Кітаптың бірінші бөліміндегі дүниелерде байтағымыздағы жерұйықтарды тарата келіп, жырұйыққа бет бұрғанда: «Желбіреп туы рухымның, Жасай бер мәңгі, жыр Абай!» деп, талассыз ақиқатқа балап, бас ақынды алға оздырады. Елдік мұрат, жұрт ісі желі тартады. Арғы-бергі тарих та қозғалады. Оған «Шыңғысхан» жыры дәйек болады.
Қоғамның әттегенайы ақын жүрегін шабақтамай, ойын ойрандамай өтпейтіні бесенеден белгілі. «Қатыгез мұнша неге болдың, адам?» деп кейбір пенделердің ит ісіне қабырғасы қайысып, қыршын кеткен Шерзаттың қасіретін ақ қағазға түсіргенде: «Түңіліп тірілерден, тартып ішін, Талғардың таулары тұр тұнжыраған» дейді де, «Қазағым, хайуандыққа қазың қайда, Терең ор құзғын-құртқа қазылмай ма? Айтпасаң әділ үкім, Шерзат шері, Сүйекке таңба болып жазылмай ма?», деп осыдан сабақ алайық, салдарымен күреспей, селкеуі көп себеп анықтасақ, бір тиым болар еді дегенді нұсқайды.
Отанымыздың төрт құбыласын түгендеп, өлең жолдарына түсіргендегі ақынның адымы аршынды. «Байтағым Баянауыл» деп көрікті жерді, көрнекті тұлғаларды алға тартады. «Байқоңыр балладасында» Қызылорда, Арал өңірлерін баяндаса, зерлеп тіккен кестедей Көкшетау, Зерендіге келгенде, осы өңір перзенті емес пе, көсіліп кетеді. Сол секілді, көбіміз білетін, жалған дүниеге жарқ етіп келіп, жалт етіп ерте сөнген, «Адамдар сияр табытқа, Ақындар бірақ сыймайды» деген өршіл Артығали (Ыбыраев) мен «Қылаусыз қырдан қыз демін, Қызғалдақ иісін іздедім» дейтін биязы Танабайға (Нарманов) арнаған өлеңдеріндегі мұңлы сарын қос ақыннның тайталас өмірдегі тағдырларын қайта бір ой елегінен өткізіп қана қоймай, соңында қалған аз мұрасына жол сілтейді.
Екінші бөлімге этнографиялық этюдтер топтастырылыпты. Санмен белгілеп, сегіз жолмен түйіндеп отыратын поэма жүгін көтерген дүниеден алар тағылым аз емес. Қазақ жұртының бүкіл болмысы, тірлік тынысы, ізет, инабаты, үлкенді сыйлау үлгісі, кішіге қамқорлығы, досқа адалдығы, қия басқанға қаталдығы, табиғаттан алар тағылым – бәрі де жарасымды оймен жазылған. Бір сөзбен айтқанда, «Жырұйық» ұлт руханиятына қосылған елеулі үлес деп білеміз.
Сүлеймен МӘМЕТ