Келешек мектептері • Кеше

Өткен жылы 162 мектеп салынды

0 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

2025 жылдың қорытындысы бойынша елімізде 236 мыңға жуық оқушы орнына арналған 162 мектептің құрылысы аяқталды. Оның ішінде 112 мектеп «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында іске қосылды.

Өткен жылы 162 мектеп салынды

Оқу-ағарту ми­нистрлігінің хабарлауынша, пайдалануға берілген білім ұйымдары 27 үшауысымды және 11 апатты мектеп мәселесін шешуге, сондай-ақ 160 мың оқушы орнының жетіспеуші­лі­гін жоюға мүмкін­дік берді. Бұл мақсатта бюд­­жет қаражаты есебінен, сон­дай-ақ инвестициялар тарта отырып жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Ел тарихындағы ең маңызды жобалардың бірі – Мемлекет бас­шысының бастамасымен жүзеге асырылған «Келешек мектептері» ұлттық жобасы. Оның аясында 206 мың оқушы орнына арналған 112 жаңа форматтағы мектеп қодданысқа берілді, оның 40%-дан астамы ауылдық жерлерде орналасқан. Еске сала кетейік, 2024 жылдың қорытындысы бойынша 254 мың оқушыға арналған 105 мектеп пайдалануға берілді.

Қазірде білім беру инфра­құрылымын қолдау қоры есебінен 89 мың оқушы­ға арналған 81 мектеп салынды. Оның ішінде 2025 жылдың қорытындысы бо­йынша 13 мың оқу­шы орнына ар­налған 18 жаңа мектеп іске қо­сылды. Бұл шара­лар еліміздің білім беру жүйесін ұзақ­мерзімді да­мы­туға және жаңғыртуға бағыттал­ған.

Сон­дай-ақ Мем­­лекет бас­шы­сының тапсыр­масымен қай­тарылған активтер есебінен Ұлытау облысының Қаражал қаласы мен Маңдырай стансасында екі мектеп, Солтүстік Қазақстан облысында бір балабақша салынды. Еске салайық, Арнайы мемлекеттік қор қаражаты есебінен 8 білім беру нысаны қаржыландырылды, оның ішінде 5 мектеп, 2 балабақша және 1 жатақхана бар.

Қосымша республикалық және жергілікті бюджет қаражаты мен жеке инвестициялар тарту есебінен 16 мың оқушы орнына арналған 30 мектептің құрылысы жүргізілді.

Сонымен қатар қолданыстағы инфрақұрылымды жақсарту бойынша да ауқымды жұмыстар жүргізілді:

  • реновация бағдарламасы аясында 209 мектеп жаңартылды;
  • заманауи стандарттарға сәйкес
    1 мың ауыл мектебі жаңғыртылды;
  • ауыл мектептері үшін 1196 заманауи пән кабинеті сатып алынды.

Айта кетейік, жаңа нысандарды пайдалануға берудің нәтиже­сінде Астана, Алматы, Шымкент қала­ларында, сондай-ақ Қарағанды және Қызылорда облыстарында үшауысымды оқыту мәселесі толы­ғымен жойылды.

 

Айбибі ЕРЛАН 

Соңғы жаңалықтар