Саясат • Кеше

Геологиялық барлаудың мүмкіндігі

0 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен ел аумағын геологиялық зерт­теуді заманауи барлау әдістерін пайдалана отырып орындау аясында Үкімет биыл жер қойнауын игерудің жаңа кезеңіне кіріседі.

Геологиялық барлаудың мүмкіндігі

Алға қойылған міндеттерді ескере отырып, өткен жылы 100 мың шаршы шақырым жалпы алаңда 1:50.000 масштабты геологиялық түсірілім жүргізуге 20 жоба әзірленді, одан кейін жыл сайын 30 мың шаршы шақырымдық аумақтар орайымен қамтылды. Салыстыру үшін айтсақ, кеңес заманында жасалған картаның бұрынғы масштабы 1:200.000 еді.

Таяудағы үш жылда аталған 20 жобаны жүзеге асыруға, сондай-ақ аз зерттелген шөгінді бассейндер аумағында сейсмикалық барлау жұмыстарын жүргізуге, қазіргі заманғы геологиялық инфрақұрылымды құруға 240 млрд теңге немесе 500 млн доллардай қаражатты бөлу жоспарланып отыр. Жалпы кейінгі 15 жылда 469 млн доллар қаржы салынды.

Жобаларға Жерді қашықтықтан зондтау деректерін талдау, аэрогеофизикалық және геохимиялық зерттеу, далалық жұмыс кешені кіреді. Аумақтар тізбесін қалыптастыру кезінде қорлардың сарқылу факторлары, жер қойнауын пайдаланушылардың болмауы немесе ең аз саны мен пайдалы қазбалардың басым түрлерінің әлеуеті ескерілді. Нәтижесінде, мыс, алтын, қорғасын, мырыш, сирек жер элементтері, барит, боксит кен орындарын айқындау алаңдары анықталды.

Бұдан бөлек, аз зерттелген мұнай-газ келешегі келелі Солтүстік Торғай, Шу-Сарысу мен Сырдария бассейндерінде сейсмикалық барлау жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Сондай-ақ зертханалық-талдамалық базаны жаңғырту мен геологиялық деректерді цифрландыру көзделіп отыр.

Осы масштабта жер қойнауын геологиялық зерттеу­ге көшу Еуропалық Одақ, Канада, Аустралия, Қытай елдерінің халықаралық тәжірибесіне сәйкес келетін геологиялық болжамдардың дәлдігін едәуір арттыруға мүмкіндік береді.

Аймақтық картаға жүйелі түсіру әлеуеті аумақ­­тарды анықтауға, геологиялық әрі инвестициялық тәуе­келдерді азайтуға, геологиялық барлау мен пайдалы қазбаларды өндіруге жеке инвестициялар тарту үшін базалық негіз болады.

Соңғы жаңалықтар