Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «EQ»
Қилы заманда қазақ жеріне күштеп қоныс аударылған басқа этнос өкілдері еліміз тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында тарихи Отанына жаппай қоныс аударып, халқымыздың саны едәуір азайып қалғанда шетелден атамекенге бет түзеген ағайынның ұлы көші нашарлап кеткен демографиялық ахуалды айтарлықтай жақсартқан еді. Сол қандастардың бірі – Өзбекстанның Науаи облысы Тамды ауданынан Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданына ат басын тіреген кәсіпкер Жаңабай Пірманов.
«Қазақ елі тәуелсіздік алғанына бөркімді аспанға ата қуанып, атажұртқа оралуға бекіндім де, баяғы Асанқайғы бабамызша, жер таңдау мақсатымен жолға шықтым. Атақонысымыз Қызылорда облысының Қармақшы ауданы болғанымен, талай өңірді аралап, ақыры Ақан сері бабамыз әсем әнімен әлдилеген, табиғаты ғажап Айыртау баурайына табан тіреуді ұйғардым. Сөйтіп, 1996 жылы турист атаулының таңдайын қақтыратын атақты Шалқар көлінің жағасындағы Айыртау ауылына отбасыммен бірге көшіп келдім. Ол уақыт мемлекеттік көші-қон бағдарламасы әлі қабылданбаған, қандастарға ешқандай қаржылық көмек көрсетілмейтін кез еді. Бірақ мен ешкімнен жәрдем күтпей, адал еңбегіммен тірнектеп жинаған азын-аулақ қаражатыма үй мен мал сатып алып, өз тірлігімді жасауға кірістім. Ең қиынға соққаны – азаматтық алу жолында төрт жылдай сергелдеңге түскенім. Онсыз бастаған ісімді өрге бастыру мүмкін емес еді. Азаматтық алысымен ойымда жүрген фермерлік шаруашылығымды тездетіп рәсімдеп, оған өзім туып-өскен жерім Тамдының атын бердім. Менің соңымнан осы Айыртау ауылына ағайын-туғанымнан 32 отбасы түгел көшіп келді. Әр үйде кемінде төрт-бес бала болғандықтан, жергілікті орыс мектебінде қазақ сыныптарын аштырдық. Біздің осы жақтағы тұрмыс-тіршілігіміз түзелгенін естігеннен кейін Тамдыдағы қазақтардың тағы 70-тен астам отбасысы лек-легімен осы Айыртау ауданына қоныс аударды», деп еске алады Ж.Пірманов.
Осылайша, ол жүзден астам отбасының Қызылжар өңіріне қоныс аударуына ұйытқы болып, бәрінің арқасүйер тірегіне айналған.
Еліміз өтпелі кезеңдегі экономикалық дағдарысты еңсерген соң Үкімет белгілеген квотамен атажұртқа оралған қандастарға, 2017 жылдан бері жүзеге асырылып жатқан жұмыс күші артық өңірлердің тұрғындарын жұмыс күші тапшы өңірлерге ерікті қоныс аудару бағдарламасына қатысушыларға мемлекеттік қолдау көрсетіліп келеді. Мәселен, биылғы жылы көшіп келуге – отбасының әр мүшесіне 70 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) сомасында (302 750 теңгеден), тұрғын үйді жалға алуға, коммуналдық қызметтерге – 12 ай бойы отбасы құрамы мен орналасқан елді мекенге байланысты 15–30 АЕК аралығында (64 875 теңгеден 129 750 теңгеге дейін) қаражат төленеді. Ал тұрғынжай сатып алуға арналған экономикалық мобильдік сертификаты арқылы 1 625 АЕК (7 млн 29 мың теңге) бөлінеді. Бұл сома баспана құнының 50%-ын жабады, қалған бөлігін қандастар мен қоныс аударушылардың өздері төлеуге тиіс.
Бұған қоса, кейінгі жылдары үкіметтік квота да біршама көбейтілді. Оның саны 2022 жылы – 8 086 адам, 2023 жылы – 8 929 адам, 2024 жылы – 9 483 адам, 2025 жылы 9 653 адам болды. Биыл 8 278 қандас пен қоныс аударушыны қабылдау көзделіп отыр. Әрине, бұл демография саласындағы «жыртықты жамауға» жетпейді. Ұлттық статистика бюросының мәліметіне қарағанда, қоныс аудару бағдарламасы жүзеге асырылған 8 жыл ішінде тұрғындар саны Абай облысында – 48 946 адамға (2017 жылғы 651 778-ден 2025 жылдың басында 602 832-ге дейін), Қостанай облысында – 52 746 адамға (878 415-тен 825 669-ға дейін), Павлодар облысында – 5 581 адамға (756 599-дан 751 018-ге дейін), Солтүстік Қазақстан облысында – 40 412 адамға (562 583-тен 522 171-ге дейін), Шығыс Қазақстан облысында 12 842 адамға (736 809-дан 723 967-ге дейін) азайған. Тұтастай алғанда, солтүстік, шығыс өңірлері тұрғындарының қатары 160 527 адамға кеміген. Мұның негізі себебі – көші-қонның теріс сальдосы қалыптасқанында, кісі өлімі көбейіп, бала туу көрсеткіші төмендегенінде.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпарына сүйенсек, қоныс аудару бағдарламасын іске асыру басталғаннан бері еңбек ресурсы жеткіліксіз өңірлер 66,2 мың адамды қабылдаған. Олардың 3,6 мыңы немесе 6%-ы барған жерлерінде тұрақтамай, бұрын тұрған өңірлеріне қайтып оралған. Бірақ осы ақпараттың шынайылығы күмән тудырады. Себебі көші-қон саласында заң бұзушылық аз емес. Бұрнағы жылы Бас прокуратура жалған құжаттар жасау арқылы азаматтарды жалған қоныс аудару жолымен 1 млрд теңгеден астам қаржы талан-таражға салынғанын әшкерелеген. Өздерінің туып-өскен өңірлерінде тұрып жатқан адамдар қоныс аударушылар ретінде есепке алынған, ал құжаттар төмен бағамен сатып алынған, көрінеу тұруға жарамсыз немесе апатты тұрғынжайларға рәсімделген. Кей азаматтар өздерінің қағаз жүзінде «қоныс аударғанын» білмеген де болып шыққан.
Өңірлердің демографиялық дамуындағы елеулі алшақтықты жоюға мүдделі мемлекеттік органдар аса ынта салып отырмаған сияқты. Оған айғақ ретінде Ұлттық экономика министрлігі әзірлеп, өткен жылғы тамызда Үкімет қаулысымен бекітілген еліміздің өңірлік дамуының 2025–2030 жылдарға арналған тұжырымдамасында алдағы уақытта тұрғындар саны Абай облысында 581,7 мыңға дейін, Қостанай облысында 792 мыңға дейін, Павлодар облысында 728,9 мыңға дейін, Солтүстік Қазақстан облысында 488,2 мыңға дейін, Шығыс Қазақстан облысында 695,4 мыңға дейін азаяды деген болжам келтірілгенін айтуға болады.
Президент Қ.Тоқаев 2021 жылғы Жолдауында: «Ел ішіндегі еңбек күшінің ұтқырлығы мәселесіне қатысты да жаңа ұстанымдар қажет. Өз бетінше бизнеспен айналысқысы келетіндердің де көшуіне жағдай жасаған жөн. Көшіп келген азаматтарға үй салу ғана емес, ауыл шаруашылығымен айналысу үшін де жер телімдерін беру мүмкіндігін пысықтау керек», деген еді. Алайда осы бағытта орталық, жергілікті атқарушы органдар тарапынан пәрменді шаралар қабылданған жоқ. Бұл ретте жоғарыда сөз болған Жаңабай Пірманов сынды елжанды азаматтардың бастамасын жан-жақты қолдау қажет. Әсіресе, қазір оңтүстік өңірлерде жайылымдық жер жетіспеушілігіне, кейінгі жылдардағы қуаңшылыққа байланысты теріскейге қоныс аударуды ойлап жүрген кәсіпкерлер барын ескерген жөн.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өткен жылдың аяғында қабылданған еліміздің 2030 жылға дейінгі көші-қон саясаты тұжырымдамасында ішкі қоныс аударушылар мен қандастарды қолдауға ерекше назар аударылатыны атап көрсетілді. Өңірлік даму тұжырымдамасында көзделген шекара маңындағы аумақтарды дамыту шаралары да теріскей өңірлердегі көптеген ауылды қайта өркендетуге септігін тигізбекші. Нақты айтсақ, аталған аумақтардағы елді мекендердің тұрғындарының бизнес-бастамаларын қолдауға гранттар беру, жалақысына үстемеақы енгізу мәселесі, төтенше табиғи-климаттық жағдайлары бар шалғай шекара маңындағы аудандардың тұрғындарының еңбек өтілін есептеудің ерекше нормалары қарастырылмақшы. Премьер-министр шекара маңындағы ауылдарды дамыту мақсатында олардың әрқайсына бизнес субъектілерін, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін, жер қойнауын пайдаланушыларды бекіту туралы тапсырма да берген.
Түйіндей айтқанда, Үкімет «Бос жатқан жер жау шақыратынын» ескеріп, бұдан былай солтүстік, шығыс өңірлер тұрғындарының санын көбейтуге жете мән береді деп ойлаймыз.