Күні кеше Мәдениет және ақпарат министрлігі 61-ші Венеция биенналесіндегі Ұлттық павильонға арналған кураторлық ұсыныстар конкурсының қорытындысын жариялады. Еске сала кетейік, конкурс 2025 жылдың қараша айында жарияланып қойған. Ондағы мақсат – биылғы Биенналеде «In Minor Keys» тақырыбын ашатын, тұжырымдамалық және көркемдік тұрғыдан біртұтас жобаны іріктеу және Қазақстанның заманауи өнерін халықаралық деңгейде таныстыру. Аталған байқауда дауыс беру нәтижесі бойынша «ҚОҢЫР: архив үні» тұжырымдамасы жеңімпаз атанды. Жобаның кураторы – Сырлыбек Бекботаев.
Конкурс ұлттық павильонды дайындауда ашық әрі тұрақты тәжірибені қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылды. Өтінімдер бір ай бойы қабылданды. Іріктеу екі кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде ұсынылған материалдарға сараптамалық бағалау жасалды, ал екіншісінде финалистермен онлайн-сұхбат жүргізілді.
Бірінші кезеңнің финалына үш жоба өтті. Екінші кезеңде қазылар алқасы әрбір финалиспен онлайн-сұхбат өткізіп, талқылау қорытындысы бойынша ақтық дауыс беру парақтарын толтырды.
Іріктеу комиссиясы пәнаралық сараптама қағидаты бойынша құрылып, оның құрамында заманауи өнер, өнертану, тәуелсіз театр мен музыка салаларындағы жергілікті және халықаралық мамандар, сондай-ақ академиялық қауымдастық пен мемлекеттік музейлер өкілдері отырды.
Конкурсқа кураторлар мен кураторлық топтарға ел азаматтары, кураторлық қызмет тәжірибесі бар мамандар шақырылды. Қазақстанда тұратын және жұмыс істейтін үміткерлерге басымдық берілді. Халықаралық көрмеге жолдама алған Сырлыбек Бекботаев – суретші әрі куратор, Астана қаласында тұрып жұмыс істейді. Оның шығармашылығы мен мол тәжірибесі көшпелілер өмірі мен мәдени мұра тақырыбына арналған. 2025 жылы ол Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін «Мәдениеттану» мамандығы бойынша тәмамдаған.
Венеция биенналесі 1895 жылдан бастап Венецияда екі жылда бір рет өткізілетін ең беделді халықаралық көрмелердің бірі екенін атап өткен жөн. Бұл айтулы оқиға әлемдік өнердің даму бағытын айқындайды, сондай-ақ заманауи трендтерді кеңінен таныстырады.