Медицина • 10 Қаңтар, 2026

Медицина жүйесін цифрландыру жайы талқыланды

10 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев денсаулық сақтау жүйесін цифрлық трансформациялау мәселелеріне арналған жұмыс кеңесін өткізді.

Медицина жүйесін цифрландыру жайы талқыланды

Кездесу барысында медици­налық көмектің сапасына тікелей әсер ететін нақты басымдық­тар тал­қыланды. Атап айтқан­да, меди­ци­налық көмектің қол­жетім­ділігін арттыру, дәрігерлер мен медицина қызметкерлері­не түсетін әкімшілік жүктемені азайту, процестер­дің ашықты­ғын қамтамасыз ету мен деректермен жұмыс істеу арқылы саланы тиімді басқару мәселелері қаралды.

Медициналық қызмет сапасы мен көлемін жасанды интеллект технологияларын қолдану арқылы бақылау жүйесін құру міндетін бұған дейін Мемле­кет басшысы өз Жолдауында белгі­леген болатын.

Цифрлық трансформация аясында қолданыстағы ақпараттық жүйелерді шоғырландыру, сондай-ақ Бірыңғай мемлекеттік меди­ци­на­лық ақпараттық жүйені (БММАЖ) және медициналық дерек­­тер­дің бірыңғай қоймасы – Smart Data Healthcare жүйе­сін дамыту жос­парланып отыр. Атал­­ған плат­­форма денсаулық сақтау саласындағы қолданыс­тағы ақпараттық жүйелердегі (соның ішінде жеке медициналық ақпа­рат­тық жүйелердегі) мәлі­мет­терді бірік­ті­ріп, деректерге негізделген кешенді тал­дау, болжау мен басқару­шы­­лық ше­­шім­­дер қабылдауға мүмкіндік береді.

Азаматтарға бұл медициналық қызметтерді түсінікті ете түседі. Оларда өздерінің электрондық ден­сау­­­лық паспортына қол жеткізу, таға­йын­­дау­ларды, көрсетіл­ген қыз­меттер мен емдеу тарихын «дерек­терді пациенттің өзі бақы­лайды» қағидаты бойынша цифрлық форматта қадағалау мүмкіндігі пайда болады.      

Сервистерді ыңғайлы ету мақсатын­да барлық шешімдер QazTech плат­форма­сында орналас­тырылып, eGov жүйесімен бірік­тіріледі. Бұл аза­мат­тарға артық анықтамасыз немесе кезек­сіз, медициналық қызметке жылдам әрі оңай қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Денсаулық сақтау жүйе­сіндегі негізгі міндеттердің бірі – деректерді қорғау мен бұрмалаудың алдын алу. Меди­циналық ұйымдарда пациент­­тердің нақты келуін тіркейтін faceID тетіктері енгізілген. Енді оны екі тәсілмен: eGov Mobile қо­сымшасы ар­қы­лы немесе био­метриялық сәйкес­тен­діру көмегі­мен растауға болады.

Бұған қоса өткен жылдан бас­тап «Әлеуметтік әмиян» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Оның аясында азаматтар амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету шеңберіндегі кепілдендірілген дәрілік заттар пакетін ала алады. Қызмет 700-ден астам мемлекеттік дәріхананы қамтиды (17 млн рецептінің 13,9 млн-ы «Әлеуметтік әмиян» жобасының цифрлық тетігі арқылы рәсімделген).

Биыл бұл тәжірибені қосымша төлем тетігін пайдалана отырып, жекеменшік дәріханаларда да кеңінен қолдану жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, медициналық қызметтерге ваучер алу мүмкіндігін енгізу көзделіп отыр. Бұл азаматтар үшін медициналық көмек алу үдерісін одан әрі ашық әрі ыңғайлы етеді.

Цифрлық шешімдер кезең-кезеңі­мен енгізіледі. Негізгі мақ­сат – азамат­тарға нақты нәтиже ұсы­ну және дәрі­герлер мен жалпы денсаулық сақтау жүйесіне түсетін жүктемені азайту. 

Соңғы жаңалықтар