Суреттерді түсірген – Жұмабай МҰСАБЕК
Қаймағы бұзылмаған Қаратал
Әуелгі әңгімені, қасиетті мекен Қаратал өңірінен бастасақ. Өйткені Жетісу жеріндегі әулие-әмбиелердің көбі осы топырақта жатыр. Содан да болар, берекесі келіскен, өрісі кең мекен. Облыс құрылғаннан бері 70 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылған. Соның 26 млрд теңгеден астамы жекеменшік сектордың үлесіне тиесілі. Жалпы құны 8,6 млрд теңгені құрайтын 18 жоба іске асып, 300-ден астам адам тұрақты жұмыспен қамтылған. 2025–2027 жылдарға арналған инвестициялық қоржында 3,4 млрд теңгелік 4 жоба бар. Бұл бастамалар тағы елуден астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік бермек. Бүгінде 1 млрд теңгеге жуық қаржыға іске қосылған 8 коммерциялық нысан аудан экономикасына тың серпін беріп отыр. Аудан әкімі Ұлан Досымбеков өнеркәсіп саласында тоқырау жоқ екенін айтады.
– Президент Жолдауында атап өтілгендей, ауыл шаруашылығы – ел экономикасының стратегиялық саласы. Осы ұстаным Қаратал ауданында нақты іспен бекіп келеді. Жыл сайын агроөнеркәсіп кешенін қолдауға қомақты қаржы бағытталып, шаруалардың еңбегіне екпін беріп келеді. Биылдың өзінде ғана мемлекет тарапынан жарты млрд теңгеден астам қолдау көрсетілді. Кейінгі екі жылда аудан шаруалары жүзден аса ауыл шаруашылығы техникасын жаңартып, егіс пен мал шаруашылығында еңбек өнімділігін арттырды. Бұл – ауылдағы еңбек мәдениетінің жаңарып, заман талабына сай бейімделіп келе жатқанын көрсетеді, – дейді аудан басшысы.
Қант қызылшасы – аудан диқандарының негізгі табыс көзінің бірі. Биыл 800 гектардан астам алқапқа егілген тәтті түбірден 50 мың тоннаға дейін өнім алынды. Жергілікті шаруа қожалықтары Көксу қант зауытына қажет шикізаттың 20%-ын береді. Алдағы жылдары егіс көлемін арттыру жоспарда тұр. Cол мақсатта пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары жүргізіліп жатыр. Кейінгі жылдары 80 мың гектардан астам жер мемлекетке қайтарылып, оның қомақты бөлігі конкурс арқылы шаруаларға берілген. Қалған алқаптар ауыл тұрғындарының ортақ мал жайылымына бекітіліпті.

Одан бөлек, қоғамдық жайылым қоры 90 мың гектардан асады, бұл ауылдағы мал шаруашылығы үшін маңызды ресурс. Сонымен қатар елді мекен тұрғындарына бау-бақша өсіруге арналған жүздеген гектар жер бөлініп, халықтың өзін-өзі азық-түлікпен қамтуына мүмкіндік жасалған. Тіпті цифрландырудың нәтижесінде жер алу рәсімдері бұрынғыдан да ашық әрі қолжетімді бола түскен. Бүгінде кез келген азамат үйінен шықпай-ақ электронды геопортал арқылы бос жер телімдерін көріп, конкурсқа қатыса алады. Айта кетейік, жерді көркейтуде су ресурстарын тиімді пайдалану маңызды.
– Осы бағытта суару жүйелері мен каналдарды қайта жаңғырту жұмыстары бірнеше кезеңмен жүзеге асып жатыр. Жүздеген шақырым канал тазартылып, су бекеттері мен бөлгіштер орнатылды. Нәтижесінде, мыңдаған гектар жер қайта айналымға еніп, егіс алқаптарына су жеткізу айтарлықтай жақсаруға тиіс. Сонымен қатар су үнемдеу технологиялары қарқынды енгізіліп жатыр. Қазір аудан аумағында бірнеше мың гектар жер тамшылатып суару әдістерімен қамтылған. Бұл – болашаққа бағытталған экологиялық әрі экономикалық тиімді қадам, – дейді Ұ.Досымбеков.

Әкімнің айтуынша, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласында да жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр. Қала мен ауылдарда көшелер жарықтандырылып, жолдар жөнделіп, инженерлік инфрақұрылым жаңартылған. «Таза Қазақстан» акциясы аясында мыңдаған түп ағаш отырғызылып, сенбіліктер ұйымдастырылған.
Ауданда білім, денсаулық сақтау салаларына да ерекше көңіл бөлініп отыр. Кейінгі жылдары жаңа оқу орындары бой көтеріп, бірнеше мектеп жөндеуден өтті. Мәселен, Үштөбе қаласында жаңа заманға сай 30 орындық жатақханасымен гумманитарлық колледж, Панфилов атындағы орта мектеп жаңадан салынды. 4 білім ошағына күрделі жөндеу, 8 мектепке ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ аудандық орталық аурухана күрделі жөндеуден өтіп, 10 жаңа нысан ашылған. Дегенмен екі салада да кадр тапшылығы әлі де өзекті болып отыр.
Жазиралы Жаркент
Жаркент өңірі сөз болғанда, ең алдымен халықаралық маңызы бар «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастық орталығы ойға оралады. Мемлекет басшысы атап өткендей, бұл нысан елдер арасындағы экономикалық ықпалдастықты жаңа деңгейге көтеретін маңызды тетік саналады. Осы стратегиялық бағыт аясында «Жаркент – Қорғас» республикалық автожолы толық жаңғыртылып, пайдалануға берілді. Нәтижесінде, шекаралық аймақтарға қатынау бұрынғыдан әлдеқайда қолайлы бола түсті. Сонымен қатар Көнбе асуындағы көпір мен Көктал ауылынан «Алматы – Қорғас» тасжолына шығатын 15 шақырым жол толық жөнделді. Бұдан бөлек, Жаркент, Әулиеағаш, Басқұншы елді мекендеріндегі сегіз көшеде жөндеу жұмыстары атқарылып жатыр. Басқұншы ауылындағы екі көше толық аяқталған. Жаркент қаласы мен Әулиеағаш ауылындағы ішкі көшелерді тегістеу биыл тиянақталады.
Жетісу өңірінде өсірілетін жүгерінің шамамен 55%-ы Панфилов ауданына тиесілі. Өткен жылы 23,1 мың га алқапқа егілген дәндік жүгері толық жиналып, 182,5 мың тонна өнім алынды. Сондай-ақ қуаттылығы жылына 33 мың тонна болатын жүгеріні терең өңдейтін, экспортқа бағытталған жаңа кәсіпорын іске қосылды.

– Уәдеге сай, жүгеріге берілетін субсидия көлемі 10 теңгеден 12 теңгеге артқан. Қазірде облыста өндірілген жүгеріні төрт кәсіпорын қабылдайды: «Жаркент крахмал-сірне зауыты», «АзияАгроФуд», «Уыз Май Индастри», «Астық Халық Экспо» ЖШС-лары. «Жаркент крахмал-сірне зауыты» өндірістік қуатын 120 мың тоннадан 150 мың тоннаға дейін ұлғайтты. Сонымен қатар Жаркент қаласында 1,8 млрд теңге инвестиция есебінен тәулігіне 120 тонна жүгері өңдейтін «Kazakhstan Yuzheng Trading» зауыты іске қосылды. Өңделген өнім Қытай, Өзбекстан, Иран елдеріне мал азығы ретінде экспортталады, – дейді аудан әкімі Марат Сағымбек.
Ауданның тағы бір әлеуетті бағыты – бау-бақша шаруашылығы. Облыстағы бақ алқаптарының 44%-дан астамы, 2,3 мың гa жер Панфилов ауданында орналасқан. Мұнда жалпы сыйымдылығы 8,5 мың тонна болатын 8 жеміс сақтау қоймасы бар. Сонымен қатар аумағы 1 гектарды қамтитын «ҚазГеоТерм» жылыжай кешені жұмыс істейді. Жыл басынан бері ауданның агроөнеркәсіп кешеніне 1,9 млрд теңге инвестиция тартылып, көрсеткіш 1,7 есеге артты. Дегенмен облыс әкімі өндірілген өнімді қайта өңдеу үлесін арттыру қажеттігін атап өтіп, тауарлы сүт, ет, құс фермаларын салу, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін кәсіпорындар ашу жөнінде нақты тапсырмалар жүктеді. Оған қоса «Жаркент Фрукт» ЖШС қызметкерлерінің еңбекақы мәселесін жақын мерзімде шешу міндеттелді.
Мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдаудың нәтижесінде аудан диқандары «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы 512 млн теңгеге 28 бірлік ауыл шаруашылығы техникасын сатып алды. «Кең дала–2» бағдарламасы аясында 31 шаруашылыққа 394 млн теңге көлемінде жеңілдетілген несие берілді.
– Панфилов ауданында газдандыруға жататын 26 елді мекен бар. Бүгінде Жаркент қаласы толық табиғи газға қосылған. Қалған 25 елді мекенге қатысты жұмыстар жалғасып жатыр, олардың 12-сінде құрылыс аяқталған. Ават, Ақкент, Нәдек ауылдарына көгілдір отын жеткізілді. Жыл соңына дейін аудан елді мекендерінің тең жартысы газ игілігін көреді. Қалған 13 ауылда ауылішілік газ тарату желілері жүргізіледі. Нәтижесінде, биыл аудан халқының 85%-ы табиғи газға қол жеткізеді», – дейді аудан басшысы.
Кейінгі жылдары Панфилов ауданында әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға айрықша көңіл бөлініп отыр. Денсаулық сақтау саласында екі жыл ішінде 18 нысан бой көтеріп, 3 мекеме күрделі жөндеуден өтті. Алыс ауылдарға келген 17 жас дәрігерге 135 млн теңге көлемінде көтерме жәрдемақы берілді. Ауданның түрлі елді мекендерінде дәрігерлік амбулаториялар, фельдшерлік-акушерлік, медициналық пункттер салынды. Сонымен қатар аудандық аурухананың күндізгі стационары жөнделіп, негізгі ғимаратты қалпына келтіру мен жаңа блок салу жұмыстары басталды. Бұл нысандар биыл пайдалануға беріледі.
– Материалдық-техникалық базаны нығайту мақсатында 2024–2025 жылдары аудандық аурухана мен бірқатар ауылға 6 санитарлық автокөлік беріліп, 13 заманауи медициналық құрал жеткізілді. Білім саласында да оң өзгерістер бар. Жаркент қаласында 1 200 орындық жаңа мектеп салынды, Талды ауылында 300 орындық мектеп пайдалануға берілді. Қазірде Сұптай ауылында 120 орындық мектептің құрылысы жүріп жатыр. Мәдениет, спорт саласында да жаңа нысандар ел игілігіне берілді. Тұрпан ауылындағы мәдениет үйі жөнделіп, Үшарал, Көктал ауылдарында заманауи спорт кешендері ашылды, дейді аудан әкімі.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша Панфилов ауданы облыстағы ең үздік аудан атанды. Бұл межеге Қаратал ауданы да жақын тұр. Қос ауданның экономикасы әртараптанып, шағын және орта бизнес дамып келеді.
Жетісу облысы