Пікір • Бүгін, 08:25

Диалог пен бірлік алаңы

160 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Түркі әлемінің аса көрнекті ойшылы Жүсіп Баласағұнның: «Билеушінің бас­ты міндеті – әділет орнату, елге қорған болу, ақылмен шешім шығару», деген ұлағаты бүгінгі күнге жетті. Бұл сөздің мәні зор, мағынасы терең. Әділеттілік үшін айтуға тиіспіз, қазіргі кезеңде елімізде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен мемлекет пен қоғамды түбегейлі жаңарту үдерісі қарқынды жүргізіліп жатыр.

Диалог пен бірлік алаңы

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Ел экономикасын дамытуды күшейтудің алғы­шарты ретінде сая­си жаңару да жүйелі жүзеге асып келе­ді. Яғни мемлекеттік қызмет пен сервистік жұмыстың сапа­сын арттыруда қоғамдық ұйым­дарды және азаматтық сек­тор­ды белсенді қатыстыру жұмы­сы жетілдіріліп жатыр. Президентіміз ұсынған конс­титуциялық реформалар мем­лекетті саяси тұрғыдан жаңғыр­тумен бірге халқымыздың қоғамда әлеуметтік әділдік орна­туға деген сеніміне серпіліс әкелге­нін айту қажет.

Осы орайда елімізде 2022 жыл­дан жұмысын баста­ған жаңа қоғамдық-саяси формат­тағы Ұлттық құрылтай диалог алаңы ретінде ел дамуының стра­те­гиялық бағыттарын талқы­лап қана қоймай, қоғамдағы өзек­ті мәселелерді мемлекеттік ше­шім­дерге айналдыруды мақсат етті.

Ұлттық құрылтай – жаңа за­ман­ның ғана құбылысы емес. Бұл ұғым ғасырлар бойғы халық тәжірибесімен, дәстүрлі басқару және келісім институтымен тығыз байланысты. Қазақ хандығы дәуірінде Ұлттық құрылтай қоғам мен биліктің арасына көпір болып, құқықтық және рухани дәстүрді сақтаушы орган ретінде қызмет етті. Дәстүр сабақтастығы жалғасып, осы институт бүгінгі заманауи құрылымға қайта түсті. Қазіргі Ұлттық құрылтай – сөзден іс-қимылға өтетін көпір, қоғам мен биліктің ашық диалог алаңы, азаматтық қоғамның дамуына серпін беретін стратегиялық платформа.

Кейбіреулер Ұлттық құрыл­тай­ды тек кеңес беру органы деп ойлайды. Бұл қате пікір. Шын мәнінде, ол – қоғам мен мем­лекеттің сенімді көпірі, рефор­малық өзгерістердің бастама­сы. Мұнда көтерілген идеялар заң жобаларына, мемлекеттік бағдарламаларға, стратегия­лық шешімдерге жол ашады. Оның саяси мәні мен маңызы күннен-күнге артып келеді.

Құрылтайда көтерілген қоғам­дық пікір мемлекеттік шешім­дерге тікелей әсер етеді. Талқыланған баста­ма­лар нақ­ты іс-қимылға, ел дамуына жол ашып жатыр. Ұсыныстар өңірлік жобаларға айналып, нақты нәтижелерге бастап келеді. Инфрақұрылым жаңғыртылып, әлеу­меттік бағдарламалар жүзеге асы­рылды, жастар мен қоғамдық ұйымдардың бас­тамалары мемлекеттік қолдауға ие болды. Бұл – елдің барлық тұрғыны үшін нақты пайда әкелген өзгерістер.

Ұлттық құрылтай аза­маттық қоғам­ның белсенділігін артты­руға және құ­қықтық мәде­ниетті қалып­тастыруға мүм­кіндік берді. Әділдік пен заң үстемдігін күшейтуге бағытталған бастамалар қоғамға сенім орнатты, азаматтарға өз пікірін ашық айтуға, шешім қабылдауға қаты­суға жол ашты. Рухани және мәдени даму мәселелері де Ұлт­тық құрылтай назарынан тыс қал­ған емес. Құрылтайда талқы­лан­ған жобалар тарихи ескерт­кіштерді қалпына келтіруге және мәдени өмірді жаңғыртуға бағытталды.

Биылғы Ұлттық құрылтай жылда­ғы­дан ертерек өтіп жатыр. Бұл кездей­соқтық емес. Әлемдегі қиын геосая­си ахуал кезінде елдің қауіпсіздігі мен тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында батыл әрі нақты шешімдер қабылдау қажет. Бірқатар сарапшы Қызылордада өтетін құрылтайда пар­ламенттік реформаның мәні мен маңызы жөнінде мазмұнды пікірлер ортаға салынып, заң шығарушы органды жаңғырту бойынша нақты бас­тамалар айтылады деп күтуде.

Осы ретте Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев биылғы 15 қаңтарда «Turkistan» газетінде жарияланған «Ре­фор­малардың мәні – 5: Ықпалды Пар­ла­мент» атты мақаласында: «Өкілді билік­­тің тұрақтандыру функция­сы бү­гінде қос палатаның әлеуе­тін бір пәр­менді күшке жұмыл­дырып, Қазақстан халқы­ның барлық әлеуметтік тобының пікірін тұтас білдіретін бір палаталы Парламентке біріктіруді талап етеді. Бұл – атқарушы билікке ықпалды теңгерім болатын қадам. Халық – парламенттік реформаның негізін қалаушы. Өйткені бұл жолы өзгерістің басты тапсырыс берушісі бұрынғыдай билік емес, халық болып отыр», деп нақты тұжырымдайды.

Президенттің қоғамдағы әділдік қа­ғидаттарына негіз­делген халықшыл бастамалары аясында елімізде консти­туциялық реформаларға сай саяси реформалар кезең-кезеңімен іске аса бастады. Үкіметтің өкілеттігі кеңейе түсті. Яғни түрлі салаға қатысты шешім­дерді қабылдау құқығы Үкіметке өтті. Өңірлердің бюджетке қатысты дербес­тігі арта түсті. Реформаның аясында ауыл әкімі тікелей сайланатын болды. Мұның бәрі атқарушы биліктің жауапкершілігін арттырып, сайлаушылар сенім білдірген өкілді орган «бақылаушы қызметін» іске асыратын саяси құрылым ретінде ілгерілеп, қоғамды демократияландыруда шешуші рөл атқара бермек.

Мұның айқын көрінісін бүгінде елімізде көппартиялы Парламент жасақ­тал­ғанынан да көруге болады. Көппар­тиялық дәуірде демократияның қазығы қатая түсуі заңдылық. 2019 жылы бастау алған осы бағыттағы пар­ламенттік реформа аясында 2021 жылы 10 қаңтарда Парла­мент Мәжілісінің және мәслихат депутаттарының сайлауы өткені белгілі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылдың 3 қазанында Астана қаласында өткен барлық дең­гей­­дегі мәсли­хат­ депутаттарының II рес­­пуб­ликалық форумында сөйле­ген сө­зінде мәслихаттардың жергілікті эконо­микалық саясат­қа ықпалын арттыра түсу мәсе­лесіне ерекше назар аударуға, мәслихаттар жалпыұлттық мін­дет­терді жүзеге асыруға үлес қосуы тиістігіне, мәслихаттар мен әкімдіктер биліктің қос тармағы ретінде өзара үйлесімді жұмыс істеуі керектігіне айрықша мән берді.

Демек Ұлттық құрылтайда талқы­ға салынған, қоғамның тезінен өткен бірқатар мәселе­ні жүзеге асыру үшін халық­тың, барлық деңгейдегі мәсли­хаттың, Парламент пен атқа­рушы биліктің ортақ мүдде­ге жұмылып, қоғамдағы белсен­ді, сөзі өтімді адамдардың заң шең­берінде бірлесе қимылдауының маңыздылығын түсі­не­міз. Яғни Ұлттық құрылтайда тал­қыланған мәселелерді жүзеге асыру үшін халық, мәслихаттар, Парламент пен атқарушы билік бірлесіп жұмыс істеуге тиіс. Бұл – саяси инс­титуттар арасындағы тепе-тең­дікті сақтап, реформалар­ды жүйелі әрі терең жүргізуге бағытталған маңызды қадам. Бір палаталы Парламент жүйе­сін жетілдіру арқылы азамат­тық қоғамның пікірін тиімді ескере­тін, жылдам шешім қабылдауға қабілетті саяси тетік қалыптасады.

Ел астанасын Қызылордаға көшіру туралы тарихи шешімнің қабылдан­ғанына былтыр 100 жыл толды. Осы­ны ескерген Мемлекет басшысы Құрыл­тайдың келесі отырысын кезінде Қазақ елінің астанасы болған Қызылорда қала­сында өткізуді ұсынды. Облыс халқы Мемлекет басшысы­ның бұл шеші­мін Сыр өңірінде атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар мен елдің ерен еңбе­гіне берген лайықты бағасы, Сыр өңіріне қолдауы мен қамқорлығы деп түсінеді.

Ұлттық құрылтайдың бесінші отыры­сының Қызылорда облысында өтуі – рәміздік мәнге ие. Ұлт тарихына терең үңілер болсақ, талай кезеңде халқымыздың тағдырына қатысты сындарлы болған шешімдер Сыр бойында қабылданған. Кешегі дәуірлерде Қыпшақ мемлекетінің, Ақ орданың, Қазақ хандығының астанасы болған Сығанақ, Қорқыттың қоңыр күйі, ғарышқа жол ашқан Байқоңыр кешені – Сырдың тарихи және стратегиялық маңызын дәлелдейді.

Қызылорда облысы қазіргі уақытта елімізбен бірге жаңғыру, жаңару кезеңінен өтіп келеді. Президентіміздің сеніміне ие болып, өңір халқының аманатын арқалаған Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаев бүгінгі күннің міндеттерін терең түсініп, өңірдің кемел келешегі үшін аянбай еңбек етіп, аймақтың әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси, рухани-мәдени өмірін жаңа белеске көтеруге бар күш-жігерін салып жүр. Оған депутат әріптестерімізбен бірге ауыл, аудан­дарды аралап, халықпен етене жақын тілдесіп, қарқын алған іргелі жоба­лардың нақты нәтижесіне көз жеткізіп келеміз. Мемлекет басшысы Қызылорда облысына келген жұмыс сапарларында Сырдағы атқарылып жатқан игілікті істерді көріп, облыс әкімінің қызметін жоғары бағалағанын да ел біледі.

Жалпы, Ұлттық құрылтай тек пікір алмасу алаңы ғана емес, ол – елдің бірлігі мен тұрақ­тылығын, стратегиялық рефор­ма­ларды жүзеге асырудың нақ­ты платформасы. Біз осы мүмкін­дікті тиім­ді пайдаланып, еліміздің болаша­ғын, аза­маттық қоғамның белсенді­лігін бірге қа­лыптастыруымыз қа­жет. Себе­бі азамат­тық қоғам­ның белсен­ді болуы – адам капи­­талын, әлеуметтік-эконо­мика­лық жетіс­тіктерді, демократия­лық құнды­лық­тарды ел игілігіне айнал­дыру­дың алғы­шарты. Мұн­дағы басты ұста­ным – аза­мат­тардың ел дамуының үдері­сіне еркін араласуына тең мүмкіндік беру.

Себебі бүгіннің борышы – бой талас­тыратын емес, ой таластыратын заман екенін елеп, жаңа технологиялар үр­дісімен қаруланған қазіргі қоғам алғыр, іскер, ұшқыр азаматтарға арқа сүйей­тінін уақыт төрелігі айқындап отыр.

 

Руслан РҮСТЕМОВ,

Парламент Сенатының депутаты 

Соңғы жаңалықтар