Білім • 07 Қаңтар, 2026

Біртұтас бағдарлама бетбұрысқа негіз бе?

20 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Отандық білім жүйесі талай өзгерісті өткерді. Қанша реформа қолға алынса да барлығы дерлік білім сапасын көтеруді көздеді. Мұның соңы неге апарды? Көзіміз көріп отырғандай, тәрбие оқытудың көлеңкесінде қалып қоя берді. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында мемлекеттік білім ұйымдарында «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы енгізілді. Биыл бағдарлама өркен жайып, өткен қыркүйектен жекеменшік балабақша, мектеп, колледждерге де оқу-тәрбие үдерісін осы құжаттың негізінде жүргізу міндеттелді.

Біртұтас бағдарлама бетбұрысқа негіз бе?

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Сабақтан тыс емес тәрбие

Біртұтас тәрбие бағдарла­масы туралы 2023 жылы айтыла бастады. «Мемлекет бас­шы­­сының тапсырмасы бойын­ша алғаш рет білім ұйым­дары­­на енгізілген Біртұтас тәр­бие бағдарламасының мақ­саты – жал­пыадамзаттық және ұлттық құндылықтар негізін­де тәр­бие­ленген адал азамат қалыптастыру», делінген еді. Министрлік 2 жыл бұрын бағ­­дар­­ламаны ақырындап сы­нақ­тан өткізуді бастағанда елор­дадағы қарапайым мектеп бұл бас­таманың алғашқы нәти­же­сін көріп үлгерген еді. Се­бебі олар осыған ұқсас бағ­дар­лама негізінде өз ұстаным­дарын бекітіп, енгізді. Сол сәтті ес­ке алған Астана қаласы №8 мек­теп-лицейінің дирек­торы Гүлнұр Ерсайынқызы бі­лім сапасының артуы тәрбиеге тіке­лей тәуелді екенін жеткізді. 

«Алғаш осы бағдарламаны қолға алғанымызда мекте­біміз­дің білім сапасы көз қуантар­лықтай болмады. Соның себебін анықтау үшін арнайы зерттеу жүргіздік, оқушылардан сауалнама жинадық, бақылау жаса­дық. Аңдасақ, тәртіп нашар, мұғалімнің оқушыға сенімі мен өзара құрметі төмен, балалардың бізден жылулық сезбейтіні ай­қын көрінді. Осының шеші­мін жан-жақты іздеп, тиімді жұмыс істейтін «Құн­дылыққа негізделген білім беру» жобасымен 20 мұға­лім оқыды. Олар кейін басқа әріптестерімен тәжі­рибесін бөлісті. Сөйтіп, өз тұ­жырымдамамызды қалыптас­тырып, соның негізінде тәрбие жұмысы сабақтан тыс уақытта емес, тура сабақ үстінде жүргіз­генде нәтижелі болатынына көз жет­кіздік. Ең бастысы, бүгінгі альфа, бета ұрпақты мейірім­мен тәрбиелеу мектеп ұжымының да, ата-ананың да, бәрінен маңыздысы оқушылардың ішкі жай-күйін тыныштандырып, оқу үлгерімін жақсартатынын дәлелденді. Бірінші кезде бала­лар­ды жылы шыраймен, әр­қай­сы­сының тек жақсы қасиетін кішкене ақ қағазға жазып қарсы алғанда әрдайым көңіл жетпей әдепсіздік, бұзықтық көрсе­тіп жүретін оқушылардың өзі мектепке жүзіне күлкі үйірі­ліп кірді, жүрегіне сенім ұя­лай бастады», дейді директор Г.Ерсайынқызы.

Ұйым басшысының әңгіме­сін әрі тыңдап, әрі мектепті аралап жүрміз. Қай сыныпқа бас сұққанда да оқушылардың ұлт­тық киім кигенін байқай­сың. Бұл – олардың кәдімгі мектеп формасы. Лицей дегенде жаратылыстану бағытында тереңдетіп оқытатынын, сол себепті мектептің ішінде биология, химия, физика, математика әлемі «сөйлеп тұратын» мектеп көз алдыңа келеді ғой. Ұлттық құндылықтар, соның ішінде фольклор, мәдениет құдды гуманизм­мен ғана біте қайнасқан дүние секілді көрінеді. Ұлты­мыз­дың бай мұрасын тек мем­ле­кеттік, одан қазақтілді оқу ошақ­тарындағы ұрпағымыз ғана емес, барлық ұлт өкілі бо­йына сіңіріп өссе дейсің... Сондай сезім­мен елордадағы аралас тілде білім беретін мектепке бардық.

 

Құндылықты сіңірген аралас мектеп

№37 мектеп-лицей директо­рының тәрбие ісі жөніндегі орын­басары Күләш Есалиқызы 3 мыңнан аса оқушысы бар мектепте кез келген өзгерісті енгізу, жаңа жүйені еңсеру оңайға соқпайтынын айтады. Дегенмен кәсібилік пен ата-ана арасындағы байланысты нығай­ту көп жұмысты жеңілдеткен.

«Біз «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасын былтыр­ғы оқу жылынан бастап қол­ға алдық. Ол кезде, әрине, қиын­дық­тар болды. Өйткені біздікі – аралас мектеп. Бірақ сол қиын­дықтарға қарамастан, ең бірінші бағдарламаны тәрбие үдерісіне, одан кейін ақырындап оқу барысына енгіздік. 9 айдағы оқу жылында құндылықтар әр айға бөлінеді, апта дәйексөзі беріліп, бұл сөз жүзінде қалып қоймай, пәнге енгізіліп, тақырыппен байланыстырылып отыр. Мұн­да ұлтымыздың әдебиеті, мәде­ниеті, өнері, тұрмысы көрініс табатын біркелкі безендірудің өзі қазақы тәрбиені оқушылар­дың бойына сіңіреді. Бағдарлама­ны мектепішілік төл жобамыз арқы­лы енгізуіміз жұмыстың жемісін көруге септігін тигізеді. «Пайдалы 15 минут» деп аталатын жобамызда баланың сабақ уақытын ұрламай, тәрбие беру­дің кілтін таптық. Осы пайдалы 15 минутта әр сыныптың жетек­шісі өз оқушыларына әр айдың құндылығына сай интеллектуалды ойын ұйымдастырады», деді К.Есалиқызы.

Дәл осы тұста мектеп өкілі­нен «Білімнің нәтижесін емтихан алып көре қоямыз. Ал тәрбие – өте нәзік тақырып. Оның нәтижесін дәл өлшеу, көрсеткішін анық көру қиын. Осы бағдарламаның нәтижесін сіздер қалай көріп отырсыздар?» деп сұрадық. Сонда №37 мектеп-лицей директоры­ның орынбасары: «Балалардың жүріс-тұрысы, тәртібі, мәде­ниеті, сөйлеу мәнері, бізге, өзіне, құрдастарына қа­рым-қатынасы жақсы жағына өз­герді. Қандай да бір себеппен емес, жай факті ретінде айтайын, мен орыс тілін жетік білмеймін, бұрын өзіміз амандасып, сәлемін күтіп тұрғанда орысша жауап қайыратын орыс сыныбының балалары қазір бізбен бірінші өздері «Сәлеметсіз бе, қалайсыз?» деп сәлемдеседі. Елжіреп қаласың. Бұл – осы сіңіріп жатқан құндылықтардың нәтижесі», деп жауап берді.

 

Үштік одақтың жетістігі

Біз материалды әзірлеу барысында 10 шақты білім ұйымын (балабақша, мектеп) араладық. Сонда түсінгеніміз, аталған бағдар­лама енгізілгелі білім ұясы мен ата-ана арасындағы байланыс бұрынғыдан әлдеқайда нығая түскен. Мұны әңгімеге тартқан барлық спикеріміздің сөзінен естідік. Мысалы, мектептер мен балабақшаларда ана­лар, әкелер, аталар, әжелер мек­тебі бар. Бұл бастама аясын­да обасында тәрбиеге ықпал ететін тұлғалар келіп, балаларға шеберлік сағатын өткізіп, қызық тәжірибесін бөліседі. Мысалы, №37 мектептегі әр айдың екінші дүйсенбісінде өтетін әкелер сағаты ерекше әсер қалдырады. «Қазір қоғамда әкесіз өсіп жат­қан бала көп. Сондықтан біз әкелерді жинадық, әкелер кеңесі өтеді, әкелер аллеясын аштық. Әкелер сағатына әкесіз өсіп жатқан балаларға өміріне сабақ боларлық әңгіме, өсиет айтуға шақырамын. Жұмыстан уақытын бөліп келеді, жауапкершілікпен қарайды, өзінің кәсібі туралы айтады, кедергілерді жеңіп, сынақтарда сынбау туралы сыр-сұхбат құрады. Балалар әкені жібермей ұзақ ұстайтын кездері де болады», дейді К.Есалиқызы.

Ата-анамен байланыстың бекігенін №94 балабақшаның әдіскері Гүлбала Нұрланқызы да растап отыр. Бағдарлама енгі­зіл­гелі қолға алынған әкелер мектебінде балалар қамшы өру­ді үйренсе, аналар шаш өрімі­нің түрлерін көрсетеді, аталар бата жаттатып, әжелер ертегі айтып береді екен. «Осы бағ­дарлама қолға алынғалы ата-ана­лардың бала тәрбиесіне етене араласа бастағанын байқадық. Мектеп жасына дейінгі бала­ның негізгі әрекеті – ойын. Біз мектепке, қоғамға бейімделген, қара­пайым өмірге қажет дағ­ды­ларды меңгерген баланы дайын­дап беруіміз керек. Осы­ған орай бағдарлама бойынша жүргізілетін жұмыстар да бала­лардың жас ерекшелігіне қарай ойын, ертегі, кейіпкер түрінде ұйымдастырылады. Атал­ған бағдарламаны іске асыра бастаған үш жылда ата-ана, балабақша, бала дей­тін үштік одақ арасындағы ынтымағымыз артты. Екіншіден, министрлік бізге бір жылға дайын жоспарды берді, өте ыңғай­лы, әр күні қандай ертегі, тақпақ, әңгіме, ән, жаңылтпаш, жұмбақ керек екенін ашып көре аламыз. Түйіндей келгенде, бағдарлама арқылы біз ұлттық құндылық­тың негізін қаладық», дейді Г.Нұрланқызы.

Иә, бала ең алдымен тәрбиені отбасынан алады. Сол себепті де ата-ананың бала өміріне, тіпті балабақша мен мектептегі өміріне де бейжай қарамауы маңызды екені анық. Дегенмен ата-ана болуды өмірден өзге ешкім оқытпайды, бұл ретте бала­ның сапалы білім алуына септесетін демеу түрлерін пе­дагог оқушысының отбасына түсіндіріп отырса, нәтиже шығары сөзсіз. Бұған жету үшін де ата-анаға білімін жетіл­діру керек. Осыған орай 2023 жылы «Адал азамат» бағдар­ламасы аясында елдегі бар­лық мектепте ата-аналарға педа­гогикалық қолдау орталықтары іске қосыл­ды. Бүгінге дейін 1,1 млн-нан астам ата-ана пе­дагогикалық қолдау көрсе­ту орталықтарының көмегі­не жүгініпті. Орталықта ата-аналарға арнайы дайын­дықтан өткен педагогтер мен психологтер дәріс береді.

«Ата-ана бала өмірінің бір бөлігіне айналғанда, бала қолдау мен сенімділікті сезіне­ді. Осындай сенімді қарым-қаты­настан эмоционалды жағынан тұрақты, бақытты бала мен үйле­сімді отбасы қалыптасады», дейді Оқу-ағарту министрлігіне қарасты «Өркен» Балалардың әл-ауқатын арттыру ұлттық ғылы­ми-практикалық институты» КеАҚ президенті Елена Сәкенова.

Орталықта дәріс алушылар арасында сауалнама жүргізілген, нәтижелері ата-аналардың балаларымен қарым-қатынасының жақсарғанын көрсетіп отыр. Зерттеу сұрақтарына жауап берген ата-аналардың 72,6% балаларымен күнде сөйлесе бастағанын, 89,6% қиындықтарға дер кезінде жауап беріп үйренгенін, 78% баланың ортасын жақсы тани түскенін алға тартқан. Әрбір екінші ата-ана тәрбиелеу тәсілін қайта қарауға дайын, ал шамамен үштен бірі балалардың оқу және мәдени дамуына бел­сенді қатысуға дағдыланғанын айтады.

Соңғы жаңалықтар

Жасанды интеллект құрылысқа жат емес

Жасанды интеллект • Бүгін, 09:55

Әскер беделі – ел беделі

Әскер • Бүгін, 09:45

Қайырымды азаматтардың демеуі

Аймақтар • Бүгін, 09:40

Егінді «AgroSky» бақылайды

Технология • Бүгін, 09:35

Сингулярлық кезең

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 09:30

ЖИ-ді қолдану қауіпсіз бе?

Жасанды интеллект • Бүгін, 09:20

«Шыны мақтадан» табыс тапқан

Өндіріс • Бүгін, 09:15