Қазір елімізде жүріп жатқан саяси реформаның негізгі мақсаты – қоғамды игілікке, әділеттікке, адамгершілікке, еңбекқорлыққа, жауапкершілікке, мейірбандылыққа, үйлесімділікке қарай табиғи, сапалы өзгерту. Бұл – өз қолымыздан келетін, күшіміз жететін іс. Барлық саланы (экономика, өндіріс, ауыл шаруашылығы, саясат, құқық, мәдениет, әлеуметтік институттар) терең, сапалы, іргелі, жан-жақты реформалау – мемлекет, жауапты орындар маңдай терінің өлшемі. Оңай емес, бірақ қайтарымы мен қайыры мол жұмыс. Озықтармен теңелу, елдік тегеурін осы жолда.
Тарихи жолайырық – 2019 жылы жұмысын бастаған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі де, Қаңтардың қатаң сабағынан соң 2022 жылы іске кіріскен Ұлттық құрылтай да ел Президенті жанынан құрылды. Қоғамдық сенім кеңесі Ұлттық құрылтай деңгейіне өсті десек, ақылға сыйымды. Қоғам сенген зиялы тұлғалар, саяси партиялар, үкіметтік емес ұйым көшбасшылары, азаматтық сектордың сарабдал өкілдері енген бұл елдік құрылымның қуаты – халыққа жақындығында, өзекті мәселенің мәні мен шешілу жолын жүйелі байыптауында, ең бастысы, билік пен қоғам арасында алтын көпір бола білуінде.
Әрине, әлем мен айнала толы қайшылық. Бірақ Қазақстан қоғамының құндылығы, құрылымы, пішіні, қордаланған зәрулігі көбімізге мәлім. Сондықтан Ұлттық құрылтай мен басқа да қоғамдық ұйымдар қажетті өзгерістің тетігін, мәселені шешудің амалын қарастыруға әлеуеті жетеді.
Шежірелі Ұлытауда, тұғырлы Түркістанда, Ұлық ұлыс жұрты Атырауда, хан-сұлтан қонысы Бурабайда өткен Ұлттық құрылтай жиынының әрбірі тарих өлшемімен қарасақ та, бүгінгі жаңарған ұлт пайымымен сараласақ та елеулі нәтижеге қол жеткізді.
Президент Қ.К.Тоқаев Ұлытаудағы Құрылтайда жалпыұлттық бірлікті нығайту, саяси реформалардың мән-маңызы, жаңа технологияның мүмкіндіктері туралы айта келіп, жаңашылдық пен әділеттіктің, елді ұйыстыратын тарихи жад пен заманауи ізденістердің жөн-жобасына тоқталды. Құрылтай секцияларында да осы бағдарда өзекті мәселелер талқыланды. Жиыннан соң жұмыс комиссиялары қоғаммен байланысты жандандырып, қаншама игі істер атқарды. Түркістандағы Құрылтайда Мемлекет басшысы Әділетті Қазақстан мен адал азамат ұғымын, құндылығын талдап-таразылады. Елдік нышандарды жетілдіру, тарихи сана-сезімді жаңғырту, мәдени мұрамызды дәріптеу, ұрпақ тәрбиесі, тиімді ақпарат саясаты мен креативті индустрия, саяси талдау мен сараптаманы сапаландыру, стратегиялық аумақтарды дамыту, мемлекеттік қызмет жауапкершілігі жан-жақты байыпталды. Басқосуда келелі ойлар ортаға салынды. Құрылтай мүшелері мен атқарушы биліктің Түркістанға рухани зияраты қасиетті мекенде елшілдік пен елдік дәстүр алдында берген серті деп қабылданды.
Көне Сарайшық жұртында (Атырау) шақырылған Құрылтайда Қасым-Жомарт Кемелұлы адалдық құндылығын жауапты адаммен, еңбекпен, табыспен байланыста сөз етті. Руханият, тіл, кітап оқу, академиялық тарих көптомдығы, дәстүрлі дін мен діл, қаһармандар өнегесі, қоғам кеселдері (лудомания, құмарпаздық, вейп, вандализм, буллинг т.б.), экономикалық ізденіс пен серпіліс, коммуналдық-инженерлік жүйені оңдау, сауатты логистика т.б. жаңарудың өзекті міндетін түсіндірді. Секцияларда қордаланған ой-ұсыныстар қоржыны рет-ретімен талқыланды.
Мемлекет басшысы Бурабайдағы Құрылтайда жаңа тұрпатты өзгерістердің бастапқы нәтижелері, әділетті салық реформасының мәні, әлеуметтік желі мәдениеті, заманауи өнер қуаты, еңбек нарығындағы бәсеке, есірткіге қарсы шаралар, тұрмыстық зомбылыққа қарсы заң, «Біртұтас тәрбие» бағдарламасын «Адал азамат» қағидаты мен атауына сәйкестендіру, «Қазақстан балалары» біртұтас бағдарламасы, Ономастика мен марапаттағы бірізділік пен сауаттылық, Ішкі саясат тұжырымдамасының зәрулігі, Абайдың 180 жылдығы мен дана хакім институтының өзектілігі, «Әлем жады» қорының қазақ мазмұны, ұлт тарихы мен жаһан өркениетін үйлестіру, серпінді экономикалық, индустриялық, инвестициялық, логистикалық жобалар, ел өңірлерін тең дамыту, ІТ бастамалар мен жобалардың жаңа кезеңі секілді мақсат-міндеттерді айқындады. Құрылтай мүшелері үкімет пен заң шығарушы құрылымның жауапты тұлғаларымен бірлесе отырып, маңызды мәселерді шешудің жолын қарастырды.
Қазақ елінің тарихи төрт тарапы арасы мыңдаған шақырым жер болса да, ел бірлігі мен шежіресі, ортақ мұрат пен мүдде оларды жақындастырып, жалғастырып тұр. Президентіміз Ұлытауда: «Бабаларымыз маңызды мәселелерді осындай алқалы жиында талқылаған. Халық ақылдаса отырып, бір тоқтамға келген» деп өткеннің тағылымын еске алса, былтыр Бурабайда: «Біздің идеологиямыз қарапайым әрі түсінікті. Бұл – жаһандағы аса күрделі геосаяси ахуалда елімізді жаңа даму деңгейіне көтеру үшін берік негіз қалау деген сөз» деп, бүгінгі ұлттық миссияның бағдарын анықтап берді.
Ендігі Құрылтай жиыны – ежелден ел берекесіне ұйытқы, сан орданың жоқшысы Қызылордада. Орта толсын, ой қазынасы өремізді биіктетсін.