Үкімет • Бүгін, 07:55

Ерте қамданған қапы қалмайды

0 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Вице-премьер – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен Үкіметте жаңа маусымдағы көктемгі дала жұмыстарына дайындық жөнінде осы жылғы алғашқы жиын өтті.

Ерте қамданған қапы қалмайды

Сурет: inbusiness.kz

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтановтың хабарлауынша, биыл егістік алқаптарының жалпы көлемі 23,8 млн гектарды құрайды, бұл 2025 жылмен салыстырғанда 180 мың гектарға артық. Егісті әртараптандыру стратегиясы аясында дәнді дақылдар алқаптары қысқартылып, 15,9 млн гектар болды, бұл өткен жылмен салыс­тырғанда 112,4 мың гектарға аз.

Бұған қоса жоғары маржиналды әрі қайта өңдеуде сұра­ныс­қа ие дақылдардың егістік алқап­тары ұлғайтылып жатыр. Мәселен, майлы дақылдар 55,2 мың гектарға артып, 4,045 млн гектарды құрайды, арпа – 93,8 мың гектарға (2,4 млн гектар), жүгері – 42,9 мың гектар­ға (217,5 мың гектар), мал азық­тық дақылдар 37,4 мың гектарға (3,1 млн гектар) ұлғаяды.

«Жамбыл облысында жүгері­­­ні терең өңдеу бойынша «Fufeng Group» компаниясы­ның тік интеграцияланған жаңа индустриялық паркін шикізатпен қамтамасыз етуге жүгері егістігін едәуір арттыру қажет. Биыл алғаш­қы кезеңді іске қосу барысында зауытқа 500–700 мың тонна жү­гері қажет болады, ал кейін бұл көлем 1 млн тоннаға жетеді. Мал азық­тық дақылдар алқаптарының ұлғаюы биыл мал шаруашылығын дамытуға арналған кешенді бағдар­ламаның басталуымен байланысты болады», деді А.Сұлтанов.

Жаңа вегетациялық кезең­ге дайындық пен елдің оңтүстік өңірлерінде егістік көлемінің болжамды ұлғаюы аясында Қызылорда, Түркістан, Жамбыл облыстарының фермерлерімен кез­десулер өткізілді. Суды көп қажет ететін дақылдарды азай­тып, оның орнына су сыйым­дылығы төмен әрі терең өңдеудің жаңа өндірістерінде сұранысқа ие дақылдарға көшу нұсқалары талқыланды. Атап айтқанда, Қызылорда облысын­да күріш егістігін 8,5 мың гектар­ға, Түркістан облысында 7,4 мың гектарға қысқарту мәселесі қарастырылып отыр. Мақта егістігінің болжамды көлемі 148,5 мың гектар болған жағдайда, тамшылатып суару қолданылатын алқаптар 15 мың гектарға ұл­ғаяды, ал дәстүрлі суару әдістері қолданылатын алқаптар 11 мың гектарға қысқартылады.

Табысты егіс науқанының негізгі құрамдас бөліктері – тыңайтқыштар, сапалы тұқым мен арзандатылған дизель отыны. Қажетті ресурстарды уақтылы сатып алуға Аграрлық несие корпорациясы өткен жылдың қазан айынан бастап фермерлерден жеңілдікпен несиелеуге өтінім қабылдауды бастады. Бүгінде өтінімдердің ең көбі Түркістан (28%), Ақмола (13%), Солтүстік Қазақстан (13%), Қостанай (11%), Қарағанды (6%) облыстарынан түсіп отыр.

Вице-премьер Энергетика министрлігіне шаруаларға арналған дизель отынының жеңіл­дікті бағасын қысқа мерзімде айқындау мен өңірлерді мұнай өңдеу зауыттарына бөлу кестесін бекітуді тапсырды. Дизель отынын жеткізу ақпан айында бас­талады.

Биылғы көктемгі егіске қажетті 2,3 млн тонна тұқымның ішінде 1,5 млн тонна жаздық дақылдар сараптамаға жеткізілді. Алдын ала тексеруден 1,3 млн тонна тұқым өткізілді, оның 98,1%-ы кондициялық деп танылды, яғни егу стандартының 1 және 2 сыныбына сәйкес келеді.

Соңғы жаңалықтар