Сурет: gov.kz
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, Мемлекет басшысының тапсырмасына орай, 2023 жылдан бастап бес жыл ішінде ең төменгі базалық зейнетақыны ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ына дейін, ең жоғарғы зейнетақы мөлшерін 120%-ға дейін жыл сайын кезең-кезеңімен арттыру жүзеге асырылып жатыр.
Айталық, биылғы 1 қаңтардан бастап базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері 35 596 теңгеге (ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ы), ең жоғары мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 110%-ынан 118%-ына дейін артып, 60 005 теңгеге жетті. 2019 жылы зейнеткерлік демалысқа шыққан 70 жастағы зейнеткердің бюджеттен төленетін зейнетақысының мөлшері 2025 жылы 171 588 теңге болды, оның ішінде базалық зейнетақы төлемі – 50 851 теңге, ынтымақты зейнетақы – 120 737 теңге. 2026 жылғы 1 қаңтардан зейнетақының жалпы сомасы 192 816 теңгеге дейін ұлғаяды, оның ішінде базалық зейнетақы – 60 005, ынтымақты зейнетақы – 132 811 теңгеге жетеді. Бұл сомаларға БЖЗҚ төлемдері кірмейді.
1 қаңтардан бастап мемлекеттік жәрдемақылардың да мөлшері артады. Мысалы 1, 2, 3 бала туғанда берілетін жәрдемақы бір реттік 149 416 теңгеден 164 350 теңгеге дейін, 4, одан да көп бала туғандарға беріліп келген 247 716 теңге сомасы 272 475 теңгеге дейін ұлғаяды. Көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы да 10 %-ға артты. Төрт баласы бар отбасыларға 63 030 теңгеден 69 330 теңгеге дейін, 10 баласы барларға 157 280 теңгеден 173 000 теңгеге дейін көбейді. Сонымен қатар I топтағы мүгедектігі бар адамдарға арналған жәрдемақы 101 702 теңгеден 111 872 теңгеге дейін, II топтағыларға – 81 362 теңгеден 89 498 теңгеге дейін, III топтағыларға 55 474 теңгеден 61 021 теңгеге дейін ұлғаяды.
Асыраушысынан, еңбек ету қабілетінен айрылған жандарға Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) берілетін төлемдер де 10%-ға артты. Бұл төлемдер міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға бюджеттен төленетін мемлекеттік жәрдемақыларға қоса беріледі. Төлем сомасы кейінгі 2 жылда МӘСҚ-ға әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық табысқа, еңбек ету қабілетінен айырылу коэффициенттеріне, асырауындағы адамдар санына, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне, табысты алмастыруға байланысты есептеледі.