Энергетика • Бүгін, 08:10

Энергетика қауіпсіздігі инфрақұрылымды жаңартудан басталады

0 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Turkistan» газетіне берген сұхбатында энергетика саласындағы реформаны «Тәуелсіздік алғаннан бері жүргізілетін ең ауқымды әрі кешенді өзгеріс» деп бағалап, инфрақұрылымның тозуы мәселесін алғаш рет жоғары деңгейде ашық әрі нақты айтты.

Энергетика қауіпсіздігі инфрақұрылымды жаңартудан басталады

«Еліміз былтыр энергетикалық және коммуналдық секторда реформа жасауға кірісті. Бұл – Тәуелсіздік жылдарындағы ең ауқымды реформа. Осы бағыттағы жұмыстар әбден тозған инфрақұрылымды жаңғырту мәселесін шеше ала ма? Шынымен де Үкімет энергетикалық және коммуналдық нысандарды жаппай жаңғырту жұмыстарын қолға алды. Ұзындығы жүздеген шақырым болатын инженерлік желілер мен электр қуатын тарататын желілер салуымыз керек. Бүгінде осы ауқымды жобаның есеп-қисабы әзірленіп жатыр. Қазірдің өзінде қауіпті «қызыл» аймақта тұрған жылу электр орталықтары мен желі­лер анықталды», деді Президент.

Бұл сөздерден проблема тек техника­лық тозуда емес, мәселеге ұзақ жыл бойы жүйелі назар аударылмағанында екенін көруге болады. Тәртіп бойынша, энергетикалық инфрақұрылым 25-30 жыл сайын жаңғыртылуға тиіс. Бірақ елімізде көптеген нысан мұндай кезеңнен екі есе артық уақыт жұмыс істеп келеді. Соның салдарынан жылу маусымында апаттар жиілейді, электр жүйесінде жүктеме көтерілмейді, қуат тапшылығы туындайды, өндіріс нысандары резервтік энергия сатып алады, тұтынушылар жиі ақаулардан зардап шегеді.

Мемлекет басшысының айтуынша, ондаған жыл бойы инфрақұрылымға жүйелі инвестиция салынбаған. Бұл тек техникалық проблема емес, реформаны кейінге ысырып келген саяси-эко­номикалық модельдің салдары. Сондықтан «қызыл аймақтағы» ЖЭО-лардың азаюы шұғыл шаралардың алғашқы техникалық нәтижесі, бірақ бас­ты міндет – жүйені жаңаша құру.

«Арзан тариф» – әлеуметтік саясат емес, жасырын субсидия. Президент тарифтің төмен болуы – кедейлерді қорғау емес, байларға субсидия беру екенін айтты. Бұл елдегі «әділетсіз субсидия» моделін дәл сипаттайды. Арзан электр – өнеркәсіпке тиімді, арзан жанармай – транзит пен экспортқа кетеді, арзан тариф – делдал мен олигополияға пайда. Бұл жерде Мемлекет басшысы инфрақұрылымдық дағдарыс пен әлеуметтік әділетсіздік бір проблема екенін ашып отыр», дейді экономикалық сарапшы Алпамыс Сегізбайұлы.

Расында сұхбаттағы негізгі саяси қадам – «таңдаулы топқа емес, мұқтаж адамға көмек» қағидаты. Тариф көтеру туралы ашық айту – посткеңестік кеңістікте сирек кездесетін әдіс. «Реформа белгілі бір саяси тәуекелі бар батыл шешім ретінде сипатталған. Президент, «жеке абыройды ойласам, бұл жұмысты ысырар едім» деді. Бұл жерде бірнеше месседж бар. Реформа – популистік емес, кешенді әрі ұзақ мерзімге жасалады. Мемлекет басшысы бұған дейін «жалған жетістік» арқылы рейтинг жасау басым болғанын да сынайды. Оның салдары бүгінгі энергетикалық саладағы ахуал», дейді сарапшы Сапарбай Жобаев.

мм

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Оның пікірінше, реформа Үкімет жұмысына «техникалық емес, құрылым­дық міндет» жүктейді. Президент инфра­құрылымды қалпына келтіру – мәселенің жартысы ғана екенін айтады. Нақты тапсырма – нарықтық тетік құру, инвестицияны ынталандыру, тариф арқылы жауапкершілік енгізу. Бұл – посткеңестік «коммуналдық социализмнен» нарықтық модельге көшу деген сөз.

Егер реформа толық жүзеге асса, онда үш нәтиже күтіледі: коммуналдық желі­лер жаңғырады, әлеуметтік субсидия шын мұқтаж жанға беріледі, энергети­када инвестиция, бәсекелестік пен жауап­кершілік пайда болады. Осы жауап арқы­лы Мемлекет басшысы «арзан тариф – әлеу­меттік әділет» деген ескі стереотипті бұ­зып, реформаны қоғамға түсіндірудің жаңа деңгейіне көтерген. Бұл – еліміздің энер­гетикалық саясатының алдағы жыл­дар­дағы бағытын айқындайтын басты дискурс.

Еліміздегі жылу электр орталықта­рының көпшілігі 1960–1980 жылдары салынған. Қондырғылар моральдық және физикалық тұрғыдан ескірген, ал жабдықтың істен шығу қаупі жыл сайын артып отыр. Соның салдарынан мыңдаған үй жылусыз қалып, кәсіп­орындардың тоқтап қалу қаупі бар. 

Үкімет қазір бірқатар стратегиялық бағыт бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Соның қатарында генерациялық қуатты арттыру, трансформациялық қосалқы стансаларды жаңарту, жылу желілерін кезең-кезеңімен ауыстыру, цифр­ландыру мен диспетчерлік басқаруды жақсарту, энергия тиімділігін арттыру сынды міндеттері бар.

«Инфрақұрылым нысандарын жаппай қысқа мерзімде салу мен жаңарту пайдалы болғанымен, бұл тәсіл бола­шақта бірқатар тәуекелді туындатады. Негізгі мәселе – шығындардың көп бөлігі бір мезгілде пайда болып, бюджетке түсетін жүктеме бірден ұлғаяды. Мұндай жағдайда шығындарды бірнеше жылға тең дәрежеде бөлу мүмкіндігі жоғалады», дейді ЕconomyKZ-тің тәуелсіз сарапшысы Дәулет Жамбайбеков.

Сарапшының айтуынша, 50 жыл өткенде осы нысандардың барлығы бір уақытта тозып, жаппай жөндеуді қажет ететін кезеңге келеді. Осылайша, инфрақұрылымды жаппай бір мезетте жаңарту болашақта да қазіргідей ірі шығындарға әкеледі. Сондай-ақ бұл кезең республикалық бюджетте тапшылық жоғары болған уақытқа тап болуы мүмкін.

«Осы мәселенің алдын алу үшін ал­дымен құрылыс пен жаңарту бағ­дар­ламаларын кезең-кезеңімен іске асырған дұрыс. Нысандарды бір уақыт­та емес, әр жылдарда немесе бесжылдықтарға бөліп, пайдалануға беру – олардың тозу мерзімін де әр кезеңге бөледі. Екінші, әр нысанға тәуелсіз сараптама жүргізген жөн. Ескір­ген инфрақұрылымның техникалық жағдайын жеке бағалап, шұғыл жөндеуді шынымен қажет ететінін алдыңғы қатарға шығару керек. Үшінші, әр объект бойынша ақпарат ашық болу қажет. Сараптама қорытындысы, жөндеу құны, жаңартудың қажеттілігі мен мерзімі барлық азаматқа қолжетімді болуға тиіс. Төртінші, сындарлы инфрақұрылымның бірыңғай цифр­лық базасын құру ләзім. Әр нысанның паспорты болуы керек. Онда техника­­лық жағдайы мен тозу индексі, соңғы жөн­деу уақыты, конструкциялардың есепті қызмет ету мерзімі, жақын жыл­дарға арналған ағымдағы және күрделі жөн­деу жос­пары, мемлекеттік бағдарла­маға енгі­зудің негіздемесі көрсетілуге тиіс. Бесінші, инфрақұрылымдық циклдерді ұзақмерзімді жоспарлау жүйесін ен­гізу шарт. Ірі жобаларды 10–20 жылға бөліп, олардың басымдықтары мен тозу мерзімдерін анықтап, бюджеттің мүм­кіндіктеріне қарай кезең-кезеңге бөлуге болады. Бұл бюджетке салмақ түсірмей, жүктемесін тең бөледі», дейді Д.Жамбайбеков.

Энергетика министрі Ерлан Ақкен­женов қазіргі реформаның басты мақсаты – энергетикалық қауіпсіздікті нығайту екенін айтты. Бұл тек ішкі қажеттілік қана емес, халықаралық интеграциялық үдерістермен де байланысты. Себебі еліміз бүгінде Ресей мен Орталық Азия елдерінің энергетикалық жүйесімен синхронды жұмыс істейді. Бұл өзара тәуелділікті арттырады әрі жауапкершілік талаптарын күшейтеді.

Қазір индустрияның жаңа толқыны пайда болып жатыр. Заманауи өндіріс, жасанды интеллект, электр көліктерінің көбеюі, көлік-логистикалық хабтардың дамуы – бәрі де қуат тұтынуын еселеп арттырады. Егер энергетика саласы осы өсімді ілестіре алмаса, экономикалық жоспарлар да тежелуі мүмкін.

Сарапшылар энергетика инфра­құ­­рылымын жаңғыртуға кемінде 10–15 жыл­дық ұзақмерзімді бағдарлама қажет екенін айтады. Президенттің бастамасымен енді жүйелі тәсіл қалыптасып келеді. Ең бастысы, бұрын жасырын болған проблема «күн тәртібіне» шығып, ол мемлекеттің мән беретін маңызды мәселесіне айналды.

Жалпы алғанда, энергетика тек инфра­құрылым саласы емес. Ол – экономи­калық тәуелсіздік, ұлттық қауіпсіздік, индустриялық даму, әлеуметтік тұрақты­лық пен экспорттық әлеуеттің негізі. Сондық­тан ескі жүйелерді жаңарту, жаңа қуат көздерін іске қосу, адам ресурстарын даярлау, заманауи технологиялар енгізу – келер онжылдықтың басты міндеттерінің бірі. 

Соңғы жаңалықтар