Экономика • Кеше

Елімізде зейнетақы мен жәрдемақы мөлшері көбейді

70 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

1 қаңтардан бастап мемлекеттік жәрдемақылар мен базалық және ынтымақты зейнетақылардың мөлшері Ұлттық Банк айқындайтын инфляцияның болжамды деңгейіне сәйкес 10%-ға артты, деп жазады Egemen.kz.

Елімізде зейнетақы мен жәрдемақы мөлшері көбейді

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2023 жылдан бастап бес жыл ішінде ең төменгі базалық зейнетақыны ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-на дейін, ал ең жоғарғысын 120%-ға дейін жыл сайын кезең-кезеңімен арттыру мәселесі жүзеге асырылып жатыр.

Мәселен, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері 35 596 теңгені (ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ы), ең жоғары мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 110%-ынан 118%-ына дейін артып, 60 005 теңгені құрайды.

2019 жылы зейнеткерлік демалысқа шыққан 70 жастағы зейнеткердің бюджеттен төленетін зейнетақысының мөлшері 2025 жылы 171 588 теңгені құраған, оның ішінде базалық зейнетақы төлемі – 50 851 теңге, ынтымақты зейнетақы – 120 737 теңге. 2026 жылғы 1 қаңтардан мөлшердің көбеюіне байланысты осы зейнеткерлер үшін зейнетақының жалпы сомасы – 192 816 теңгеге дейін ұлғаяды, оның ішінде базалық зейнетақы – 60 005 теңгені, ынтымақты зейнетақы – 132 811 теңгені құрайды. Аталған сомаларға Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) төлемдері кірмейтінін атап өткен жөн.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегінше, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік жәрдемақылар төмендегідей мөлшерде көбейеді: 

  • 1, 2, 3 бала туғанда берілетін жәрдемақы – 149 416 теңгеден 164 350 теңгеге дейін, 4 және одан да көп бала туғанда – 247 716 теңгеден 272 475 теңгеге дейін көбейеді;
  • бала санына байланысты көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы мөлшері 4 баласы бар отбасылар үшін 63 030 теңгеден 69 330 теңгеге дейін, 10 баласы барларға – 157 280 теңгеден 173 000 теңгеге дейін артады;
  • I топтағы мүгедектігі бар адамдарға арналған жәрдемақы – 101 702 теңгеден 111 872 теңгеге дейін, II топтағыларға – 81 362 теңгеден 89 498 теңгеге дейін, III топтағыларға – 55 474 теңгеден 61 021 теңгеге дейін көбейеді.

Сондай-ақ Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) төленетін асыраушысынан айырылу және еңбек ету қабілетінен айырылу бойынша төлемдер де 10%-ға артты. Бұл төлемдер міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға бюджеттен төленетін мемлекеттік жәрдемақыларға қосымша ретінде беріледі.

Соңғы жаңалықтар