Фото: Ерлан Омар|egemen.kz
Талап қоюшы өз өтінішінде күнделікті тұрмыстық қажеттіліктері мен дәрі-дәрмекке тұрақты шығындары бар екенін алға тартып, қызының тарапынан материалдық қолдау көрсетілмейтінін көрсеткен.
Алайда сот істі қарау барысында «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодекстің 145-бабының талаптарына сәйкес, кәмелетке толған балалар тек еңбекке жарамсыз әрі нақты көмекке мұқтаж ата-аналарын ғана асырауға міндетті екенін назарға алған.
Іс материалдарына сәйкес, талап қоюшының ай сайын 128 229 теңге көлемінде зейнетақы алатыны, сондай-ақ оның жылжымайтын мүлкі мен жеке автокөлігі бар екені анықталған. Сонымен қатар оның ем-домға тұрақты әрі дәлелденген үлкен шығындары туралы құжаттар сотқа ұсынылмаған.
Жауапкер ретінде тартылған қызы өз кезегінде екі баланы жалғыз тәрбиелеп отырғанын, табысының төмен екенін айына 85 мың теңге жалақы алатынын және отбасылық жүктемесі жоғары екенін айтып, талаппен келіспеген.
Сот сондай-ақ талап қоюшының материалдық жағдайы өмірлік қажеттіліктерін өтеуге жеткілікті екенін, ал қосымша көмекке мұқтаж екендігі нақты дәлелденбегенін атап өтті. Бұдан бөлек, тараптар арасындағы бұрыннан қалыптасқан келіспеушіліктер де даудың ушығуына әсер еткені көрсетілген.
Батыс Қазақстан облысында алимент төлемеген борышкер бас бостандығынан айырылды
Барлық мән-жайды ескере отырып, сот талап қоюшыны заңнамада көрсетілген «көмекке мұқтаж» санатына жатқызуға негіз жоқ деген қорытындыға келіп, талапты қанағаттандырудан бас тартты.
Сот шешімі заңды күшіне енді.
Еске сала кетейік, Мәжіліс нотариат саласына бағытталған заң жобасына өзгертулер енгізді. Заңға енгізілген түзетулерге сәйкес, азаматтарға алимент қаражатын қабылдау үшін банкте арнайы бөлек шот ашу мүмкіндігі беріледі.
Жанбота БАХЫТБЕК,
ЕҰУ студенті