Фото: IRNA
Иран президенті өз сөзінде мемлекеттің егемендікті қолдап, зорлық-зомбылық әрекеттерін айыптау мақсатында өткен акцияларға қатысқан ирандықтарға алғыс білдірді.
Оның айтуынша, үкімет халықтың сенімін ақтап отырса, сыртқы жаулардың елдің тыныштығын бұзуға бағытталған әрекеті сәтсіз аяқталады. Сондықтан ол министрліктер мен ведомстволарға елдегі кемшіліктерді жойып, ирандықтардың мәселелерін шешуде «ерекше ынта» танытуды тапсырды. Сондай-ақ әрбір мемлекеттік орган азаматтармен өзара іс-қимыл сапасын жақсартуға міндетті екенін атап өтті.
Иран көшбасшысы Иранға қарсы қысымды күшейтуге бағытталған ауқымды «гибридтік соғыс» жүргізіліп жатқанын да атап өтті.
«Қазір жау барлық күшін қысым көрсетуге жұмылдырған тұста біз халықтың әл-ауқатын барлық салада қорғау үшін қолда бар барлық тәсілді пайдалануға міндеттіміз», деді Масуд Пезешкиан.
Айта кетейік, Иранда Ислам Республикасы тарихындағы ең ауқымды наразылықтар өтіп жатыр. Осыған байланысты АҚШ президенті Дональд Трамп бірнеше рет наразылық білдірушілерді қорғау үшін жағдайға араласамын деп сес көрсеткен болатын.
Ал Иран билігі наразылықтар кезінде шамамен 2000 адамның қаза тапқанын хабарлады.
Наразылықтар кезінде елде интернетке шектеу қойылды.
Бүгін Иран әуе кеңістігі жабылды, жағдайға байланысты Air Astana рейстерінің маршруты өзгерді.