Абдылдажан Амантұрұлы жөнінде біз алғаш рет университет бітіріп, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтына кіші ғылыми қызметкер болып жұмысқа қабылданған кезде естідік. Бөлім меңгерушісі әрі ғылыми жетекшіміз Бауыржан Омарұлы әңгіме арасында докторлық диссертация жазу барысында қазақ-қырғыз ақындарының шығармаларын салыстыра зерттеу қажеттілігі туғанын, қырғыз ақындарының шығармаларын табуда Абдылдажан Ақматалиев көп көмектескенін ілтипатпен еске алып отыратын.
2010 жылы Абдылдажан Ақматалиевпен сол кездегі институт директоры, академик Сейіт Қасқабасов таныстырды. Бұрын Бауыржан аға ол кісі туралы айтқанда көз алдымызға үлкен адам елестейтін. Себебі Абдылдажан ағаны Мұхамеджан Қаратаев, Рахманқұл Бердібаев, Зейнолла Қабдолов сынды академиктермен араласады, мықты ғалым деп отыратын. Соған орай біздің ақсақалдармен шамалас кісі шығар деп ойлағанымыз рас. Сөйтсек, елудің бел ортасындағы орта бойлы, қараторы, жүзі шуақты жан екен. Көзі күлімдеп, баяу дауыспен сөйлегенде кез келген сұхбаттасын өзіне баурап алады. Біздің Абдылдажан ағамен таныстығымыз осылай басталды.
Абдылдажан аға жас кезінен бастап-ақ қырғыз-қазақ ақын-жазушылары мен әдебиеттанушы-ғалымдарынан көп дос таба білді. Бішкек пен Алматының арасында жиі қатынады. Кандидаттық жұмысын Ш.Айтматов және қырғыз-қазақ әдеби байланысы бойынша жазған ғалым осы күнге дейін ағайынды қос халықтың ғылыми-әдеби қарым-қатынасын нығайтуға айтарлықтай күш салып келеді. Алматыдағы Әдебиет және өнер институтындағы диссертациялық кеңестің мүшесі болды. Кеңеске өзімен бірге Бішкектегі Тіл және әдебиет институтындағы шәкірттерін ерте келіп, қазақ ғалымдарымен таныстыра жүрді. Ол кезде біздің институт академик Сейіт Асқарұлының басшылығымен 10 томдық «Қазақ әдебиеті тарихы», 100 томдық «Бабалар сөзі» серияларын, бірнеше ұжымдық монографиялар дайындап жатқан еді. Абдылдажан аға өз шәкірттеріне сол кітаптарды көрсетіп, өздері де қырғыздың бай фольклоры мен әдеби мұраларын жинақтауы қажет екенін түсіндіріп жүргенін талай құлағымыз шалды. Тіпті 2014 жылы Мұхтар Әуезовтің туған күніне орай ұйымдастырылған конференцияға Қырғыз ғылым академиясы Ш.Айтматов атындағы Тіл және әдебиет институтының 30-40 шақты қызметкерін ерте келіп, Алматыдағы Әдебиет және өнер институтының өмірімен, ғылыми еңбектерімен, М.Әуезов музей-үйімен таныстырды. Конференциядағы баяндамасын қорытындылай келе «Әуезов, Айтматов негізін қалаған қазақ-қырғыз ғылыми-әдеби байланысын кейінгі жастар жалғастыруы қажет», дегені әлі жадымызда жаңғырып тұр.
2016 жылдың мамырында Түркі академиясы ұйымдастырған симпозиумға да өзі басқаратын институттың жастарын ерте келгені есімізде. Алматыдан Астанаға дейін жолбасшылыққа Абдылдажан аға тағайындаған Нұрзина Ыйсаеваға көмектесуді маған ұсынды. Сол кездегі басшым академик Уәлихан Қалижановқа айтып едім, ол кісі бірден келісімін берді. Белгіленген күні 2-Алматы вокзалында қырғыз делегациясын күтіп тұрмын. Бір уақытта автобустан қырғыз ағайындар түсіп жатыр. Жолбасшы Нұрзинаға «Манастың қырық шорасы сияқты барлығың Астанаға барасыңдар ма?» дедім қалжыңдап. Сөйтсем Абдылдажан аға жастарды ел көрсін, жер көрсін, қазақтармен таныссын, байланыс орнатсын деп ұйымдастырған екен.
Абдылдажан аға қазақ әдебиетінің абыздарымен бірге өзі қатарлас ғалымдармен де, өзінен жас буынмен де жақсы сыйласты. Қазақ жерінен Бішкекке ат басын бұрған кез келген әдебиеттанушыны жас ерекшелігіне, атақ-мансабына қарамастан құшақ жая қарсы алып, қонақжайлылық танытатыны туралы барғандар жиі айтады. Өзіміз де оған талай куә болдық.
Бұл кісі туралы көп нәрсе айтуға болады. Оның Шыңғыс Айтматовқа деген махаббаты, ұлы жазушының шығармашылығына деген құштарлығының өзі бір төбе. Қырғыз фольклоры мен әдеби мұраларын жинауға сіңірген еңбегі тағы бір төбе. Оны қырғыз ағайындар айта жатар. Абдылдажан Ақматалиевтің екі ел арасындағы дәнекерлігін бізге дейін де көп адам айтқан. Бұдан кейін де айтылары сөзсіз. Біз тек көргенімізді ғана баяндауды жөн көрдік.
Бүгінде Абдылдажан ағамыз да өзі пір тұтқан ағаларындай абыздық жасқа жетті. Ағамызға қажымас қайрат тілей отырып, ағайынды қос елдің арасында Алтын көпір болып жүре беріңіз дегім келеді.
Ақжігіт Әлібекұлы,
шығыстанушы-ғалым