Бірінші Абайға жүгінеміз. Данамыз: «Егерде есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәртебе, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір өзіңнен өзің есеп ал!» дейді. Бүгін де ел, мемлекет, қоғам, ұжым, отбасы-әулет болғаннан кейін сіз бен бізден жоспар-жоба сұралады. Мәселе – ар алдындағы есепте. Абайды «бас ақын» деген Ахмет Байтұрсынұлы елдік іске қатысты бір ойын: «Жиылғандар құр сан көбейту үшін емес, жұмыс істей білетін, жол айтып, жөн сілтеуге жарайтын білімді көсемдер болмақ керек. Жалғыз қазақ халқы емес, басқа да жұрттардың да жай-күйімен таныс, басқа жұрттардың ісінен үлгі табарлық мағлұматы мол кісілер болуға тиіс. Ондайлар оқыған адамдардан шықпақшы» деп түйіндейді. Осы пікір есепке қиғаш па?
Екінші тәжірибеге табан тіреп, бар-жоқты түгендейміз. Өзімізді естілер қатарында көргіміз келсе, сан мен сапаны, жете мен жітіні, мәлім мен тәлімді анықтауымыз шарт. Мысалы, жайқалтып жайлы мектепті (келешек мектебі) салып тастадық. Мемлекет басшылығы қаржысын тапты, жігерін де аямады. Енді оны сапаландыру, бәсекеге қабілетті ету – мектеп ұжымы мен қоғамының (ата-аналар) міндеті. Айталық, автожол түзелді. Соның үстінен алапат тонналық жүк мәшинесін немесе шынжыр табан техника жүргізбеуді қатаң бақылаған жөн. Қалаларда жыл сайын саябақ, гүлзар маңайы бағалы тастармен мәрмарланып жатады. Қыста қар тазалайтын техника соны сындырып, бүлдіріп кетеді. Мұны да қадағалау қоғамның сергектігіне байлануы қажет.
Өткен жыл соңында Мемлекет басшымыз ресми сапармен Жапонияға барды. Император Нарухито мен Премьер-министр Санаэ Такаичиден бастап, Таң шапағы елінің мемлекет қайраткерлерімен, іскер азаматтарымен, жаңа технология көшбасшыларымен кездесті, кеңесті, шынайы дидарласты. Сөйтіп, халықаралық «Орталық Азия + Жапония» саммитінің жоғары деңгейде өтуіне күш-жігер жұмсады. Кездесу нәтижесі елімізге жалпы сомасы 3,7 миллиард доллардан асатын қомақты келісім болып қайтты. 2024 жылы еларалық сауда көлемі 2 миллиард долларға жетіпті. Қазақстан Жапония нарығына уран, сирек кездесетін металл, мұнай жеткізсе, Таң шапағы елі – Ұлы дала елі экономикасының негізгі инвесторының бірі. Осы мемлекеттің Қазақстанға құйған қаржысы 8,5 миллиард доллардан асқанын айта кету керек.
Қазақ елі Президенті ресми сапарын рәміздік нысаннан бастады. Император Мэйдзи (қазақша «Ағарған билік») ғибадатханасына аялдап, Күншығыс елі билігі даналығына құрмет көрсетті. Жапонның 122-императоры Муцухито осы мемлекетті 1867–1912 жылдары билеп, елін биікке көтергені мәлім. Оның тұсында нихон (жапон) ұлты толық ағарды, Еуропамен теңесіп, монархиялық әділет орнады. Салыстыра қарасақ, Муцухито қазақ тарихындағы екі тұлғаның – «Жеті Жарғыны» жүйелеп, ұлтты ұйыстырған Тәуке хан мен отаршылдарға кеткен жерімізді қайтаруға күш жұмсап, халқын Батыс үлгісінде ағартуды армандаған Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның тұтасқанындай әсер қалдырады.
Тарихта «Мэйдзи реставрациясы мен реформасы» – тайға таңба басқандай ұғым. Ол Жапонияның ағарған императоры 1868–1889 жылдары саяси, әскери, әлеуметтік-экономикалық кешенді реформалар (жалпы білім алу, сапалы әскер жасақтау, өнеркәсіп пен транспортты дамыту, Конституция қабылдау) жүргізіп, сёгунат пен жік жүйесін жойып, отаршылдыққа тосқауыл қойғанын, елді сәтті жаңғыртқанын дәлелдейді.
Осы өзгеріс әсері қиырдағы Қазақ еліне қалай әсер етті? Алаш кезеңінде Х.Досмұхамедұлы, Р.Мәрсекұлы, С.Торайғырұлы, М.Әуезов, С.Садуақасұлы, т.б. жапандағы Жапон тәжірибесіне жіті назар аударғанын байқаймыз. Олар нихон жастарының Еуропада кәсіби білім алуын, береке-бірлігі мен елшілдігін, ерік-жігері мен жаңа технологияны құлшына меңгеруін үлгі-өнеге етті.
Жапония сапарында Президент Қ.К.Тоқаев: «Адам капиталы – дамудың басты қозғаушы күші. Жапония бұл формуланың дұрыстығын нақты дәлелдеді. Адамға, еңбекке құрмет, ұдайы жетілу, өмір бойы оқу, өскелең ұрпаққа білім беру – сіздің мемлекеттің артықшылығы» дей келе, Қазақстанда Таң шапағы елі университеттерінің филиалын ашуды ұсынды.
Қасым-Жомарт Кемелұлы цифрлық трансформация мен жасанды интеллект идеясын жүзеге асыруды мемлекеттік деңгейде қолға алып жатқаны белгілі. 2025 жылы Астанада «Аlem.ai» халықаралық жасанды интеллект орталығы ашылып, америкалық технологиялар базасында екі суперкомпьютер іске қосылды. 2026 жылы өнеркәсіп, мемлекеттік сектор, әлеуметтік қамсыздандыру, білім салаларын цифрландыру бағытында «Digital Qazaqstan» стратегиясын орындау жоспарланып отыр. Бұл – Қазақстанның жаһандағы жаңа үні. Мемлекет басшысы Жапонияның осы салаға жауапты тұлғаларымен кездесуінде интеллект саласында серіктестік орнату бастамасын дәйекті қолдайтынын және жаңа платформаны Орталық Азиядағы ең ірі ІТ-стартап «Astana Hub» пен заманауи инфрақұрылымы мен экожүйесі бар «Аlem.ai» орталығында орналастыруға даяр екенін жеткізді.
Иә, бүгінгі жаңарудың өзегі – заманауи технология. «Жол мұраты – жету». Бұйырса, жұрт болып жұмылып, бұл асуды да игереміз.