Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, елімізде «босанғаннан кейінгі депрессия» деген ресми диагноз жоқ, тек әйелдердің жалпы психоэмоционалды жағдайы ғана бағаланады. Дегенмен халықаралық ұйымдардың дабыл қағатындай жөні бар. ЮНИСЕФ-тің мәлі-метінше, былтыр елімізде аналардың 60%-ы босанғаннан кейін күйзеліске ұшыраған. Бұл – әлемдегі ең жоғары көрсеткіштердің бірі.
Еуропа мен Орталық Азиядағы ЮНИСЕФ-тің денсаулық сақтау маманы Фахриддин Низамов ресми статистиканың жоқтығына қынжылыс білдіреді. Оның айтуынша, 2022 жылы Семей қаласында жүргізілген зерттеу нәтижесінде аналардың 59,4%-ы сәбилі болған алғашқы жылы депрессияға шалдыққаны анықталған. Бұған баспананың жоқтығы, отбасылық кикілжіңдер, психологиялық қолдаудың болмауы түрткі болған. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) болжамынша, еліміздегі әйелдердің 19-25%-ы осы дерттен зардап шегуі мүмкін.
Мамандардың пікірінше, босанғаннан кейінгі депрессия – ұзақмерзімді эмоционалды, физикалық өзгерістермен сипатталатын күрделі жағдай. Ұйқының бұзылуы, тәбеттің жоғалуы, өзін кінәлі сезіну секілді белгілер соңында ананың өзіне немесе нәрестеге зиян келтіруіне әкеп соғуы ықтимал. Психиатр Арай Әлғожиннің айтуынша, отандық медицинада дәрігерлердің назары көбіне анаға емес, балаға ауады.
Акушер-гинеколог Владимир Калашников гормоналды өзгерістердің әсері көп екенін алға тартады. «Босанғаннан кейін 3 тәулік өткен соң аналардың 70%-ында гормоналды өзгеріс психикаға әсер ете бастайды. Жатырдың қалпына келу үдерісінің өзі 6-8 аптаға созылады», дейді дәрігер.
ДДҰ-ның Қазақстандағы кеңесшісі Николай Негайдың пікірінше, әйелдер «әлсіз ана» болып көрінуден қорыққандықтан, өздерінің жан күйзелісін жасырып қалады. Сондықтан психологиялық қолдауды патронаждық қызметке ресми түрде енгізу қажет.
Бұл орайда тарих ғылымдарының кандидаты Салтанат Асанова мәселенің түйінін бұрмаланған дәстүрден іздейді. «Қазіргі қоғамда келіндерді босанған бойда үй шаруасына жегу белең алған. Бұл – дұрыс емес. Ата-бабамыз жас босанған ананы ерекше күтіп, 40 күн бойы оған ауыр жұмыс істетпей, тынығуына мүмкіндік берген», дейді тарихшы.
Расында, баяғыда келінін күтіп-баптаған қазақтың бүгінде жас ананы қолдаусыз қалдыруы – ойланарлық жайт.
Айзат СЕРІКБЕК