Пікір • Бүгін, 08:18

Өнертабыс ел қажетіне жарасын десек...

10 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бірде «Оңтүстік Қазақ­стан» газетінен жур­налист Аман Жайым­бетовтің «Өнертапқыш өгей бала емес, өкімет...» деген проб­­лемалық мақаласын оқы­дым. Онда осы Оңтүстік өлке­сінде тұратын жас өнертап­қыштардың жоқтан бар жасап ашқан жанкешті еңбегі елден қолдау таппай ескерусіз қалғаны жазылған.

Өнертабыс ел қажетіне жарасын десек...

Сурет: abai.kz

Әлемде ең бай әрі ба­қуатты АҚШ, Қытай, Жапония секіл­ді мемлекеттер бүгінгі көш­бас­шылық дәрежеге қалай жетті? Олар осы өнертапқыштар­дың жұмысын бағалау арқылы, тіптен шетел­дік маман болса да шақырып, ел өнеркәсібін аяққа тұрғызу арқылы жеткенін бүгінде көзі­қарақты қауым жақсы біледі.

Ал «Қазпатент» секілді ондай мекеме бізде де бар. Бірақ ол мекеме не істейді? Ел қажетіне жарар қандай жаңалық ашылды және олардың қаншасы өндіріске жіберілді? Өнертапқыштарға қандай көмек беріліп жатыр, бұл туралы ешкім білмейді. Өйткені халық ондай мекеменің ел алдына шығып есеп бергенін естіген де, көрген де емес.

Әйтсе де мен сол ұйыммен көптен бері таныспын. 2014 жылы «Күн электр стансасына» алған инновациялық патентім бар. 2021 жылы автомобильді жол апатынан сақтайтын магнит­тік құрылғыға алған патентім және бар. Бұдан бөлек, 2024 жылы күз айында тапсырған «Жасыл энергетикаға» арналған төрт патенттік жобам тағы жатыр. Бірақ мен әлі күнге дейін олардан толыққанды жауап алған жоқпын. Дегенмен патентті алған күнде де, ол сызбалар бо­йынша жасалатын макетті қай­да жасатып, қайда сынақтан өткізем деген екіұдай үрейдемін. Өйткені мен оны «Күн электр стансасының» патентін алғанда көргенмін.

Әрине, өнертапқыштық өте абыройлы және сауапты іс. Қазір күнде қолданатын электр энер­гиясы, газ бен мұнай өндіру әдіс­тері, ұшақтар мен авто­мо­биль­дер­дің бәрі – осы өнер­табыс­тық ізденудің арқасында табыл­ған. Егер менің жол апатын болдырмайтын магниттік қондырғым қазір қолданыста болғанда талай жанның өмірін жалмаған жол апаты азаяр еді деп ойлаймын.

Еліміздегі па­тенттік қыз­меттің жұмысына қарап отырып, өнертапқыштар­ға берілетін патент пен қол­дау мүлде сын көтермейтінін айтқым келеді. Бүгінгі өнер­тапқыштардың жұмы­сын баға­лап, олармен дұрыс жұмыс жүргізу, ел өнер­кәсіп­терімен байланыс жасау мүлде ақсап жатыр. Сондықтан бұл жұмыстың бәрін жолға қою үшін өнертабыс орталығын қайта құру керек деп білемін. Егер ондай жағдай болса, мен оған мынадай өз жобамды ұсынамын.

Меніңше, өнертабыс жаңа­лық­тарын жасайтын бұл мекеме мынадай үш бөлімнен тұрса деймін.

Бірінші – түскен ұсыныстар­ды талдау бөлімі. Мұнда 2 ­немесе 3 – мықты физик, химик және биолог болуы керек. Мекемеге келіп түскен ұсыныстарды ең бірінші кезекте осы мамандар қарап, көңілге қонымды, елге игілігі тиетін жақсы идея болса, оны келесі конструкциялық бөлімге тапсырып, ал жарамсыз ұсыныстардың кемшілігін көрсетіп, екі-үш күннен қал­дырмай, иесіне хат арқылы хабарлауы қажет.

Екінші – конструкторлық сынақ бөлімі. Мұны кішігірім зауыт ретінде қарастырып, онда токарлық, дәнекерлеу ста­ноктары мен құрылғылар, сон­дай-ақ осында жұмыс істей­тін техникалық инженерлер, білік­ті электриктер, слесарлар, дәне­кер­леуші және құрастырушылар болуы тиіс.

Үшінші – ел өнеркәсібімен менеджерлік байланыс бөлімі. Бұл бөлімде өнертабыстық сынақ­тарда жақсы нәтиже көр­­сет­кен жасалымдар дәріп­теліп, тиісті өнеркәсіптік компа­ния­ларға ұсыныс жасалады. Ұсы­ныстарды дизайндық үлгіде қай­та жасау және сатып алу бойынша келіссөз жүргізіледі.

Бұған соншалықты көп қар­жы кетпейді. Мұндай ұйымды әр облыста ұйымдастыруға бола­ды. Сондай-ақ өнертапқыш жастар­ды осы салаға одан әрі қызықты­ру, ынталандыру үшін мемлекет жиі байқаулар өткізсе деймін.

Міне, біз тек осындай бір орталықтан басқарылатын па­тент­тік мекеме арқылы ғана өнер­­тапқыштарға жеңілдік жасап, ел экономикасының одан әрі дамуы­на жол ашамыз.

 

Бердалы РЫСБЕКОВ,

зейнеткер ұстаз

 

Түркістан облысы 

Соңғы жаңалықтар