Сурет: kaz.zakon.kz
Бесінші Ұлттық құрылтай отырысы елдің бірлігі мен тұрақты дамуына бағытталған нақты шешімдер қабылданатын маңызды алаң екенін тағы бір мәрте көрсетті.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы саяси жаңғыртудың қисынды жалғасы Вице-президент институты туралы айтты. Вице-президент институтын құру елде кейінгі жылдары қалыптасқан бүкіл кейінгі жүйенің логикалық аяқталуы екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, Вице-президентті Президент Парламенттің келісімімен тағайындайды.
Сонымен қатар Вице-президент Мемлекет басшысы айқындайтын өкілеттіктер аясында қызмет атқарады. Атап айтқанда, халықаралық форумдарда, шетелдік мемлекеттердің делегацияларымен келіссөздерде ел атынан өкілдік ету, Парламентте Президенттің мүддесін білдіру, отандық және шетелдік қоғамдық-саяси, ғылыми, мәдени-ағартушылық ұйымдармен өзара іс-қимыл жасау, сондай-ақ Президенттің өзге де тапсырмаларын орындау міндеттері жүктеледі.
Мемлекет басшысы Вице-президенттің негізгі функциялары Конституцияда бекітілуге тиіс екенін атап өтті. Жаңа институтты енгізу мемлекеттік аппаратты оңтайландырумен қатар жүреді, оның ішінде Мемлекеттік кеңесші лауазымын жою және Президент Әкімшілігін реформалау көзделеді.
Бұл ретте Қ.Тоқаев аталған жаңашылдық президенттік билік институтын әлсіретпейтінін, керісінше басқару жүйесінің орнықтылығын арттырып, билік иерархиясына айқындық енгізетінін, сонымен қатар Қазақстанның президенттік республика ретіндегі мәртебесін сақтайтынын атап өтті.
Мемлекет басшысы ұсынылып отырған реформалардың жиынтығы – бірпалаталы Парламентке (Құрылтай) көшу, Халық кеңесін құру және Вице-президент лауазымын енгізу – ел дамуына қуатты серпін беріп, қазіргі заманғы сын-қатерлер жағдайында мемлекеттіліктің әлеуетін күшейтеді деген сенім білдірді.
Серік ЕРУБАЕВ,
Мәжіліс депутаты