Президент • 20 Қаңтар, 2026

Ұлттық құрылтайда айтылған ұсыныстардың негізінде 26 заң қабылданды

70 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың V отырысында сөз сөйледі. Президент өз сөзінде Ұлттық құрылтай ауқымды реформалардың негізгі қозғаушы күші болғанын атап өтті, деп жазады Egemen.kz.

Ұлттық құрылтайда айтылған ұсыныстардың негізінде 26 заң қабылданды

«Осы ретте, Ұлттық құрылтай айрықша рөл атқарғаны сөзсіз. Төрт жылда құрылтай мүшелері ел өміріне ықпал ететін көптеген маңызды бастама көтерді. Ұлттық құрылтайда айтылған ұсыныстардың негізінде 26 заң қабылданды. Осының өзі Құрылтай ауқымды реформалардың негізгі қозғаушы күші болғанын айқын көрсетеді. Әйелдердің құқығы мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін нақты қадамдар жасалды. Лудоманияға, яғни ойынқұмарлыққа және нашақорлыққа қарсы белсенді күрес жүргізіле бастады. Ономастика саласындағы жұмыстар ретке келтірілді. Мемлекеттік наградалар жүйесіне жаңадан құрметті атақтар енгізілді. Сол арқылы еңбек адамдарының мәртебесі арта түсті.

Бұдан бөлек біз ұлттың жаңа сапасын қалыптастыратын басты құндылықтарымызды айқындап алдық. Ұрпақтың болашағына зиянын тигізетін кеселдерге барынша тосқауыл қоятын болдық. Құрылтай мүшелері өткен жылғы жиында ішкі саясат саласын ретке келтіру туралы бастама көтерді. Тиісті құжатты әзірлеуге өздеріңіз белсене атсалыстыңыздар.

Былтыр Қазақстан Республикасы ішкі саясатының негізгі қағидаттары, құндылықтары мен бағыттары бекітілді. Енді, осы құжатты басымдық ретінде қарап, белсенді түрде іске асыруымыз керек», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Президент неке институтын ер мен әйелдің ерікті одағы ретінде заңнамалық тұрғыдан бекіту туралы ойын айтты.

Кісі қолынан қаза тапқан Нұрайдың басында болған жағдайға да аса мән берді.

Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Арал теңізі мәселесіне қатысты пікір білдіріп, оны сақтау бүкіл адамзат үшін өзекті міндет екенін айтқан болатын.

Соңғы жаңалықтар