Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
37 жасында бақиға аттанған әйгілі Александр Пушкинді ресейлік әдебиетшілер: «Ол Сергей Есенин мен Михаил Лермонтовқа қарағанда «ақсақалдық» жасқа жетті ғой», деп әзілдейді екен. Осылайша, олар Есениннің – 30, Лермонтовтың 26 жасында бақилық болғанын тұспалдаса керек. Есениннің де, 29 жасында теңізге батқан ағылшын Перси Шиллидің де тағдыры – тұңғиық трагедия...
Жоғарыда айтқан ақындардың қай-қайсысы болсын, әдебиет әлемінде өз орнын қалдырғанына ешкімнің таласы жоқ. Әйтсе де, жиырма жасқа жетпей өз отына өзі күйген таланттар да аз емес. Олардың қатарында қазақ ақындары да баршылық. Өрнегі өзгеше таланттардың тауқыметке толы тағдыры кімді де болсын толғандырмай қоймаса керек.
Дара дарынымен ерекше көзге түскен соқпағы соны ақындардың бірі – Салтанат Абашева. Шынашақтай кезінен шымыр шумақтарымен дараланған ақын 20 жасында жарық жалғанмен қош айтысады деп кім ойлаған? Сүйегіне сөз сіңген, жүрегіне поэзия қонақтаған таланттың жырларынан өкініш пен өксіктің үні естілетіндей ме, қалай?
«Дауа болмай тірліктің құрғыр емі,
Өзегімді өкініш тілгіледі.
Жүрекке жол салсам деп жас қаламым,
Қолдан сусып кете ме, кім біледі?
Жарық та бір мен үшін, мола да бір,
Назы басым не демес нала көңіл.
Аңдаусызда атылған оқ секілді,
Осыншама келте ме ең, шолақ өмір?
Өзімді-өзім зерделеп ұғынғанша,
Жалған, жалған, жалт бердің бұрылғанша.
Өлмегенім сол менің – Жұрт көңілінде
Жан жүректі жалғыз жол Жырым қалса»,
деп жырлаған он тоғыз жастағы ақынның ішкі әлеміндегі астаң-кестең сезім сергелдеңі бізді де толғандырмай қоймайтыны анық.
Ақынның жанын нендей мұң тұмандай торлады екен? Ол неліктен «Осынша ма келте ме ең, шолақ өмір?» деп жырлады? Жауабы жоқ осы бір сауал біздің де жанымызға шоқ түсіріп, жүрегімізді тілгілей түсетіні ақиқат қой. Ол жиырмаға жетпей жатып өмір мен өлімнің мәнін ұғып қойды ма дейміз долбарлап. Кім білсін... Әйтеуір оның мұңға толы шумақтары бізді өз әлеміне тарта түседі.
«Аңсауменен жете алмай арманыма,
Ілінгем бе қасірет қармағына.
Кеткім келіп тұрады, өкпем кеуіп,
Өмір деген өзеннің ар жағына»,
дейді ақын тағы бір өлеңінде тағдырына өкпесін жасыра алмай.
Оның артында айтарлықтай көп өлең қалған жоқ. Біраз жыл бұрын табиғат тамыршысы атанған қазақтың ғажап ақыны Қуандық Шолақ қызының өлеңдері бастапқыда көңілінен шықпағанын да айтқан еді. Кім білсін, Салтанат ақын талғампаз әкесінен жасырып, талай жырын жыртып тастаған да болар. Алайда артында қалған он шақты жырының қай-қайсысы болсын жүрекке салмақ салатыны анық. Оның өткір өлеңдері оқырманның жүрегінен жол тапқанына да шүбәміз жоқ. Бірер жыл бұрын әкесі де келместің кемесін мінген еді...
«Көкірегіме қабылдап сайтан оғын,
Құрдымға ауып құмықты айтар әнім.
Дауа таппай жаныма дауыл күнгі,
Ескегі жоқ қайықтай шайқаламын.
Тұтамданып үміттің құлаш жібі,
Құлағыма қайғының ұласты үні.
Жирендіріп барады шындығы жоқ,
Әділетсіз өмірдің ластығы»,
деп келетін шумақтарынан Салтанаттың жанын әлдебір қайғының жегідей жегенін сезінгендей күй кешеміз.
Оның санасақ қос қолдың саусағындай ғана болатын өлеңдері сөмкесі мен шамаданының қалталарынан табылыпты. Ал бір-екі жыры 2007 жылы жарық көрген «Тұсаукесер» атты жергілікті жастардың өлеңдері топтасқан ұжымдық жинаққа енген екен. Соның бірі – жоғарыда біз атап өткен «Кеткім келіп тұрады» деген өлеңі. Тақырыбының өзі жүрекке салмақ салатыны анық...
«Қиын екен жетуі бақытқа адам,
Бермеді ме мұрша әлде уақыт маған.
Қаңқам кеуіп, сұлбасы сағымданған,
Бұл дүниеге сыймастан кетіп барам»,
деп басталатын жас ақынның шумағындағы әрбір тармақ сай сүйегіңді сырқырататыны сөзсіз. Кімге өкпеледі, неге налыды деген сансыз сауал көкейде іркіліп тұрып қалады.
Иә, бала күнінен өлеңнің тұнығынан қанып ішкен Салтанаттың жырлары расында да қуатты еді. Оны жоғарыдағы шумақтардың өзі де айқындап тұр ғой. Біздің жанымызға бататыны – оның фәнимен ерте қоштасқаны. Ал тағдыры – шешілмеген жұмбақ. Жауабы жоқ жұмбақты ешкім шеше алмайды...
Жамбыл облысы