердің жолын кесті. 2007 жылы Прези­дент шешімімен Әділ Шаях­метов Ұлттық қауіпсіздік коми­теті төрағасының бірінші орын­басарлығына тағайындалды. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы қызметінде ел тәуелсіз­дігінің нығаюы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында тынымсыз еңбек етіп, мемлекеттің дамуына өлшеусіз үлес қосты.

Бұл күнде ардақты азамат отбасындағы ұл-қыздарына қам­қор әке, немерелерінің сүйікті атасы. Зайыбы Айсұлу екеуі – шаңырақтарын бақыт бағына айналдырған жандар. Әрине, төккен тер, еселі еңбек ешқашан зая кетпеген. Әділ Шаяхметұлының мемлекеттен алған наградалары, марапаттары да жеткілікті. Генерал-лейтенант Әділ Шаяхметов 6 орденмен, оның ішінде І, ІІ дәрежелі Даңқ, Қазақстан Ұлттық олимпиада комитетінің «Алтын» орденімен, Ресейдің Ю.Андропов атындағы орденімен, елуден аса медальмен марапатталған. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық универ­ситетінің, Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің құрметті профессоры, бірнеше облыс, қала, ауданның құрметті азаматы. Елге жасаған жақсылығы үшін айналасындағы адамдардан, туған-туысынан алған алғыс – мұның бәрінен де биік екені сөзсіз.

Бүгінде генерал-лейтенант Әділ Шаяхметұлы 70 жасқа толып отыр. Бұл – елге сіңген еңбек бағаланып, кейінгі ұрпаққа үлгі болар жолды айқындайтын кемел кезең. Сәтбаев мектебінен тәлім алып, өндірісте шыңдалып тәуелсіз елдің ұлттық қауіпсіздігіне өлшеусіз үлес қосқан тұлғалы азамат, мемлекет және қоғам қайраткері Әділ Шаяхметұлының өмір жолы – бүгінгі жас буын үшін тағылымға толы үлгі-өнеге.

 

Ұлықпан СЫДЫҚОВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, философия ғылымдарының докторы 

Соңғы жаңалықтар

Он үшінші білім ошағы

Білім • Бүгін, 07:20