Салтанатты шараға Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова, Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды, «Сириус» федералдық аумағы кеңесінің төрағасы мен «Талант и успех» қорының жетекшісі Елена Шмелева, ғылыми және педагогикалық қауымдастық өкілдері қатысты. «Сириус» мектебінде математика, физика, химия, биология пәндері бойынша кіріктірілген бағдарламалар, сондай-ақ жасанды интеллект, ғарыш, инженерия мен өмір туралы ғылымдар бағытындағы пәнаралық курстар қазақ, орыс тілінде мемлекеттік білім беру стандартына сәйкес жүзеге асырылады.
Еліміздің оқушылары «Сириус» орталығының бағдарламаларына қазірдің өзінде қатысып жүр. 2024–2025 жылдар аралығында балалар «Үлкен перспективалар» ғылыми-технологиялық байқауының жобалық командаларында жұмыс істеді. Бұған қоса ел құрамасы жасөспірімдер арасындағы IJSO-2025 халықаралық жаратылыстану олимпиадасында 6 медаль жеңіп алды.
Саммитке дарынды оқушылар мен жаратылыстану-математикалық бағыттағы педагогтер қатысты. Саммит аясында мектеп пен орталық жобасының таныстырылымы, «Сириус» мамандарының дәрістері мен шеберлік сабақтары, «Үлкен перспективалар» байқауы жобаларының көрмесі, сондай-ақ мұғалімдерге арналған курс өтті.
Саммит бағдарламасы аясында оқушыларға арналған ғылыми-көпшілік дәрістер, «Сириус» жетекші сарапшыларының шеберлік сабақтары, математика мен жаратылыстану пәндері педагогтеріне арналған біліктілікті арттыру бағдарламасы да өткізілді. Оқушылар генетикалық және ақпараттық технологиялардың дамуымен танысып, квадрокоптер немесе робот құрастырып, бағдарламалап көрді, мидың жұмыс істеу ерекшеліктерін зерделеп, «Сириус» білім беру орталығының академиялық және индустриялық серіктестері ұсынған жобалық тапсырмалармен жұмыс істеді.
«Бүгін ғимараттың алғашқы кірпіші қаланды. Бұл жай ғана символдық қадам емес, бұл мектептің қалай құрылатынын айқындайтын практикалық жұмыстың басталуы. Ол білім беру бағдарламаларын қалыптастырудан бастап оқу үдерісін ұйымдастыруға дейінгі барлық кезеңді қамтиды. Жоба жаратылыстану ғылымдары мен заманауи технологиялар саласына кіріктірілген бағыттарға негізделіп, мемлекеттік білім беру стандарттарына сәйкес жүзеге асырылады», деді Аида Балаева.
«Бүгін біз мемлекеттеріміздің басшылары қойған стратегиялық міндетті шешіп отырмыз. Үздік педагогтермен, ғалымдармен және технологиялық компаниялардың өкілдерімен бірлесе отырып, еліміздің оқушыларының талантын дамытуға барлық жағдай жасалған зияткерлік, мазмұнды әрі қауіпсіз орта қалыптастырып жатырмыз. Қазіргі балалар кейде тәжірибелі мамандардың өзі қиналатын мәселелерді шешуге дайын. Сондықтан «Сириус» жобалық қызметті дамытуға ерекше мән береді. Біздің флагмандық жобамыз саналатын «Үлкен перспективалар» байқауы осыны айқын дәлелдейді. Биыл байқау 11-рет өткізіліп, халықаралық мәртебе алды», деді Елена Шмелева.
Бұған қоса Оқу-ағарту министрлігі, Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлесіп Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті мен Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің базасында «Сириус» университетінің «Ғылыми-технологиялық білім беру көшбасшылары» атты екі жылдық магистрлік бағдарламасын іске қосады. Бағдарлама дарынды балалармен жұмыс істеуге, жаратылыстану мен техникалық бағыттар бойынша соның қатарында педагогикада жасанды интеллектіні қолдану саласында мамандар даярлауға бағытталған.