Пікір • Кеше

Ашық ой, айқын ұстаным

20 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жыл ауысқан шақта Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекет дамуының негізгі стратегиялық бағыттарын айшықтайтын көлемді мақалалар жариялап, сұхбат беруі игі дәстүрге айналды. Мемлекет басшысы өткен жылдары «Egemen Qazaqstan», «Ana tili» басылымдары арқылы халықпен ой бөліссе, осы жылдың басында «Turkistan» газетіне сұхбат берді. Бұл – халықтың көкейіндегі көптеген сауалға бүкпесіз жауап қатып, қоғаммен ашық диалог орнатудың тиімді жолы.

Ашық ой, айқын ұстаным

Сурет: primeminister.kz

«Turkistan» газетінде жария­лан­ған бұл сұхбат ел дамуының алдымыздағы жос­парда ғана емес, ұзақмерзімді стра­тегиялық межелердің маз­мұнын ашып көрсеткен ма­ңыз­ды құжат десек те болады. Сұхбатта экономика, энергетика, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы, туризм, білім беру мен денсаулық сақтау саласына қатысты көкейкесті мәсе­ле­лер жан-жақты қам­тылды. Сұхбат алған басылым бас редакторының сауалдары да өткір. Президенттің жауаптары да нақты, қалың оқырман қауымға ұғынықты, бүкпесіз әрі шынайы деректер мен тұ­жы­рымдарға негізделіпті. Сұх­бат­тың өн бойынан Қасым-Жомарт Кемелұлының өзі тура­лы анықтамадағыдай нағыз мемлекетшіл адамның қоғам өмірінің барлық саласына қатысты тұтас ой-идеялары мен нақты жоспарға негізделген стра­тегиялық көзқарасы көрі­неді.

Алдағы жылдары елімізді күрделі саяси реформалар кү­тіп тұр. Мемлекет басшысы был­тырғы 8 қыркүйектегі Жол­дауында жариялағалы сол жос­пар­ланған реформалардың сипа­ты сан саққа жүгіртілді. Тіпті конституциялық өзге­рістердің Президент билі­гі­нің құзыретіне де қатысты болуы мүмкін деген болмашы болжамдар айтыла бастады. Рас, біз ашық де­мократиялық қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Қарапайым қоғам мүшесі де, аты мен заты танымал кәсіби сарапшы да өз ойын ашық айтуға құқылы. Айтып та жатыр. Алайда әлеу­мет­тік желі мен ақпараттық технология­лар арқылы мұндай оңды-солды айтылған долбарлар қоғамдық пікірді ақиқат жолынан адастырары хақ. Бірнеше айдан бері желіде желдей ескен жосықсыз жорамалдарға Прези­­дент: «Мұндай пікір менің саяси қағидаттарыма қайшы келеді. Мен Қазақстанның пре­­зи­денттік басқару үлгісіндегі мемлекет екенін бірнеше рет айттым. Осыдан 8 жыл бұрын, яғни Ақордаға келгенге дейін «Күшті Президент – ықпалды Пар­ламент – есеп беретін Үкі­мет» тұжырымдамасын жария­ладым. Жеке бастың қамын күйт­теп, мемлекеттік жүйені тұ­тас­тай өзгерте салу барып тұр­ған жауапсыздық, тіпті адам­гер­шілікке жатпайтын әрекет болар еді», деп нақты жауап беріп, соңғы нүктесін қойды.

Демек елімізде жоспар­лан­ған конституциялық реформалар тек заң шығарушы билік тар­мағына, яғни Пар­ла­ментке ғана қатысты болады. Сон­дықтан көзі ашық, көкірегі ояу азаматтарымызды ендігі жер­де долбарларға уақыт жо­ғалт­­­пай, тек Парламенттік рефо­р­­малар төңірегінде ой тол­­ғап, ел болашағына пай­­далы ақыл-кеңес қосуға шақырар едім.

Саяси партия ретінде басым бағытымыз болған соң әрі Мәжілістегі аграрлық мәселе­­­­лер комитетінің төрағасы ретінде Пре­зиденттің ауыл шаруа­шы­лығы саласына қа­тысты саяси қадамдары мен ой-пікірлеріне ерекше назар аударамыз. Мем­лекет басшысы ауыл мен ауыл шаруашылығы саласын жіті қадағалайды. Ешқашан назардан тыс қал­дырған емес. Кейінгі жылдары жарияланған маңызды бастамалар мен мемлекеттік құ­жат­тарда ауыл шаруашылығы сала­сына ерекше басымдық бе­ріліп келеді. «Turkistan» газе­тін­де жарияланған сұхбатта да ауыл шаруашылығының дамуына қатысты соны пікірлері мен Үкіметке берілген нақты тап­сырмалардың маз­мұнын ашып берді. Әсіресе Прези­дент­тің мал шаруа­шы­лығын дамыту, кіші шаруашылықтарды қолдау мен кооперация жүйе­сін қалыптастыру бо­­йынша көтер­ген бастамалары шаруалар қауы­­мы тарапынан толық қол­дау табатыны анық.

Ауыл шаруашылығы кооперацияларын құру елімізде жылдар бойы қордаланып қалған мәселелердің бірі екені анық. Алайда бұрынғы кезеңдерде атқарушы органдардың бұл мәселеде сапа емес, сан қуалап, жалған көрсеткіштерге арқа сүйеп кеткенін мойындауымыз керек. Мемлекет басшысы сол қателіктердің қайталанбауы үшін «Кооперация өзінен-өзі пайда бола салмайды. Ел ішінде егжей-тегжейлі түсіндіру және ұйымдастыру жұмыстарын қолға алу қажет. Алайда бір­лестік құру ісін науқанға айнал­дырып, жұртқа қысым көр­сетуге, оларды мәжбүрлеуге жол берілмейді», деп нақты нұс­қау берді. Яғни тағы да Пре­зи­дент­тің тұжырымына арқа сүйей отырып, «Кооперацияны күнкөрістен өсіп-өркендеуге бастайтын жол, бірлік пен жа­сам­паздық идеологиясы» деп қарастырғанда ғана жетіс­тік­ке жетіп, ауыл халқы толайым табысқа кенеліп, ауыл шаруа­шылығы өркендемек.

Мемлекет басшысы «Заң мен тәртіп», «Адал азамат», «Адал еңбек», «Таза Қазақстан» сынды бастамалардың маңыз­дылығына тағы бір мәрте тоқ­талып, идея­лық мәнін тереңі­рек ашып берді. Бір ғана емес, бірнеше ұрпаққа азық болар аталған идеологемалар мемлекеттіліктің мықты ұстынына, нағыз отан­шыл­дықты қалыптастырар ұлт­тық құндылықтарға айна­лу­ға тиіс. Президенттің өз сөзі­мен түйіндер болсақ, «Отан­шыл болу – туған еліңнің, отбасыңның игілігі үшін аянбай еңбек ету деген сөз. Қоқысты жинау, тал егу, табиғатты аялау, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету де – отаншылдықтың белгісі».

 

Серік ЕГІЗБАЕВ,

Мәжіліс депутаты, «Ауыл» партиясының төрағасы

Соңғы жаңалықтар