«Менің төрт ағам бар, олардың екеуі сізге дауыс бермекші, ал егер сақалыңызды өсірсеңіз, қалған екі ағамды да сізге дауыс беруге көндіремін. Бетіңіз тым сопақша. Сол үшін сақал өсірсеңіз, әлпетіңіз әлдеқайда жақсы көрінер еді», дейді ол өз ұсынысын жасырмай.
Грейс Беделл хатының басында Линкольннен «Қызыңыз бар ма?» деп сұрайды. Араға төрт күн салып Линкольн оған жауап қайтарады. Ол алдымен «Қызыңыз бар ма?» деген сұраққа жауап береді.
«Құрметті кішкентай ханша! Менің қызым жоқ. Бірақ үш ұлым бар. Олар он жеті, тоғыз және жеті жаста. Ұлдарым отбасымның басты мүшелері екенін айтқым келеді. Ал сақалға келетін болсақ, бұдан бұрын ешқашан сақал қоймағанмын. Егер дәл қазір сақалымды өсірсем, жұрт бұл қылығымды ақымақтық деп ойламас па? Бұл туралы сіз қалай ойлайсыз?
Сізге тілекші А.Линкольн».
Көп өтпей Грейс Беделл сақалдың Абрам Линкольнге қалай құп жарасқанын өз көзімен көру мүмкіндігіне де ие болды. Иллинойс штатының Спрингфилд қаласынан Вашингтондағы инаугурациясына бара жатқан жолында президенттікке сайланған Абрaхам Линкольн Грейс Беделл тұратын Уэстфилд қаласына арнайы ат басын бұрады. Сол кездесуде Линкольн оған «Көрдің бе, сақалымды сен үшін өсірдім, Грейс» деп ағынан ақтарылады.